Астрахань - Атырау: бейнетпен төселген темір жол

Темір жол тарихы
01.09.2021, 12:47
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

1941-1945 жылдарға жалғасқан Ұлы Отан соғысы кезінде Еділ-Жайық арасындағы халықтың бастан кешкен ғаламат арпалысы мен жанқияр еңбегі бүгінгі ұрпаққа беймәлім жағдайда қалып қойғаны рас.  Ол өзі екі салада болды. Алдымен майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен қамту жолында Каспий теңізінен балық аулайтын «Еңбек майданы» деген қауырт жұмыс жылдар бойына жалғасты. Оның жұмысы майдандағы соғыс жағдайымен бірдей саналып, өте қатаң тәртіпте жүргізді. Еділ-Жайық арасындағы балықшы колхоздардың ер азаматтары сол «Еңбек майданына» шақырылып, қолдарына «бронь» беріп, соғысқа қатысушылар есебінде болды. Әрине, олар ұрыс даласындағыдай жауған оқтың ортасынан аман болды, бірақ  көрген қиындықтары мен шеккен азаптарын кеңейтіп жазар болсақ, олары бір кітапқа да симас еді. Екіншісі, Атырау-Ақсарай-Астрахань теміржолын салудағы қиямен-қайыммен тең жағдай еді.  Бұл телімде темір жол желісінің алғашқы сынасы бұдан 79 жыл бұрын қағылған. Яғни 1942 жылдың көктемінен күзге дейінгі аралықта Гурьев-Астрахань темір жолының негізі – жер төсемі салынды. Ал енді осы жол не себепті салынды дегенге келсек, оған неміс әскерінің 1942 жылдың көктемінде Сталинградты басып алып, Еділден өтіп, Кеңес Одағының Кавказбен байланысын үзіп, Мәскеуге тікелей жол ашпақ болғаны әсер етті. Кеңес армиясының қолбасшылары, егер де немістер Сталинградты алып, Еділден өтіп кетсе, Кавказға тікелей шығу үшін қысқа мерзімде Гурьев-Астрахань темір жолын салып, сол өңірге қару-жарақ жеткізіп, Әзірбайжан, Грозныйдан жанармай тасымалдауды көздеген болатын. Сөйтіп, ұзындығы үш жүзден астам шақырымды құрайтын темір жолды салу басталды. Әрине, жол салу үшін ең бірінші кезекте жұмысшылар керек болған. Ал ел азаматтары майданда, елде әйелдер мен жасөспірімдер қалған. Басқа жұмыс күші болмағаннан кейін, бүкіл Жайық өзенінің бойынан, Нарын құмынан, Атырау қаласынан жасы 45-ке дейінгі әйелдер, 15-16 жастағы балалар жұмысқа алынған. Әйелдер жас балаларын үйде иесіз қалдырып, «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен іске кіріскен. Елде тек емшектегі баласы бар келіншектер мен қарт әжелер ғана қалған. Бірақ оларға да оңай болған жоқ. Колхоздың малын бағып, сүтін сауып, шөбін дайындау соларға жүктелген. Бұл оқиғаның тірі куәгерлері бүгінде жоқ. Сол бағытта ой қосып, пікір білдірушілер болды. Жергілікті қаламгер, марқұм Рахмет Иманғалиев ағамыздың көзі тірісінде  осы теміржол табанын төсеудегі жанталас қимыл-қырғынға қатыспаса да, көптеген жағдайларды көзбен көріп, естіп-біліп, жадында сақтағынын әңгіме етіп, біраз жайға қаныққан едік. Міне,  сол кісіден естігеніміз: «Мен ол оқиғалардың кезінде екінші сыныпта оқитын тоғыз жасар баламын. Жағдай былай болғанын тарихи деректер нақтылайды. 1942 жылдың жазында неміс әскерлері Еділ өзені бойына бекініс жасап, Сталинград (қазіргі Волгоград) қаласын қоршауға алып, Мәскеу мен Солтүстік Кавказға теміржол қатынасын тоқтатуға күш салды. Майданға қару-жарақ пен азық-түлік толассыз жеткізіліп тұруы керек. Немістер соны болдырмауға тырысты. Ғаламат қырғын, қантөгіс жасалғаны соғыс шежіресінде жазылды. Жау Сталинградты уақытша қоршауға алды, ауылымыздың іргесіндегі Астрахань қаласы мен Сайқын стансасын (Бөкей ордасы ауданының орталығы) бомбалап жатты. Жаудың ызылдаған қара самолеттері төбемізге келгенде, мектептен үйге қарай қашатын едік. Гүрсілдеп, алыстан күңіреніп естілетін бомба жарылысын да құлағымыз талай шалған.

