Оғыз-қорғанда өткен еді...

Темір жол тарихы
14.05.2020, 12:57

Түрксіб темір жолының ашылуы 1930 жылы кеңес еліндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болғаны анық. Сол айтулы оқиғаға 90 жыл толып отыр. Ұлы құрылыстың оңтүстік және солтүстік тармағы түйісуінің салтанатты шарасы өткен Жетісу жеріндегі Айнабұлақ станциясы ертеде Оғыз-Қорған деп аталған екен.

Сол Оғыз-Қорғанда өткен салтанатты митингте РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, Қазақстан ХКК төрағасы О. Исаев, Башқұрт ОАК төрағасы Т.Ш. Шафиков, Коминтерн Атқару комитеті президиумының мүшесі Сен-Катаяма, сондай-ақ Семейдегі Қытай Бас консулы Мо-Вей-Тун қатысып сөз сөйлегені айтылады. КСРО-ның түкпір-түкпірінен тілшілер, оның ішінде «Гудок» газетінің өкілі Илья Ильф пен Евгений Петров келді. Олардың әйгілі «Алтын бұзау» романында Түрксіб «Шығыс магистралі», ал түйісу орны - «Даңғырлақ бастау» деп аталады. Демек, астыртын миллионер А.И.Корейконың сырлы миллионды асқан шебер алаяқ Остап Бендерге беруі осы Айнабұлақ станциясында болған.

Жалпы, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Орталық Азия мен Сібірді байланыстырған бірегей жоба Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы (Түрксіб) 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында қазақ халқын біріктірді. Көпшілік үшін бұл жаңа, жақсы және жарқын өмірдің үмітіне айналды. Түрксіб тарихы - бұл ең алдымен теміржолда жұмыс істеген қарапайым қазақстандықтар. Құрылыс алаңына Кеңес елінің түкпір-түкпірінен жұмысшылар келді.

Дала, өзендер мен таулар арқылы мың жарым шақырым темір жол салынды. Құрылыс бастапқыда 5 жылға жоспарланған болатын, ал іс жүзінде үш жарым жылда салынып бітті. Көптеген тарихи тұлғалар Түрксібпен байланысты. Мысалы, әлемге әйгілі Калашников автоматын жасаушы Михаил Калашников Түрксібте (Матай станциясында) жұмыс істеді және оның айтуынша, оның техникаға деген қызығушылығын тудырған депо машинистері мен темір ұсталары болған. Түрксіб құрылысына көмек көрсету комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышпаевтың рөлін ерекше атап өткен жөн. Оның бастамасы арқасында жол жөндеуші агенттер курсы құрылды, онда алғашқы жылы-ақ елуден астам қазақтар оқытылып, мамандық алып шықты.

Ал, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың бұл құрылысты басқарып, жүргізудегі орны мен рөлі орасан зор. Ол қазақтарды теміржол құрылысына тартып, олардан жұмысшылар және маман кадрлардың қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақ даласында жүріп жатқан ұлы құрылыстың тікелей басы-қасында болып, жан аямай еңбек етті. Ф.Голощекиннің және оның айналасындағылардың қарсылығына қарамастан өзі бұрыннан білетін М.Тынышпаевты қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді теміржол маманы ретінде Түрксіб құрылысына тартты. 1958 жылы Түркістан-Сібір теміржолы Қарағанды темір жолымен бірге Қазақ темір жолына біріктірілді. 1977 жылы Қазақ теміржолынан Алматы темір жолы болып бөлініп шықты. Содан кейін тәуелсіз Қазақстанның барлық темір жолдары біріктіріліп, 1997 жылы «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ұзындығы 1500 шақырымдық Түрксіб теміржолы барлық үмітті толық ақтады, Қазақстан мен Орталық Азия республикалары экономикасы мен мәдениетінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.

Оның айналасында көптеген өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кәсіпорындары құрылды. Түрксіб отандық теміржол салу мектебі ретінде де белгілі болды. Мұнда көптеген теміржол мамандары қалыптасып, олар жақсы кәсіби дайындықтан өтті және керемет инженерлік кадрлар өсіп шықты. Түрксіб құрылысшыларының тәжірибесі мен қызметі отандық теміржол құрылысының алтын қорына айналды.

Олардың ұрпақтары бүгінгі күні өз ата-бабаларының игілікті істерін үлкен жауапкершілікпен одан ары жалғастыруда. 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы 

Аймақтар
14.09.2026
Түрксібтің төл туындысына – 95 жыл
Жолаушылар тасымалы
14.09.2026
Пойызда үй жануарларын алып жүру кезінде жолаушы нені білуі керек?
Әлемде
14.09.2026
Ресей теміржолдарында пойыздардың рельстен шығуы мен соқтығысуы 13%-ға артты
Әлемде
14.09.2026
Alstom Канадаға 313 жолаушылар вагонын жеткізеді
Жаңалықтар
14.09.2026
Қызметтік иттердің көмегімен теміржолда 74 есірткі дерегі анықталды
Жаңалықтар
13.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
12.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойызы СҚО дала өртін сөндіру кезінде ТЖД-ға көмек көрсетті
Жаңалықтар
11.09.2026
ҚТЖ-да Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті
Жаңалықтар
11.09.2026
Теміржолшылар «Қауіпсіз өткел» акциясымен 127 өткелді қамтыды
Аймақтар
11.09.2026
Семейде күзгі тасымал күрт өсті
ҚТЖ келбеті
11.09.2026
Таспа талдау – қауіпсіздік кепілі
Қауіпсіздік
11.09.2026
Оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелері ескертілді
Аймақтар
11.09.2026
Жаңаөзен вокзалында ардагерлер бұрышы ашылды
Аймақтар
11.09.2026
Арыс станциясында Алаш көсемінің мұрасы дәріптелді
Жаңалықтар
11.09.2026
Үздік вагон депосы
Жаңалықтар
11.09.2026
Қозғалыстағы пойызға жармасқан азаматтар машинисті шұғыл тежеуге мәжбүр етті
Жаңалықтар / Мұрағат
11.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №72 11 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
10.09.2026
ҚТЖ электр энергиясын беру тарифін өзгертеді