Кәсібінен береке тапқан...

Жаңалықтар
14.04.2017, 15:02
Оқуға 5 мин

Тазабек Жаңабаев – бұл кәсіпті әкесі мен анасынан кейін жалғаған әулеттегі үшінші теміржолшы. Бүгінде оның отбасындағы 17 теміржолшының үшеуі зейнетке шығып, қалғаны осы салада еңбек етуде.   Жалпы, теміржолдың белгі беру-байланыс саласы – Жаңабаевтар әулетіне құт болып дарыған. Әулет ағасы туралы «кәсібінен береке тапқан жан» дейді көпшілік. Інілері аға салған жолменен түгел осы байланыс саласын таңдаған. Әрі үлкен бауырын пана тұтып, ақыл-кеңесіне құлақ түріп ержетсе керек.  – Байланыс саласының жұмысы негізінен механикаландырылған жүйемен іске асады. Осы кәсіпке қызыққан монтер сол бойда қалып кетпей, білімін жетілдіруді ойлауы керек. Бауырларыма үнемі осыны айтып отырдым. Олар мені тыңдады. Қазір таңдаған мамандықтарына өкінбейді. Ұлым мен қызым да байланыс саласының жоғары білімді мамандары. Үгіттеген жоқпын, өз еріктерімен қалады. Отбасындағы кешкі астан кейінгі әңгіме тек жұмыс жайлы болады. Сонда балаларым сұрақтарын қойып, түсінбегендерін біліп отырады, – дейді әулет ағасы.             Арыс станциясына жақын Қабылсайдағы мектеп тек бастауыш сыныпқа арналғандықтан, Тазабекте мектепті бірде Арыстағы интернатта, сосын Темірлан ауылында, одан Түркістанда жүріп бітірген екен. 1970 жылы мектеп бітірген соң Арыс жол дистанциясының Қабылсай станциясына жол монтері болып орналасады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Арыс белгі беру және байланыс мекемесіне монтер болып жұмысқа тұрады да, ол әрі қарай осы кәсіптің «жілігін шағып, майын ішкен» қырық жылға созылған жемісті жылдарға жалғасады. – Бұл 1974 жыл болатын. Сол жылы дистанция басшылығы Алматыдағы теміржол техникумына жолдама берді. Екі жыл оқыған соң, үшінші курста үйге ересек адам керек болды. Інілерім кішкентай, тек әкем ғана жұмыс істейтін. Ата-анама қарайласайын деген оймен Арысқа қайттым. Жұмыстың арасында сырттай теміржол институтын оқып, жоғары білім алдым. Монтер, механик, аға механик, телім бастығы, директордың орынбасары, директор сынды барлық сатылардан өттім. 1999 жылы мені жедел түрде Көкшетауға ауыстыратын болып, 15 минуттың ішінде жауабын айтуымды сұрады. Жұбайыммен ақылдасып, келісімімді беріп, Солтүстікке ауыстым. 2002 жылға дейін Көкше жеріндегі белгі беру және байланыс дистанциясын басқардым. Айта кететіні, өңірдегі аталған дистанцияда ұлты қазақ азаматтардан бірінші мен басшы болыппын. Оған дейін орынбасары, бас инженері қазақ болған шығар. Бірақ басшылықта тек орыс немесе өзге ұлт өкілдері болған екен, – деп еске алады пайғамбар жасына жақындаған аға теміржолшы. Тазабек ағаның әйелі Сұлухан да өмір бойы теміржолдың қозғалыс саласында, кадрда қызмет еткен. Қазір үш баласынан бірталай немере сүйіп, бірі ата, бірі әже атанып отыр. Ерлі-зайыптылар Көкшетауда жүрген кездерінен бір қызық әңгіме айтып берді. Барғаннан  Арыстың сол аймаққа тұрмысқа шыққан бір қызымен аға-қарындас болып араласып тұрады. Ол қызын тұрмысқа бергенде бұларды «аға-жеңгем» деп құдалығына ертіп барып, өз кезегінде бұлар оларды шақырып, құдалармен де жақын сыйласып тұрады. –Қазақтың жекжаттығында шек қой қой, шіркін! Әлгі тұрмысқа шыққан жиен қыз  балалы болғанда енесі, яғни құдағи немересіне менің әйелімнің атын қойып, ұланасыр той жасады. Біз Арысқа қайта көшіп кетсек те, кішкентай Сұлухан 1 сыныпқа барғанда Көкшетауға қыдырып барып, сол  қызымыздың құлағына сырға тағып қайтқанымыз бар, – деп күліп еске алады Тазабек аға мен Сұлухан жеңгей. 2002 жылы Арыстағы белгі беру және байланыс дистанциясының директоры Байсейіт Нәбиұлы зейнетке шыққан соң елге келіп 2002-2008 аралығында дистанцияны басқарған Тазабек Жаңабаев  қазірге дейін телім басқарып әрі кәсіподақ жұмысын қоса атқарғанына 2,5 жыл болыпты.              Басында айттық қой, ағамыз кәсібінен береке тапқан жан деп бекер аталмаған. Дистанция директорының орынбасары қызметінде жүргенде Құлан жерінен бастап Шілбастау, Шоқпар, Бел станцияларындағы теміржол телімдерін электрлендіруге атсалысып, жалпы  Жамбыл – Алматы теміржолы толық электрлендірілгенше арыстық байланысшылар жыл сайын 2-3 ай сонда жұмыс істепті. Айтуларынша, сенбі, жексенбі күндері де таң алакеуімнен қас қарайғанша телім басында жүрген. Тіпті, кешкі астан кейін де электрлендіру жұмыстарын жалғастырған екен. Ал  Көкшетау белгі беру және байланыс  дистанциясында басшылықта  жүргенде салынып жатқан Ақсу ­– Дегелең теміржолының бойынан тұрғызылып жатқан Жұмыскер станциясын ашуға атсалысқан.  – Қыстың көктемге ұласар қақаған суық күндері станцияға байланыс сымдарын орнатуға бардық. Бекет кеңсесінде жарық жоқ, әлі қабырғасы сылануда екен. Күндіз релелік  аппаратты арнайы құрылғыларымен 4-2 адам кезектесіп көтеріп жүріп, жол бойына бағдаршамдар орнатамыз. Жақын маңда не дүкен, не үй жоқ, ең жақын елдімекен  5-6 км қашықта. Көктемнің басында көлігіміз батпаққа батып жүріп Жұмыскер бекетін ашқан едік, – деп еске алды Тазабек аға өткен күндерін.    Жоғарыда айтып өткеніміздей, байланысшы соңғы жылдары кәсіподақ төрағасы міндетін қатар алып, көптің мүддесін қорғап келеді.      – Өткен жылдары қысқарту жүрді. Сонда келісімшартта көп балалы және  жалғыз басты аналарды жұмыстан шығармау туралы жазылған тарауды алға тартып, біраз теміржолшы аналарға араша болып, орнында қалдырдық.  Кейде механиктерді сенбі, жексенбі күндері де жұмысқа шақырады. Демалыс күнгі жұмысына ақы төлену керек, жұмысшылардың соны алған, алмағанын бақылаймын. Жиналыста ұжымдық келісімшартта көрсетілген жаңа өзгерістер мен жеңілдіктерді түсіндіремін. Ұлттық компания бойынша қандай да бір жақсы жаңалық болса, оның шарапатын теміржолшылар көру керек, – деп санайды кәсіподақ өкілі.