Осындай ауыр жағдайда майданға тура қатынасты жақындату үшін мұнай мен азық-түліктің қоймасы саналған Атыраудан Ақсарайға дейін шұғыл түрде теміржол қатынасын жасау керек болды. Ол кезде елді Қорғаныс Комитеті деген басқарды, барлық қозғалыс соғыс жағдайында, сот үкімін тосатын уақыт жоқ. Берілген бұйрыққа қарсы болғандар атылады, айдалады, кейбіреулерін түрмеге тығады. Атырау-Ақсарай теміржолының стратегиялық маңызы жоғары еді. Ақтөбеден бермен қарай тартылған қостабан жол Ақсарайға жетіп, Астрахан-Саратов аралығындағы Приволжье теміржолына қосылуы керек. Ондай жағдайда Солтүстік Кавказға, әсіресе Әзірбайжанның мұнайын тезірек жеткізуге мүмкіндік туады. Сондықтан адамдар «өлсін-тірілсін» онымен санасатын жағдай жоқ, майданда да талайлар қырылып жатыр. Украина, Белоруссия елдерінің миллиондаған халқы босқын боп жүр. Ендеше Еділ-Жайық арасы тұрғындарына жеке жеңілдік көрсететін мүмкіндік жоқ. 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап, 1943 жылдың қаңтарына дейін алапат қимыл жағдайында Атырау-Ақсарай арасындағы 300-дей шақырымға созылатын теміржол табанын төсеу керек деген пәрмен берілді. Оған 15-17 жастар арасындағы жасөспірімдер (ұл-қызына айырмайды), 45 жасқа дейінгі әйелдер қатаң тәртіппен қатыстырылды. 50 жасқа дейінгі ер азаматтар түгелдей майданға алынды. Сөйтіп, Еділ-Жайық арасындағы балықшы колхоздарының тұрғындары өте ауыр қиындық көрді. Ерлердің барлығы теңіздегі «Еңбек майданына» алынса, әйелдер мен жасөспірімдер теміржол табанын төсеуге қатыстырылды».

-1942 жылдың қараша-желтоқсан айларының қысы адам төзгісіз суық болды, аяз қатты, жерде қар қалың. Аштық, жалаңаштық бар. Шатырда, жертөледе тұрып жұмыс істеген адамдар үсіді, ауырды, өлім-жітім де болды.  Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ, адам айтса сенгісіз жанқиярлықпен жасалып  жатты, - деп әңгімелеп еді Рахмет ағай. - Бір жағдайды айтқаным артық болмас. Ол кезде біздің үйіміз қазіргі Киров селолық округіне қарайтын Тінімнің Тулағы деп аталатын аралда шопандар ауылында тұрды. Әкеміз, ағамыз соғысқа кеткен, анамыз колхоздың қойын бағуға көмектеседі. Бір тәуірі мал өсіретін колхоздардың әйелдері мен балаларын теміржол жұмысына алған жоқ, олар малын бағып, майданға ет пен май жібереді, жүннен қолқап, шұлық тоқып тапсырып отырады. Үйіміздің терістік тұсында төрт шақырымдай жерде Қамыскөл деген жер бар (қазіргі Ақкөл кенті орнаған). Ол күнде елсіз дала. Теміржол табанының топырағы төселіп жатыр. Желтоқсанның сары шұнақ аязында түнделетіп екі бала үйімізге келді. Үсті-бастары аққырау, саусақтары иілмейді, аяқта жыртық бәтеңке. Жастары 15-16-да болар деп шамаладық. Екеуі де ботадай боздап жылайды. «Жаурадық, қарнымыз аш, мама» дейді анамызға. Үйдегі барымен тамақтандырдық, тойынды, пештің түбіндегі қазандыққа тығылып отырып, ұйықтаған болды. Біреуі қызулап ауырып отыр екен, тық-тық жөтелден ауыз жаппайды. Ертесіне анамыз бір таба нанды қолтықтарына қысып, «шыдаңдар, жыламаңдар» деп жұмыстарына жіберген еді. Үш күннен кейін сондағы тық-тық жөтелген бала өліп қалды деп естідік. Бұл бір ғана менің білетінім. Қаза тапқандар он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жасөспірімдер, оларды еш аяусыз қинаған екен. Бәрін кейін білдік қой,- деген ағай ауыр күрсінген. Сондай қиын жағдайда жүрсе де, ерен ерлік жасаған адамдар аз болмаған. Исатай ауданында бүкіл Атырау өңірінің мақтанына айналған Хатима Дайырова есімді апай болды, Атырау қаласында тұрған еді. Ол кісі ширек ғасыр бойына ферма басқарды, абырой атағы Одаққа танылды, партияның XXIV-съезіне делегат болып қатысып, Ленин орденімен марапатталды. Бүгінде арамызда жоқ Хатима апай да аты аталған теміржол құрылысына қатысқан екен. Естелігіне үңілсек, ол кісі былай дейді: «1942 жылдың соңғы айлары. Мен бар болғаны 15 жасқа толғанмын. Нарынның белортасындағы Бабан қонысында тұрамыз. Теміржолға жер қазуға адам жетпей жатыр деп өзімнің туысым Бақыт Әбілқайырқазы екеуімізді осы Таскранға алып келді. Адамдардың барлығы жерден қазылған қуыс жертөлені  паналайды екен. Үш адамнан бір топ құрады. Күндік норма – үш шаршы метр жердің топырағын бір метр тереңдікте қазып, теміржол төселетін биікке апарып төгу. Мен «қаражоңқа» қайраттылау болдым, жерде тоң қалың, әрі сақылдаған сары аяз. Оған қарайтын жағдай жоқ, қалың тоңғы сүйменді ұрғылап топырақ қопсытамын, екі қыз қол зембілге салып, топырақты көрсеткен жерге апарып төгеді. Қалай етсең – олай ет, күндік норма орындалуы керек, әйтпесе тамақтан қысады. Мен тәуір істеп стахановшы деген атақ алдым да, біздің топқа көтеріңкі тамақ беретін болды. Бірақ аяғымдағы ескі бәтеңкемнің үсті жыртылып, екі башпайым үсіп кетті. Сонда да жұмыстан қалдырған жоқ. 1943 жылдың ақпанында Сталинград қаласы жаудан тазартылды деген хабар келді. Теміржол құрылысының уақытша қажеттілігі жоқ делініп, тірі қалған адамдарды үйлеріне қайтуға ықтияр етті. Ендігі бар арман – үйімізге жетіп өлсек дедік. Төрт қыз, бір келіншек бесеуіміз Таскран-Қызылүй-Сары төбе (Жамбыл колхозы) үстімен Айбас, Бабанға бірнеше күн жүріп ботадай боздап келеміз. Жолда шеген үйде тұратын бір кемпірдің үйіне келіп, бесеуімізге бір таба құмаршық нанын қойғанда, көзімізден аққан жас тоқтамады.  Ақжуа дейтін бар, жерді шұқылап соны теріп жеп те талшық қылғанбыз» деп еске алыпты Хатима апай. Осы теміржол құрылысына қатысқан Халенқызы Ақмәнет әженің «Қызыл Ту бізде қалған еді» деген естелік әңгімесі газетке шыққан.  Онда былай жазылған: «Ауыр жұмыс, қолдан келмейді деп тартынсаң, бірден «барса келмеске» айдатып жоқ қылады, заңның да күйіп тұрған кезі. Бірде Зібайда деген жасөспірім қызды жұмыстан қашып, бір үйде тығылып жатыр деп көрсетіп, бес жылға түрмеге айдатып жібергенін көрдік. Әлгі сорлы қатты ауырып қалған екен, бірақ оны кім ескерсін. Сондайды көріп, қарап жүріп өлгің келмейді, құлап-сүрініп жұмыстан қалмайсың, берілген норманы орындайсың. Күн суық, киім жұқа, қарын аш. Ой, айтатыны жоқ, небір сұмдықты көрдік қой. Теміржол табанын төсеуге Теңіз (Құрманғазы) ауданындағы төрт балықшы колхозын өзара жарысқа салды. Олар Аманкелді атындағы «Қызыл Ту», «Қызыл таң» және «Төңкеріс» колхоздары еді. Үш адамнан бір звено құрды, әр адам 24 шаршы метр жердің топырағын белгіленген тереңдікте теміржол табанына төсеуге міндетті. Менің звеномда Қапия деген келіншек пен Көбен есімді бала болды. Біздің «Төңкеріс» колхозының бозақай жасөспірімдері түгелге дерлік осы алапат жұмысқа қатысты. Олардан есте қалғандары – Құмарова Мәнеш, Дүйсекенова Әсима, Томарғалиев Сафон, Егізбаева Кәкима және осындайлар болатын. Бірде сол кездегі аудан басшылары Михаил Тарасов пен Қалқан Төрешев келді. Жұмысты тексерді, норманың қалай орындалғанын көрді. Менің звеном ылғи асыра орындап шығушы еді. Бізге Ауыспалы қызыл ту берді, мемлекет тарапынан тегін тамақтанатын болдық. Нан жейтін болдық. Колхозда азық-түлік тапшы, барын майданға жөнелтеді, колхоз есебіндегі адамдар аш-жалаңаш жүріп жұмыс жасады. Біз Қызыл туды қолда ұстауға тырысып бақтық, әрі жан үшін, әрі нан үшін күрес күндер еді. Сталинград жаудан тазартылды. Біздерді ауылдарымызға қайтарды».

