Орта жол дәлізі: тиімді әрі тартымды

Сұхбат
11.02.2025, 08:29
Суреттерді түсірген автор
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе Орта жол дәлізі Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаһандық логистикалық тізбектегі маңызды буынға айналуда. Осы стратегиялық дәліздің ағымдағы жайкүйі, даму перспективалары және негізгі жобалары туралы «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» (ТХКБ) халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов әңгімелеп берді.

– Гайдар Серікәліұлы, Транскаспий маршрутына қандай көлік түрлері қатысады? Бұл бағдарды басқа көлік дәліздерімен салыстырғанда пайдаланудың негізгі артықшылықтары қандай? 

– Тасымалдауды біздің қатысушылар теміржол арқылы, сондай-ақ Каспий теңізі бойынша паромдар мен фидерлік кемелермен жүзеге асырады. Егер біз ТХКБ-ны балама теңіз маршруттарымен салыстыратын болсақ, онда біздің артықшылығымыз әрине жүктерді жеткізу уақытында. Мәселен, Қытайдан Түркияға Орта дәліз бойынша жүктерді жеткізудің орташа уақыты шамамен 19-20 күнді құраса, теңіз жолдары 35-45 күнді алады. Сонымен қатар біздің бағдар стратегиялық ойлайтын Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасында әртараптандырылған жеткізу тізбегін құратын жүк иелері үшін жақсы опция болып табылады.  

– ТХКБ дәлізіндегі Қазақстан рөлі қандай?  

– Қазақстанның транзиттік әлеуеті Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша тасымалдауларда маңызды орын алады, оның ішінде экспорт (мұнайды қоса алғанда) жалпы тасымалдау көлемінің 80%-нан астамын құрайды. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік хаб болып табылады. 2024 жылы Қытайдан шығып, Қазақстан арқылы транзитпен өтетін контейнерлік пойыздар саны 35 есе артты. Қазақстан арқылы Қытайды, Орталық Азияны, Каспий аймағын, Түркияны және Еуропаны байланыстыратын негізгі құрлықтық және теміржол бағыттары өтеді. Осыған байланысты Қазақстан өз көлік инфрақұрылымын, оның ішінде порттар, теміржолдар мен логистикалық орталықтарды дамытуда, бұл өз кезегінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарының нығаюына септігін тигізуде.  

– Маршрут бойынша өткен жылдардағы жүк ағынын қалай бағалайсыз және бағдардың тиімділігін арттыру үшін қандай инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда?  

– Қазіргі таңда Орта дәліздің өткізу қабілеті 6 млн тоннаға тең. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Орта жол дәлізі арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жыл сайын жүк тасымалында оң динамика байқалуда. Көрсеткіш көтеріңкі. Жалпы Транскаспий халықаралық көлік бағдары белсенді дамып келеді, бұл баламалы бағыттарға қызығушылықтың артып отырған жағдайындағы құбылыс. Маңыздысы, ТХКБ-ға қатысушы барлық елдердің мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуі, ТХКБ-нің табысты жұмыс істеуі мен әрі қарай өсуіне негіз болады. Ал аталған маршруттың тиімділігін арттыру үшін елімізде Достық – Мойынты теміржол желісін салу, Алматыны айналып өту және Ақтау портында контейнерлік хаб құру сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар бағыттың өткізу қабілетін едәуір арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен қатар ТХКБ тиімділігін арттыру және жақсарту аясында Сиань қаласының құрғақ портында (ҚХР) қазақстандық мультимодальды терминалдың құрылысы және Баку – Тбилиси – Карс теміржол желісінің (БТК) өткізу қабілетін жаңғырту және арттыру жөніндегі жұмыстар аяқталды, сондай-ақ Поти портындағы контейнерлік терминалдың құрылысы басталды. Бұдан басқа Ақтау портында контейнерлік хаб салу, сондай-ақ қазақстандық тараптың Құрық пен Баку порттары арасында жүретін өз паромдарын салу жоспарлануда.

