«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалында құрылымдық мекемелерде еңбек ететін теміржолшылар «Самұрық – Қазына» АҚ-ның және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының, филиал директорының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында қарапайым машинист көмекшісінен бастап, машинист, инженер, тағысын тағы түрлі мамандар бар.
Мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылар бұл бірінші кезекте мемлекетшіл рухты көтеретін мерейі биік мереке екеніне басымдық берген. Тіпті теміржолшылар Әнұранды баянның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады.
Салтанатты жиында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов: «Ұлттық мереке мәртебесіне ие – Республика күнінің тарихи мәні зор. Еліміздің, оның ішіндегі өңірдің, біздің филиалымыздың әрбір жетістігі – өз міндетіне адал мамандардың жұмысының жемісі. Бүгінгі марапат – сол еңбекке берілген баға», – деп атап өтсе, «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев еңбек адамына құрмет – қоғамға ортақ құндылық екеніне тоқталды.
Жиын соңы мерекелік концертке жалғасып, бірер ай бұрын ғана 6 сағат бойы тоқтаусыз 114 ән шырқап, әлемдік рекордты жаңартқан тараздық дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев теміржолшыларға арнап әннен шашу шашты.