Бейнеу станциясы толық жаңғыртудан өтеді

Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші
«Цифрлық темір жол» стратегиясы аясында Бейнеу станциясы толықтай жаңғыртудан өтеді. Бұл туралы Ақтөбедегі автоматика телемеханика және байланыс орталығының жетекші инженері Ғалымжан Жаманшиев хабарлады.
Бүгінде инфрақұрылым және көлік логистикасы секілді маңызды қызмет көрсету сегменттеріне жаңа технологияларды енгізу басым жұмыстардың біріне айналды.
Ақтөбедегі автоматика телемеханика және байланыс орталығында жаңғырту жұмыстары жүйелі атқарылуда. Мұнда батыс аймағындағы жұмыстар бір жерден ұйымдастырылады.
«Көліктік-логистикалық кешенді цифрландыру ашықтықты қамтамасыз етеді. Мұны тәжірибеден көріп отырмыз. Бір компьютерден басқару мүмкіндігіне қол жеткізу жұмысты жеңілдетеді. Қазір Бейнеу станциясында жаңғырту жұмыстарын бастау туралы телеграмма алдық. Енді жоспарлау, енгізу жұмыстары нақтыланды», – деді жетекші инженері Ғалымжан Жаманшиев.
Бейнеу – бірнеше бағытқа қатынайтын маңызды тораптың бірі. Станцияда 10-нан аса жол жүк тасымалына арналған. Тоғыз жолдың торабында тұрған станцияның цифрлануы жүк тасымалын жеңілдететіні сөзсіз.
Жетекші инженерге Бейнеу станциясында орналасқан вокзалды күрделі жөндеуден өткізу барысында СОБ құрылғыларын көшіру міндеті жүктелген. Айтуынша, станцияны цифрландыру процестерінің жетістігін алдағы жылы көреміз.
Нәтижесінде ресурстарды тиімді түрде бөлуге, эксплуатациялық, коммерциялық шешімдер тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.