Өндірістік дәрігерді енгізу – уақыт талабы

Әлеумет
17.05.2019, 12:19
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Теміржолшы – елімізде аса құрмет пен абыройға ие мамандық. Ол жоғары кәсібилікпен қатар адамдардан темірдей тәртіп пен төзімділікті қажет ететін, сонымен қатар өз ісіне жан-тәнімен берілетін жандарды сүйетін қастерлі кәсіп. Теміржол көлігі саласының үздіксіз аққан қан тамырларындай тәулік бойы бір тынбай сенімді және тұрақты жұмыс істеп тұруы – теміржолшы деген мәртебелі атқа дақ түсірмей еңбектеніп жатқан мыңдаған адамдардың маңдай тер, табан ақысы. 

Алып саладағы кез келген теміржолшының жұмыс ырғағы күрделі ауа-райы жағдайында, мейлі ол боран болсын, үскірік аяз, мейлі жауын-шашын, тіпті аптап ыстық болсын, бір сәтке де бұзылмауы тиіс. Теміржолдың тәртібі, талабы солай. Сондықтан бұл мамандық иелері айтарлықтай физикалық және психологиялық жүктемелерге ие деген сөз. Өйткені, адам ағзасына өндірістің қолайсыз факторлары кері әсерін тигізбей қоймайды. Сол себептен теміржолшылардың денсаулығына айрықша назар бөлінуі керек және қатаң бақылауда ұсталуы тиіс. Теміржол көлігін пайдаланатын адамдардың өмірі және мыңдаған тонна жүк тиеген пойыздардың жол үстінде қозғалыс қауіпсіздігін сақтау осы теміржолшыларға тікелей байланысты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «ҚТЖЖүк тасымалы» АҚ-да барлығы 49 мыңнан астам теміржолшы-жұмысшы еңбек етеді. Олардың қатарында машинистер мен олардың көмекшілері, вагон қараушылар, пойыз құрастырушылар, станция кезекшілері, тағысын тағы мамандық иелері бар. Көпшілігі пойыздар қозғалысымен тікелей байланыста жұмыс істейді. Сондықтан, соңғы кезде қоғам басшылығын алаңдатып отырған басты мәселенің бірі, қызметкерлерінің табан астында денсаулығының күрт нашарлап, тіпті, кейбірінің соңы адам өлімімен аяқталуы болып отыр. Нақты дерекке жүгінсек, өткен жылы аталған Қоғам бойынша қызметкерлердің кенеттен денсаулығының күрт нашарлауына қатысты 17 оқиға тіркеліп, 6 жағдайда соңы адам өліміне әкеліп соқтырған. Қаза болған екі адам «Д» есебінде тұрған. Ал 11 оқиғада зардап шегуші бұған дейін амбулаториялық ем қабылдаған болып шықты. Жалпы өткен жылы Қоғам бойынша 39 өндірістік жарақаттану оқиғасы тіркеліп, соның 14-і өндіріспен байланысты болғандықтан, есепке алынған. Бүгінгі таңда 5287 теміржолшы «Д» есебінде тұрған көрінеді. Міне, осының бәрі Жүк тасымалы басшылығын алаңдатпай қоймайды.

МЕДИЦИНАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ САПАСЫ НЕГЕ ТӨМЕН?

«Қызметкерлердің денсаулығына кәсіби қауіптердің тигізетін әсері зор екенін, кәсіпорын еңбеккерлерін жыл сайын міндетті мерзімді медициналық байқаулардан өткізу барысында соматикалық патологиялары бар науқастар деңгейінің жоғары болып отырғанынан байқадық. Тіркелген сырқаттардың құрылымында бірінші орынды жүрек-тамыр жүйелері қызметінің бұзылуы алып отыр. Бұл сырқаттың басым бөлігін түрлі дәрежедегі артериалды гипертония құрауда», – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің 1-ші дәрежелі менеджері Дария Төлеуова. Оның айтуынша, теміржолға қарасты ведомстволық медициналық мекемелердің болмауы қызметкерлерге медициналық қызметтер көрсетілімін ұйымдастыруда қиындық тудырып отырған көрінеді. Бұл, әсіресе, мерзімді медициналық тексерулердің деректері бойынша қызметкерлердің денсаулығын мониторингілеу, диспансерлік бақылау, сондай-ақ, бейімдеу, қалпына келтіру емін және медициналық тексерулер жүргізу үшін түрлі емдеусауықтыру мекемелерінің медициналық құжаттамаларынан қажетті ақпаратты алуға қатысты болып отыр. Соның салдарынан пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей жұмыс істейтін тұлғалардың, қауіпті және зиянды факторлары бар жұмысқа жұмылдырылған адамдардың денсаулық жағдайына медициналық тұрғыдан бақылау жасау сапасы ақсауда. Өйткені, сала еңбеккерлеріне көрсетілетін барлық медициналық қызметтер медициналық мекемелермен жасалған шарттық қарымқатынас негізінде ұйымдастырылып келеді. Ал бұл өндіріс адамдарына тиімсіз болып отыр. Осыған орай, жұмысшылардың денсаулығының кенеттен күрт төмендеп кетуіне қатысты талдау жүргізіліп, оның нәтижелерінен кейін басшылық тарапынан медициналық тексеру сияқты қызмет көрсетілімдері бойынша техникалық сипат тізімге өндірістік дәрігер және өндірістік фельдшерді енгізуге шешім қабылданыпты. Сонымен, енді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалдарында өндірістік дәрігерлер мен фельдшерлер жұмыс істейтін күн алыс емес.   

ДЕНСАУЛЫҚ КҮТІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ҚАДАМ

Шын мәнінде, Дария Төлеуова медициналық қызметкерлер филиал дар басшыларымен және кадрлық қызметтермен тығыз байланыста жұмыс істеуі керектігін айтады. Өйткені, кейбір адамдар қатаң медициналық бақылау, денсаулығы әлсіз адамдарды «жарамсыз» қылып тастау мақсатына қызмет етеді деп ойлайды. Әсте олай емес. «Бұл медициналық бақылаудың мақсаты – қызметкерден құтылу емес, керісінше, оның еңбекке қабілеттілігін сақтап қалу, оның жұмыс істеу мүмкіндігін ұзарту. Бұл теміржол саласы үшін де экономикалық жағынан тиімді. Өйткені, ол еңбекке уақытша жарамсыздық қағазының болмауына, қызметкердің мүгедек болып қалмауына, әрі-беріден соң, кенеттен қайтыс болу сынды жайттарды болдырмауға көмектеседі. Сондықтан өндірістік дәрігер жүргізетін профилактикалық жұмыстың маңызы зор. Сөз орайы келгенде, адамдар денсаулығын күтуге қадам жасау керектігін, ой-өрістерін өзгерту керектігін айтқым келеді. Теміржолшылардың жұмысы жоғары психоэмоционалдық жүктемемен, күйзеліспен тығыз байланысты, олар шу және дірілдің ықпалына жиі ұшырайды, ал бұл өз кезегінде олардың денсаулығына теріс әсер етері сөзсіз. Әсіресе, жаздың аптап ыстығы +30 - +40, ал қыстың сарышұнақ аязы –30- – 40 градустарды құрайтын климаттық жағдайларда жұмыс істеу оңай емес. Ағзаның реакциясы мен жаңағыдай сыртқы факторлардың ықпал ету салдарын өндірістік дәрігерлер бақылап отыратын болады. Олар кәсіби сырқаттарды, аурудың енді басталып жатқан шағын уақытылы анықтап, аурудың ушығып кетпеуіне профилактикалық, сауықтыру шараларын жүргізетін болады», – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ өкілі. Ол сондай-ақ, өндірістік дәрігерлермен бірлесе отырып, жылына 2-3 мәрте «Денсаулық пен өмірдің сақталуы – еңбек қауіпсіздігінің негізі» айлығын және оның шеңберінде «Ашық есік күндерді» өткізу жоспарда бар екенін жеткізді. Ашық есік күндері филиалдардың қызметкерлері өзінің денсаулығына қатысты сұрақтармен дәрігерге жүгініп, ақ халатты абзал жандардан кеңестер мен ұсынымдар алу мүмкіндігіне ие болмақ.

МАҚСАТ – АУРУ-СЫРҚАУ ДЕҢГЕЙІН АЗАЙТУ

Өндірістік дәрігердің енгізілуімен теміржолшылар арасында аурусырқаулар саны сейіле ме деген сұрақтың жауабын уақыт еншісіне қалдырамыз. Бастысы, өндірістік дәрігерді енгізудегі мақсат осы кәсіби сырқаттану деңгейін төмендетуге бағытталса керек. Сонымен өндірістік дәрігердің негізгі міндеттеріне не кіреді дейтін болсақ, біріншіден, «ҚТЖЖүк тасымалы» АҚ қарамағындағы қызметкерлерге білікті терапевтік көмек көрсету болса, екіншіден, олардың сырқаттарын төмендету бойынша профилактикалық шаралар жүргізу болмақ. Сонымен қатар локомотив деполарының әкімшілігімен және кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе, жарақаттану мен сырқаттану оқиғаларын төмендетуге қатысты кешенді шаралар әзірлеп, оны іске асыру. Сырқаттардың ертерек анықталуын қамтамасыз етіп, заманауи тәсілдермен тексеру және емдеу құралдарын пайдалана отырып, науқастарға уақытылы диагностика жүргізу және білікті емдеу жүргізу де өндірістік дәрігер мойнындағы міндет. Ол жұмысшыларға кенеттен сырқаттанған және өндірісте  

