«Соңғы 3 жылдан бері отандық өнімдерді пайдаланамыз»

Сұхбат
10.09.2019, 12:42
Асел Танатарова

Жамбыл облысы аумағындағы Т. Рысқұлов ауданында орын тепкен Луговой рельс дәнекерлеу зауыты Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың қатарына жатады. Темір жол саласындағы салмағы зор өндіріс орнының жұмысы қаншалықты маңызды екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан зауыт директоры Бахтияр Түлековті аз-кем әңгімеге тартып, кәсіпорынның жұмысымен танысуға тырыстық. 

– Бахтияр Жұмабекұлы, 300 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынмен қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қателеспесек, өндіріс орнының іргесі сонау Кеңес заманында қаланған болу керек?

– Иә, бұл мекеменің қабырғасы 1987 жылы Ресей шекарасындағы Новосибирск рельс зауытының жобасы бойынша салына бастапты. Сол кездердегі саяси оқиғалардың ықпалынан болса керек, құрылыс жұмыстары тым ұзаққа созылып, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін,1996 жылы қыркүйек айында ғана іске қосылған екен. Содан бері, міне, ширек ғасыр, кәсіпорын егемен елдің теміржол шаруашылығына қызмет етіп, рельстерді дәнекерлеуде, жолды күрделі, ағымдағы жөндеулерден өткізуге өз үлесін қосып келеді.

Бір ауылдың халқындай адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорын Қазақстанның теміржол саласына қызмет етуде. Маңдай теріміз, жұмсаған күшжігеріміз елеусіз қалып жатқан жоқ. Ұжым осыдан бес жыл бұрын өндірістікшаруашылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін «Салалық жарыстың жеңімпазы» деген екінші дәрежелі диплом алды. Одан кейін де екі жыл қатарынан бірінші дәрежелі дипломды иелендік. Бұл марапаттар мекеменің ең төменгі сатыдағы қызметкерінен бастап, барлық жұмысшының еңбегінің жемісі екені белгілі. Теміржол барда біздің жұмысымызға сұраныс бар. Сондықтан қолымыздан келгенше отандық теміржол саласының өркендеуіне алдағы уақытта да өз үлесімізді қоса беретін боламыз.

– Әрине, оның үстіне мұндай кәсіпорын Қазақстан бойынша екі-ақ өңірде бар екен...

– Біреуі осы біздің Жамбылда болса, екіншісі Ақмола облысындағы Бурабай аумағында орналасқан. Екеуі де рельс дәнекерлеуге маманданған кәсіпорындар. Қазақстандағы бүкіл теміржол бойына осы екі өндіріс ошағында өңделген рельстер салынып жатыр, қазіргі таңда темір жол магистраліндегі жаңа құрылыстарда, жөндеу учаскелерінде кеңінен қолданылуда.

Айтуға оңай болғанмен, мұндағы ішкі жұмыстардың өзіндік қыр-сыры бар. Зауыттың стационарлы машинасында мамандар 4 ауысыммен жұмыс істейді. Ал ПРСМ техникасы вахталық әдіспен айына 15 күнге жолға шығып, 15 күн демалады. Жұмысшылар арнайы тапсырыс түскен нысанға барып рельстерді жөндейді және күрделі жөндеу кезінде осы зауыттан қажетті рельстерді дәнекерлеп, белгілі бір орынға дайын күйінде жеткізеді.

– Өндіріс орнындағы техникалар мен олардың мүмкіндіктері қалай? Кәсіпорынның жұмыс көлеміне сай келе ме?