Динар МЕЙІРМАН,  Арыс

Әлеумет
12.10.2026
ҚТЖ магистральдық желі қызметкерлері үшін 80 модульдік ғимарат орнатты
Жолаушылар тасымалы
12.10.2026
Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға пойызда қандай жағдай жасалған?
Аймақтар
12.10.2026
Кәсіподақ қызметіне баға берілді
Жаңалықтар
12.10.2026
ҚТЖ-ның 400 астам локомотивті Тrip Optimizer зияткерлік жүйесімен жарақтандырылды
Жаңалықтар
12.10.2026
«Жолаушылар тасымалы» қызметкерлері Кәсіподақ күні қарсаңында марапатталды
Жолаушылар тасымалы
12.10.2026
Пойыздағы сапарыңызды жайлы ететін бес зат
Жаңалықтар
12.10.2026
Жамбыл теміржолшылары Кәсіподақ күнін боулинг жарысымен атап өтті
Инфрақұрылым
12.10.2026
Немістің логистикалық компаниясы Орта дәліз бойында 14 терминал салуды жоспарлап отыр
Инфрақұрылым
12.10.2026
Астана-1 вокзалындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Теміржол көлігімен экспорттық тасымалдар көлемі 7,1%-ға артты
Жаңалықтар
09.10.2026
Атырау филиалы «ҚТЖ» жүйесіндегі үздік әскерилендірілген теміржол күзеті деп танылды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Орта дәлізде жүк ағыны артты: сегіз айда 44,2 мың контейнер тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ желісімен 77 млн тоннадан астам көмір тасымалданды
Жүк тасымалы
09.10.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» 40 жылдан астам еңбек еткен 12 теміржолшыны марапаттады
Цифрландыру
09.10.2026
ҚТЖ теміржол саласын цифрландыру арқылы тасымал тиімділігін арттырмақ
Жаңалықтар
09.10.2026
Кәсіподақтың араласуымен теміржолшылардың әлеуметтік мәселелері шешілуде
Инфрақұрылым
09.10.2026
Атырау теміржолында 29,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті
Аймақтар
09.10.2026
Теміржол қауіпсіздігін арттырған рационализаторлық жобалар
Аймақтар
09.10.2026
Семей теміржолында ауыз су мәселесі толық шешілді
Жаңалықтар
09.10.2026
ALT университетінің студенттері ҚТЖ нысандарында геодезиялық тәжірибеден өтті