Осы жылдың қазан айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісі бойынша 1 млн 539 мың тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға көп, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Ішкі тасымал көлемі 38%-ға өсіп, 356 мың тоннаны құрады.

Астық экспорты 23%-ға артып, 1 млн 200 мың тоннаға жетті.

Ең жоғары өсім Орталық Азия бағытында тіркелді — 760 мың тоннадан астам (+25%).

Ресей порттарына және Балтық жағалауы елдеріне жеткізілім көлемі екі есе артты, ал Ауғанстанға экспорт 63%-ға көбейді.

Қыркүйек пен қазан айларында теміржол арқылы барлығы 2,8 млн тонна астық тасымалданды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық.

Ішкі тасымал 52%-ға өссе, экспорт көлемі 2,2 млн тоннадан асып, 21%-ға артты.

Орталық Азия елдеріне жөнелтілім 33%-ға ұлғайды, ал порттар мен Балтық бағытына тасымал үш есеге артқан.

2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша астық тасымалының жалпы көлемі 11,2 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары.

Соның ішінде экспорт көлемі 8,45 млн тоннаға жетіп, 39%-ға артқан, ал ішкі тасымалдар 34%-ға өсті.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ әлеуметтік маңызы бар жүктің үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету үшін вагондар мен локомотивтер мөлшері жеткілікті.

Астық тасымалын жедел үйлестіру КТЖ-ның арнайы штабы арқылы экспорттаушылармен, вагон иелерімен, мемлекеттік органдар және салалық қауымдастықтар өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Астық өндіретін өңірлерде мобильді топтар жұмыс істеп, жедел өзара іс-қимыл мен туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуді қамтамасыз етуде.

КТЖ астықтың жоспарланған көлемін тасымалдау үшін барлық қажетті ресурстарға ие.