– Алдымен кәсіпорынның нағыз жүрегі деуге лайық, яғни рельстерді қажетті ұзындық бойынша кесіп, дәнекерлейтін стационарлы машиналармен таныстырайын. Бізде, украиналық екі дәнекерлеу машинасы, яғни екі желі бар. Мұның алғашқысын осыдан он алты жыл бұрын Кахов электр дәнекерлеу құрылғалары зауытынан әкелдік. Бұл – К-1000 машинасы. Былтыр осы кәсіпорынның тағы бір өніміне көзіміз түсті. Сөйтсек, қателеспеген екенбіз, бұл дәнекерлеу құрылғысын Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ, Қытай, Ресей сынды алып темір жол державалары да тұтынады екен. Сосын биыл барып сол К-1100 машинасын жеткізіп алдық. Соңғысы заманауи ғылымның жетістіктерімен жаңғыртылып, қашықтан басқару жүйесімен жарақтандырылған екен. Яғни, машинадан қандай да бір ақау шықса, ол үшін мамандар түу Украинаның Псков қаласынан сабылып келіп жатпайды. Жәй ғана интернет арқылы-ақ байланысқа шығып, орын алған ақауды анықтап, диагностикасын жүргізіп, жөндей береді. Ең бастысы біздің мамандарымыз «Help» белгісін берсе болғаны. Олар ғаламтордағы кабинетінде отырып-ақ, қызметтерін көрсете береді. Келісім бойынша Украинадан арнайы екі маман келіп, өздері іске қосып, 8 жұмысшымызды оқытып кетті. Ал оған шамамен 250 миллион теңгедей қаржы жұмсалды.

Ал бұрынғы машина бұзылып қалғанда, оның ақауын анықтап, жөндеу үшін зауыт мамандары бірнеше рет келіп кеткен. 2003 жылғы құрылғының «К-1000» деп жоғы ультрадыбыстық станокпен эхо - жаңғырық әдісі арқылы тексеріледі. Ал дефектоскоп маманы арнайы жабдықталған бөлмеде осы процестерді бақылап отырады. Ол бір ауысымда Рельс-6 аппаратымен шамамен 22-23 түйіскен жерді тексереді. Екі желінің өз дефектоскопы бар. Бұл бөлмеден шыққан рельс әрі қарай арнайы вагондарға тиеліп, қажетті нысанға жеткізіледі. Рельстерді Қазақстанның кез келген аймағына тасымалдауға арналған үш арнайы құрам бар. Сонымен қатар екі балқытушы колоннамен 7 ПРСМ еліміздің кез келген нүктесіне барады, ал стационарда 2 линия жұмыс істейді дедік.

– Бір жылда шамамен неше шақырым жолдың рельсін дайындап бересіздер өндіріске?

– Тек былтырдың өзінде 323,5 шақырым жолдың рельстерін дәнекерлеуді жоспарлаған болсақ, оны артығымен орындадық. Нақтылай айтсам, 326,5 шақырым жолдың материалын қолымыздан өткіздік. Жалпы өткен жылы барлық көрсеткіштерді артығымен орындадық. Біздің жұмысымыз әсіресе тапсырысқа қарай оларды 120 метрге дейін создыртуымыз мүмкін. Яғни, 100 метрлік рельстерді орталықтың тапсырысымен осы зауытта дәнекерлеп, ұзартамыз. Содан кейін 800 метрге дейін ұзартып, жан-жаққа жөнелтеміз. Түйіспесіз барқыт жолдар осылай пайда болады.

– Өндіріс орны болған соң, әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Мекемеде қауіпсіздік, техникалық талаптар қаншалықты сақталған? Оқыс оқиғалар жоқ па?

– Кәсіпорында санитарлық және тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалған. Еңбек қауіпсіздігі – бірінші орында. Арнайы киімдермен қамту қатаң бақылауға алынған. Тапсырыспен табиғи таза сүт алдырамыз, ол жұмысшыларға күніне жарты литрден беріліп тұрады. Мекеме ішінің зияндылық деңгейі аттестация кезінде анықталып, қаншалықты табиғи сүт беру керектігі соған байланысты бекітілген. Көріп отырғаныңыздай, мұндағы жұмыс ауыр әрі кәсіпорын іші шулы. Қызметкерлеріміздің медициналық тексеруден өткенін жіті қадағалаймыз. Әзірге ешқандай төтенше ахуал тіркелген емес. Еңбек қауіпсіздігін еске салып тұратын аншлагтардың бәрі көрнекі жерге ілінген, үгіт-насихат жұмыстары да нормативтік құжаттарға сай жүргізіліп тұрады.