кәсіби уланған жағдайда медициналық көмек көрсетуіне, ауруханаға жатқызуды және стационарлық емделуді қажет ететін науқастарды белгіленген тәртіп бойынша жолдауға міндетті. Жұмысқа түсерде алдын ала және мерзімді медициналық тексерулердің сапалы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету, рейс алдындағы медициналық байқау жүргізетін фельдшерлік пункттің жұмысына бақылау жасаумен қатар басшылық ету де өндірістік дәрігер құзырындағы жұмыстар қатарынан болмақ. Мұнымен қатар ол қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбек жағдайын санитарлықгигиеналық талаптарға сәйкестендіру бойынша еңбек гигиенасына жауапты санитарлық дәрігерлермен бірлесе ұсыныстардың жасалуына қатысуға мүдделі. Еңбек адамдары арасында санитарлық-гигиеналық білімді белсенді насихаттау, амбулаториялық науқас адамдарға медициналық карталар жүргізу, рецептер жазып беру, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес кабинет медбикесінің медициналық құжаттамаларды дұрыс жүргізуін қамтамасыз ету өндірістік дәрігер еншісіндегі шаруалар. Сонымен қатар ол, жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысу, диспансерлік науқастарды мониторингілеу, рейсалды байқау пункттерінің жағдайы мен жұмысын бақылау мақсатында айына кем дегенде үш мәрте негізгі, айналма деполар мен өзге де пункттерді аралап шығу қажет. Дер кезінде медпункттерді медикаменттермен толықтырып, жарамдылық мерзімі асып кеткен дәрі-дәрмекті алмастыруы, айына екі мәрте кесте және конспектілердің бекітілген жоспарына сәйкес локомотив бригадаларымен техникалық сабақтар өткізуі тиіс. Және де филиал басшылығы мен аурухана басшысын сала еңбеккерлерінен ауру, жарақат, алкогольді, есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды пайдалану белгілерін анықтаған жағдайда, қызметкерлерді рейстен шеттету жағдайлары туралы, тиісті медициналық куәландыру нәтижелері туралы уақытылы құлақтандырып отыруы тиіс. Ақпараттандыру фактісі актімен көрсетілуі қажет. Сонымен қатар тоқсан сайын филиал бойынша жұмыс кестесін жасап, оны филиал басшылығымен бекітуі керек. Өз кезегінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-да еңбеккерлері арасында салауатты өмір салтын жүргізу, насихаттау жағынан кенде емес. Оның жарқын көрінісін, көптеген локомотив деполарында спортзалдар мен тренажерлік залдардың ұйымдастырылуынан, қозғалыс шаруашылығы мамандары арасында түрлі спорттық жарыстардың өтуінен байқаймыз. Сонымен өндірістік дәрігерлерді енгізуден алар нәтижеміз қандай дегенге келетін болсақ, ол туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің 1-ші дәрежелі менеджері Дария Төлеуова: «Біріншіден, асқынған және күрделі созылмалы ауруларды төмендетуге, екіншіден, аурудың асқынған жағдайларының санын, үшіншіден, уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайларын азайтуға қол жеткізіледі. Сонымен қатар аурудың жаңа жағдайларын ертерек анықтау мүмкіндігіне ие боламыз, қала берді уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша төлем шығындарының төмендеуінен экономикалық тиімділіккке қол жеткіземіз», – дейді.

Спорт
23.12.2024
Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған спартакиада өтті
Жаңалықтар
23.12.2024
Теміржолшылар үш тәулікте 1125 шақырымнан астам жолды қардан тазартты
Әлеумет
23.12.2024
«Саламатты Қазақстан» жұмысын аяқтады
Спорт
23.12.2024
Жеті бірдей команда жүлдеге таласты
Аймақтар
23.12.2024
Маңғыстауда Тәуелсіздік күніне орай сайыс өтті
Жаңалықтар
23.12.2024
Жүк пойыздарынан тауар ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
ҚТЖ келбеті
20.12.2024
Жүзден жүйрік шықты
Жаңалықтар
20.12.2024
Жамбыл өңірінде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүріп жатыр?
Жүк тасымалы
20.12.2024
Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі жаңа бағыттарды еңсеріп жатыр
Жаңалықтар
20.12.2024
Келіссөз жүргізу де – өнер
Жаңалықтар
20.12.2024
Жұмысшы мамандығына мәртебе беріледі
Жаңалықтар
20.12.2024
Тиімді коммуникация құра білейік...
Жаңалықтар
20.12.2024
«Үздік ойыншы» – пойыз құрастырушы
Жаңалықтар
20.12.2024
Бірегей жобалар таныстырылды
Жаңалықтар
20.12.2024
Көңілді де тапқырлар клубы
Жаңалықтар
20.12.2024
Болашақ көшбасшылар елордада бас қосты
Жаңалықтар
20.12.2024
Контейнерлік тасымалдың көкжиегі кең
Жаңалықтар
20.12.2024
«Магистраль Аwards-2024» жүлдегерлері анықталды
Жаңалықтар / Мұрағат
20.12.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №106-107 20 желтоқсан 2024 жыл
Жүк тасымалы
19.12.2024
Вагондардан жүк ұрлағандар жауапқа тартылуда