Қызылорда өңірінің теміржолшылары мен салалық нысандарды қыста  жылумен қамтамасыз ететін «Теміржолсу-Қызылорда» серіктестігі күзгі комиссиялық тексеруден өтіп, жылу беру маусымына толық дайындығын көрсетті.  

Серіктестік бастығы Насыр Абдулланың мәліметіне сүйенсек, барлық жылу қазандықтары мен жылу пештері арнаулы техникалық тексерістен өткізіліп жылу таратуға толық дайын жағдайға келтірілген. Қажетті отын-көмір қоймаларға дер кезінде жеткізілсе, газ құбырлары техникалық күтімнен өткізілген.  

– 2026-2027 жылғы жылу маусымында аймақтағы теміржол нысандары 4 қазандық арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Шиелі станциясында 2 жылу қазандығынан пост ЭЦ, Теміржол вокзалы және Қызылорда жол дистанциясының ғимараты секілді 3 нысан жылумен қамтылады. Ал Тереңөзек пен Белкөл станциясындағы қазандықтар көгілдір отынмен жылытылады. Өндірістік, жылыту жүйесіндегі резервтегі қосалқы қазандық жабдығына да тиісті техникалық күтім жасалып, жұмысқа дайын жағдайда тұр. Қазандықтардың барлығы газбен жұмыс істейді, ал қажет жағдайға 140 тонна көмір қоймаларға түсіріліп қойды, – дейді Насыр Абдулла.

Жылыту маусымына дайындық барысында қазандықтардың жылу жүйелеріне гидравликалық қысымды сынақпен жуып-шаю жұмысы жасалып, тазартылып, техникалық тексеруден өткізілген. Алдын ала жасалған тапсырыстар негізінде жұмысшылар арнайы қысқы киімдермен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Жылу қазандықтарының операторларына арнайы пысықтау нұсқаулығы  өткізілген.  

– Жалпы біздің ұжымда «бөтен» адам жоқ, әрқайсысы өз міндетін білетін, кәсіби жауапкершілігі жоғары азаматтар.  Атап айтсам,  Шиелі станциясындағы жылу беру қазандықтарының машинист-операторлары Марат Баржақсиев, Саулебек Жарасов, Жарқынбек Шаймерденов пен Раушанбек Зиядинов – үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасап жүрген тәжірибелі мамандар. От жағушы машинистер арнайы киімдермен және зиянды жұмыстар үшін берілетін сүтпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар олар арнайы бағдарлама бойынша оқудан өткен, – дейді мекеме бастығы.  

Қорыта айтқанда, аймақтағы теміржол нысандарын жылумен қатар таза ауыз сумен қамтамасыз ететін серіктестік өз тұтынушыларының жылу мен суға деген қажеттілігін өтеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жұмыс істеп жатыр.