Біз өндірісте болатын жарақаттарды азайтуға барынша күш саламыз. Сол себепті жұмыс орнына кіреберіс есіктің қасында үлкен айна тұрады. Оған қараған адам айна астындағы «Бүгін қауіпсіздік, сақтық шараларына жауапты адам – осы» деген жазуды оқиды. Мұндай психологиялық әдістер де көп жағдайда көмегін тигізетіні сөзсіз.

Әрине, 400 вольттық электр қуаты күшімен түрлі қара металл мен түсті металдың қосындысынан құйылған болаттай берік рельсті 1200-1300 градусқа дейін балқытып, дәнекерлеу жұмыстары тіпті де оңай емес. Мұның адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін де дәлелдеп жатудың өзі артық шығар. Оның үстіне зауыт болған соң, мұнда күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген техника мен технология емес, күрделі электр контактілі дәнекерлеу технологиясы қолданылады.

– Осындай қауырт жұмыс жыл бойы жалғаса ма әлде демалыс маусымы бола ма?

– Кәсіпорын жұмысы әр жылдың наурыз айынан бастап қыза түседі. Содан бастап қара күзге дейін тыным таппаймыз. Кей жылдары желтоқсан айына дейін қауырт жұмыс созылатыны бар. Жалпы жылдан жылға жұмыс ауқымы кеңейіп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, бұл мекеме алғаш жұмысын бастағанда 55 қана жұмысшы болса, қазір 300-ге жақындады. Ал дәнекерлеу аппараттары тіпті ескі еді. Ол кезде 1 ғана ПРСМ машинасы болса, бүгінде оның саны 7-ге жетті. Екі жыл бұрын тұрғызылған рельс жинайтын орынға 80 км рельс сыяды. Бүгінде Ақтөбедегі зауыт рельс шығарса, біз оны тасып алып жатырмыз. Өйткені жаңа жұмыс маусымы басталды. 4 шақырым жолды екі-ақ күнде дайындап береміз. Тек материалдың жеткіліксіздігінен жұмыс тоқтап қалмауы керек. Сол үшін қор жинауға жыл басынан қамданамыз.

– Ескі рельстерді мүлде пайдаланбайсыздар ма сонда?

– Неге? Зауытта ескі рельстер де кәдеге жаратылады. 100, 25 және 12,5 метрлік рельстер жалпы ұзындығын 800 метрлік рельстерді әзірлеу кезінде пайдаға асырылады, орта тұстарына жалғанады. Сосын, мысалы, қолданыстан шығып қалған, бірақ жарамды рельстер болады. Оларды не істейміз? Ондайларды алдымен дефектоскоппен тексеріп аламыз. Содан соң ақауын анықтап, өңдеп, керек болса кесіп, қайта дәнекерлейміз. Сосын оны қайтадан пайдалануға жібереміз.

– Сөз соңында кадр мәселесі, еңбеккерлердің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы туралы да айтып өтсеңіз...

– Кадр мәселесінен қиындық жоқ, жас кадрлармен қатарымыз тұрақты толығып тұрады. Былтыр 12 жас маманды жұмысқа қабылдаған болатынбыз. Қазіргі таңда олар тәжірибеден өтіп, қатардағы жұмысшылардан қалмай еңбек етуде. Жұмыскерлердің орташа жалақысы өткен жылы 160 мың теңгеге жуықтаған болатын. Оларды ынталандыру мақсатында көтерме сыйақы беру жүйесі де үнемі назарда. Біз қазіргі таңда биылға жоспарланған тауарлы өнім көрсеткішін 90 пайызға орындап тастадық. Сондықтан жұмысшылардың әлеуметтік ахуалына қатысты жеңілдіктерді тағы да еселейміз деп ойлаймын. 

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр