Абырой арқалаған машинистер

Әлеумет
28.05.2019, 10:41
Асел Танатарова

«Әке, мына үш кітапты мен кішкентай күнімде оқушы едің, әлі оқып жатсың ба?!» дейтін көрінеді ер жеткен ұлы. Ол үш кітап – машинистің жан қалтасында жүретін теміржолдың қауіпсіздік нұсқаулықтары екен. Желініп, жыртылуға айналған кітапшаны жатқа біледі десе болғандай. Бірақ, сапарға шыққанда бойтұмардай қойнынан тастамайтын әдеті...

Маңғыстау локомотив пайдалану депосында еңбек ететін машинистер Ықылас Союнов және Орынбай Есенғалиевтің біреуінің әкесі, екіншісінің ағасы осы кәсіптен нан жеген, сондықтан өздерін теміржолшылар әулетінің жалғастырушысымыз деп мақтанышпен айтады. 1962 жылы Түрікменстанның Ташауыз облысында дүниеге келген кейіпкеріміз 1986 жылы Гурьев қаласында теміржол техникалық мектебін бітіріп, Бейнеу локомотив депосында машинист көмекшісі болып жұмысын бастайды. 1989 жылы Гурьев техникалық мектебінде машинист мамандығына оқып, 1992 жылға дейін Бейнеу локомотив депосында машинист болды. 1992-2000 жылдар аралығында Маңғыстау теміржол бөлімшесінің жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде экспедитор болып еңбек етті. 2000 жылдан бастап осы уақытқа дейін ТЧЭ-6 мекемесінде машинист. 2012 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің «Алғыс хатымен», ал 2018 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған мақтаулы машинистің бірі. Отбасымен түгел теміржолшы. Інісі де машинист, ағасы мен ұлы – пойыз құрастырушы.

– Әкеміз жолшы болды. «Правила технической эксплуатации железных дорог» дейтін кітапты оқумен өтті өмірден. Біз де соңынан соларды қайталадық. Бүгінде өз балам да теміржолда, Құрық портында пойыз құрастырушы болып жұмыс істейді. Демек ол да оқып жүр осы кітаптарды. Теміржолшы, оның ішінде машиист болу – оңай емес. Қазақтардың тірлігі бітпейді ғой. Қора тазалайсың, мал жайғайсың. Соларды ысыра тұрып, жұмысқа барар алдында міндетті түрде демалуың керек. Әдетте үйде бала ұйықтап жатса, аяқтың ұшымен жүреміз ғой. Ал бізде керісінше, «Әкең немесе ағаң ұйықтап жатыр, қазір жұмысқа кетеді, тыныш жүріңдер» деп бала-шағаны аяқтың ұшымен жүргізеді, – деп күледі машинист. Жуырда бір ағайының немересінің бір жасқа толған тойына барғанын әңгімеледі. «Бармысың, бауырым» деп әзіл-шыны аралас, арқамнан қағып қарсы алды бәрі. Шақырғанда келмейтінімді, үнемі жұмыста жүретінімді меңзеп жатса керек. Шындығында, ағайынға керек кезінде жұмыста жүретініміз рас. Мына заманда айлығы бала-шағаны асырауға жететін тұрақты жұмысың болғанға не жетсін. Тек уақытпен санаспай жұмыс істейтін машинистердің көбінде ағайынтуманың той-садақасына қатыса алмайтынына түсіністікпен қараған жөн», – дейді машинист Ықылас. Теміржол жағалағанның өзегі талмас деп осы кәсіпті серік еткен жанның бірі машинист Орынбай Есенғалиев та мектеп бітіргеннен кейін жол шаруашылығында жұмыс істейтін ағасының қасына жұмысқа тұрып, ауыр шпалдарды көтеріп, рельстерді ауыстырып дегендей еңбек жолын бастайды. – Жолшы болып жүріп ми қайнатар ыстықта шөл басуға алып шыққан бір фляг суымыз қайнап кетеді, ыстық су жұтамыз. Пойыздар арлы-берлі тоқтамай зырлап жатады. Тепловоздың кабинасында отырған машинист пен көмекшісі мен үшін ең бақытты жандар көрінетін. Солар секілді машинист болып, тепловоз тізгіндеймін деп өзіме серт бердім. Ақыры, сол арманыма жеттім, міне содан бері көзімізді ашып көргеніміз осы теміржол, – дейді Орынбай машинист.

Қос машинист те өз кәсіптеріне берілген, оған құрметпен қарайтын нағыз өз ісінің майталмандары. Теміржол саласында жастар жағы көбейіп келе жатқаны қуантады екен. Айтуларынша, бұрын теміржолдың жұмысы қиын, тіртібі қатал деп жастардың көбі басқа салаға қашады екен. «Біздің жас кезімізде тепловоздар ескі, пойыздар ағыл-тегіл. 12 сағаттан барып-келіп жүрдік. Ол уақытта қалта телефон жоқ. Қайда барсаң да ізіңнен қуып келіп жұмысқа шақырып кететін кездер болды. Бейнеуде үлкен бір клуб болды. Ол кезде албырт жаспыз. Демалыс дегенді ұмытып, биге барамыз. Кештің қызып жатқан кезінде, түнгі 10-11-лерде қарайған адамның ішінен аралап тауып, жұмысқа алып кететін. Таңертең дәу шарманкамен шаршап келіп ұйқыға бас қойып, 12 сағат ұйықтап тұрып кешке тағы сол шарманканы асынып кетіп бара жатамыз. Ал бүгінде май сасыған жаман тепловоз жоқ, бәрі автомат, компьютерлендірілген. Мұндай жағдайда жұмыс істеудің өзі бір ғанибет», – деп тамсанды еңбектен абырой тапқан қос машинист. 

Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды
Жаңалықтар
09.09.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22%-ға өсті
Жүк тасымалы
09.09.2026
АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
Инфрақұрылым / Инфографика
09.09.2026
ҚТЖ 5,5 мың шақырым темір жолды жаңартты
Әлемде
09.09.2026
CAF-тың гибридті пойызы аккумулятор қуатымен 273 шақырым жүріп өтті
Жаңалықтар
08.09.2026
ҚТЖ және Грузиядан келген серіктестер ТХКБ-ны дамыту барысын талқылады
Жаңалықтар
08.09.2026
Көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет
Цифрландыру
08.09.2026
ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті ауқымды енгізу жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
08.09.2026
Тіл мерекесі ұлықталды
Жолаушылар тасымалы
08.09.2026
Жолаушылар тасымалының үздік ұжымы
Аймақтар
08.09.2026
Жасөспірімнің әрекетінен электровозға 500 мың теңге залал келді
Қауіпсіздік
08.09.2026
Семейлік теміржол күзеті желі бойындағы бақылауды күшейтті
Спорт
08.09.2026
«Қазтеміржолкәсіп-2026»: Қызылорда командасы финалда