Әзірбайжанда Баку портының 2-ші фазасының құрылысы жүріп жатыр, құрғақ жүк айлағы мен порт станцияларының өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Әзірбайжан темір жолдары үшін вагондар паркін тарту жоспарлануда, Алят – Бейюк – Кясик учаскесінде темір жолдарды жаңғырту белсенді жүріп жатыр. Грузия тарапы асу теміржолын жаңарту жұмыстарын аяқтап, 2025 жылдың соңына дейін маршрутта өткізу қабілетін арттыруға арналған қосымша локомотивтерді сатып алуды жоспарлап отыр. ТХКБ-ға қатысушы елдер сонымен қатар цифрландыруға көп көңіл бөліп, цифрлық технологияларды белсенді енгізуде. Бұл сервисті жақсартып, процестерді жеделдетуге және кедендік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді, осылайша жүк жөнелтушілер мен логистикалық компаниялар үшін маршрутты тартымды ете түспек.

– ТХКБ-дағы қазақстандық өткелдер, теңіз порттарының рөлдері, олардың көрсеткіштері туралы толығырақ баяндап берсеңіз.  

– Ақтау және Құрық порттары ТХКБ үшін стратегиялық маңызды рөл атқарады, олар Қазақстанның батыс қақпасы болып табылады. Ақтау порты контейнерлерді, мұнай өнімдерін және жалпы жүктерді қоса алғанда, едәуір көлемде жүк өңдейді. 2017 жылы ашылған Құрық портындағы паром кешені Қазақстанның Каспий теңізіндегі жүк өткізу қабілетін едәуір арттырды. Бұл екі порт бірлесіп жылына 140 мың ЖФЭ контейнерді өңдей алады, бұл оларды ТХКБ тізбегіндегі негізгі буындар етеді. Қытаймен шекарада орналасқан Алтынкөл және Достық сияқты құрлықтық өтпелер де маңызды, олар Қазақстанның шығыс қақпасы қызметін атқарып, Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз етеді. Қазақстанның өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін Аягөз бен Қытайдың Тачэн арасындағы үшінші теміржол желісін салу жоспарда бар, бұл Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі позицияларын нығайтып, барлық маршруттардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.  

– ТХКБ-ның басқа көлік дәліздеріне бәсекелестігін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірнеше негізгі қадамдар жасалуда. Әсіресе кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, тауарлардың транзит үрдісі жылдамдатылады. Цифрлық технологияларды енгізу, құжаттарды автоматты түрде рәсімдеу және электрондық форматта толтыруды жақсартып, жүктің өңдеу уақытын қысқартуға және бүкіл процестің айқындығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар порттар мен теміржолдардың өткізу қабілеті белсенді түрде арттырылып, бұл үлкен көлемдегі жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді және жеткізу мерзімдерін қысқартады. ТХКБ артықшылықтары айқын. Біріншіден, Суэцк каналы арқылы жүретін теңіз маршруттарымен салыстырғанда жеткізу мерзімдері қысқа, бұл тез тасымалдауды қажет ететін тауарлар үшін өте маңызды. Екіншіден, ТХКБ дәстүрлі маршруттарға балама. Әсіресе геосаяси жағдайлардың өзгеруі жағдайында бұл логистикалық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік беруде. ТХКБ сондай-ақ Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына интеграцияланған, бұл инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялар тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар еуропалық бағдарламалар, мысалы Global Gateway, ТХКБ-на қызығушылық танытып, Еуропа мен Азия арасындағы инфрақұрылымдық және сауда байланыстарын дамытуға күш салып жатыр. Бұл ТХКБ-нің халықаралық логистикадағы орнын нығайту және өсу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.  – Гайдар мырза, ТХКБ бағдарына қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастық және оның аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және де маршрутты дамыту барысында кездесіп отырған кедергілерді жою үшін қандай шаралар қабылданған?  