Міне, Атырау-Ақсарай теміржолының табаны алғаш осылай арпалыс, қантөгіс жағдайында жүргізіліп, халықтың қаһарман ерлігі болып тарихта қалды. Арада ширек ғасыр өткенде (1942-1967 жылдар) сол төселген жолдың еш жерін өзгертпестен темір рельстер төсеу басталды. Болат жолдың бойында жаңа өмір көріністері жасалды. Ол жұмыстар 1967-1970 жылдарға жалғасты. Еділ-Жайық қос өзен аралығын қосқан болат магистраль 1970 жылдың желтоқсанында толықтай пайдалануға тапсырылды.

Халқымыздың жоғарыда айтылған қаһармандық ерлік қимылдары келер ұрпақтың рухани қазынасына айналуы қажет. Ал өңірде 1967-1970 жылдарда өмірге келген Дина Нұрпейісова, Ақкөл, Исатай, Аққыстау кенттерінің барлығы теміржолмен бірге өмірге келген елдімекендер. Талайлардың қанымен, жанымен төселген теміржол еді.  Келер жылы айтулы оқиғаға 80 жыл толады...

Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр
Жаңалықтар
20.11.2024
Мәскеуде Қазақстан мен Ресей көлік министрлері кездесті
Жаңалықтар
19.11.2024
Ақмола теміржолшылары республикалық ІТ-семинардың жеңімпазы атанды
Инфрақұрылым
19.11.2024
Премьер-Министр жоспарланған теміржол желісін салуды уақытылы аяқтауды тапсырды
Жаңалықтар
19.11.2024
Пойызда ішімдік ішкен Қырғызстанның екі азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Спорт
19.11.2024
Теміржолшы пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы атанды
Спорт
19.11.2024
Бейнеу станциясында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті
Жолаушылар тасымалы
19.11.2024
Тасымал талабы қандай?
Аймақтар
19.11.2024
«Білім экспресі» – Арыста
Инфрақұрылым / Апта саны
19.11.2024
Биыл 570 шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтті
Аймақтар
19.11.2024
Үздік өрт сөндіру пойызы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №98 19 қараша 2024 жыл