– ТХКБ бүгінгі таңда 11 мемлекетті қамтиды, олар: Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Қытай, Түркия, Украина, Польша, Румыния, Болгария, Литва және Сингапур. Бұл ынтымақтастық аясында үнемі жұмыс кездесулері өткізіліп, маршрутты дамыту мәселелері, оның ішінде тарифтік саясатты оңтайландыру, инфрақұрылымды жақсарту, кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдету мәселелері талқылануда. Тарифтерді бірлесіп әзірлеу тасымалдау құнын төмендетуге және бизнестің болжау мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – контейнерлік пойыздарды және жалпы жүктерді өткізу бойынша келісімдер әзірлеу және енгізу. Бұл бірнеше елдер арқылы транзитті айтарлықтай жеңілдетіп, жеткізу уақытын қысқартады. Ал ТХКБ-ның дамуында кездесетін негізгі қиындықтар – порттардың өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі, мекемелер арасындағы координацияның қиындықтары және басқа көлік дәліздерімен жоғары бәсекелестік. Алайда бұл қиындықтар белсенді түрде шешілуде. Инфрақұрылымды жаңғыртуға едәуір қаражат бөлініп, бұл өткізу қабілетін арттырып, тасымалдау сапасын жақсартуға ықпал етеді. Цифрлық технологиялардың енгізілуі логистиканы икемді әрі тиімді етуге және қатысушы елдер арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен қатар ТХКБ елдері ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен бастамаларды әзірлеп, маршруттың жұмысын оңтайландыру мақсатында келісімдерге қол қоюды жалғастыруда. Әрбір қадаммен ТХКБ бәсекеге қабілетті әрі тиімді рөлде басымдыққа ие болып келеді, бұл бизнестің жаңа мүмкіндіктерін ашуға және халықаралық байланыстарды жақсартуға ықпал етері анық.  

– Әңгімемізді ТХКБ-ның алға қойып отырған жоспарларымен түйіндесек...  

– 2025 жылға арналған жоспарлар орасан зор. ТХКБ арқылы жалпы тасымалдау көлемі 4 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Әсіресе контейнерлік тасымалдауларда оптимистік перспектива байқалады, 96 мың ЖФЭ контейнерді тасымалдау болжанып отыр, бұл өткен жылғы нәтижелерден екі есе көп болмақ. Біз инфрақұрылымның тұрақты дамуы мен өсуіне сенімдіміз, өйткені бұл алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге және көлік дәлізінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

 

Жолаушылар тасымалы
22.03.2026
Наурыз мерекесіне орай безендірілген пойыздар елордадан Шымкент пен Көкшетауға жолға шықты
Жаңалықтар
22.03.2026
Талғат Алдыбергенов теміржолшыларды Наурыз мерекесімен құттықтады
Жолаушылар тасымалы
21.03.2026
«Jibek Joly» пойызы алғаш рет Душанбе қаласына дейін ұзартылды
Жаңалықтар
21.03.2026
ҚТЖ теміржол тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жетекші орын алады
Жаңалықтар
20.03.2026
Ақмола облысында теміржол инфрақұрылымының су тасқынына дайындығы тексерілді
Темір жол тарихы
20.03.2026
«Алтын кітап» қорына енді
Жаңалықтар
20.03.2026
ҚТЖ мен Huawei теміржол тасымалына ЖИ қолдану арқылы озық технологияларды енгізуді талқылады
Спорт
20.03.2026
«NAURYZ FEST»: Ұлттық өнер сайысы
Инфрақұрылым
20.03.2026
Стратегиялық маңызы бар бекеттердегі жөндеу жұмыстары
Спорт
20.03.2026
Тоғызқұмалақтан асық атуға дейін...
Жаңалықтар / Мұрағат
20.03.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №21 20 наурыз 2026 жыл
Жаңалықтар
19.03.2026
ҚТЖ басшысы ҚХР технохабтарында болды
Әлемде
19.03.2026
Қытайда теміржол көлігіндегі инновациялар бойынша 10-шы жастар байқауы өтті
Инфрақұрылым
19.03.2026
Қызылорда және Ақтөбе теміржолшыларының бірлескен жұмысы нәтиже беруде
Әлеумет
19.03.2026
Өмір сыйла: ҚТЖ-да Донор күні өтті
Әлемде
19.03.2026
РЖД екі метрлік сөрелері бар яхта стилінде жасалған купе вагонын таныстырды
Жаңалықтар
19.03.2026
Астанада ТХКБ, ЭЫДҰ стандарттары және RES 2026 мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
18.03.2026
Алматы айналма желісінің жобасы ХҚК марапатына ие болды
Жолаушылар тасымалы
18.03.2026
Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша пойыздар шығады
Жаңалықтар
18.03.2026
Қазақстанда жүк вагондарын тіркеудің жаңа қағидалары күшіне енді