Арыс тұрғындары жарылыстар кезінде қалай құтқарғанын айтты

Әлеумет
19.07.2019, 12:07
Жансая Сыдықбай

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі

Мұрат Әбілдә – Арыс станциясында темірші болып жұмыс істейді. Ол Арыста жарылыс болған 24 маусым күні сағат 9.15-те жұмыс орнында болған. Жарылыс күшейіп, снарядтар ұша бастаған кезде көппен бірге «бомбадан паналайтын» жертөлеге қашып кіреді. Бұлар есікті ашып жан-жақтан бас сауғалап келген адамдарды кіргізе бастайды.

«Станцияның алдында жүре алмайтын өзбек әйел қайыр сұрап отыратын. Сол есіме түсіп есікке қарай жүгірсем, бір орыс әйелдер оны ары қарай алып бара жатыр екен. Бір кезде станцияға жақын орналасқан балабақшадағы балаларды да осында әкеліп жатты. Бәрін бомбадан паналайтын жерге кіргіздік. Айнала у-шу, абыр-сабыр болып жатты. «Кемедегінің жаны бір», шыдаңдар, тыныштық сақтаңдар» деп халықты сабырға шақырумен болдық. Сол жерде құран оқып, құдайға сыйындық, жұрт сәл тынышталғандай болды. Жертөлеге адам лық толған кезде ауасы тарылып кеткен еді. Қасымда Мұрат Иманқұлов деген дәнекерлеуші екеуміз «бомбаубежищенің» арғы жағындағы есікті ашпақ болдық. Сырттан жарылыстың дауысы гүрсілдеп естіліп, төбемізден снарядтар ұшып жатты. Ішке ауа жібермесек тағы болмайтын түрі бар.

Әшейінде оңай ашылатын есік ашылмайды, қарбалас кезде кілтін де таппай әуреге түстік. Содан 20 минуттай алысып жүріп, есікті ломмен сындырып, ішке ауа жібердік. Үлкендермен қатар бала-шаға су ішеміз деп шулап жатты. Жақын колонкадан шелектеп су тасыдық, бір кезде су да таусылды. Станция басшысының міндетін уақытша атқарушы Эдуард Әнуарұлына «су таусылды, дүкеннен бе, бір жерден су әкелейік» дедік. Су іздеп шыққан кезде бронижилет киген Арыс ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарын кездестірдік.

«Эвакуация, бірінші кезекте әйелдер мен балаларды шығаруға дайындап қойыңдар» деп тапсырма берді бізге. Бұл кезде күн түс болған. Бір сағаттан соң автобустар келіп, бала-шаға, қарт кісілерді, әйелдерді отырғызып, қалаға жөнелттік. Өзіміз ең соңында бастықтың қызметтік көлігімен Шымкент қаласына қарай шыққанда артымызда түтіндеп жатқан өлі қала қалып бара жатты», – деп әңгімелеп берді жарылыстың куәгері болған Мұрат Әбілдә.

Ол алғашқы жарылыста-ақ тілін кәлимаға келтіріп, ажал құшсам, мұсылман болып өлейін деп ойлағанын да жасырмайды...

Арыс санциясының бас инженері Нұрдәулет Пернеханұлы жарылыс болған күні Шымкент қаласында бөлімшеде болыпты. Жалпы, Арыс станциясында 325 теміржолшы еңбек етеді, бір ауысымға 70 адам түседі. Сағат 8.30-да жиналыс басталып, 9-да бітеді. Онда жұмыстың жағдайы,не нәрсе қажет, не жетіспей жатыр, кедергі болып шешілмей тұрған мәселелер айтылады. Алайда жұмыс енді басталып жатқан кезде жарылыстың салдарынан бәрі жайына қалады. «Сол күнгі болған оқиғаны әлі күнге қорқынышпен еске аламын. Маған сағат 9.30-да телефонмен Арыста жарылыс болып жатыр деп хабарласты. Ести салысымен дереу Шымкенттен асығыс аттанып кеттім, бірақ жолда МАИ қызметкері қаладан шығармай көлігімді ұстады. Олармен дауласып жүріп:

«Арыс станциясында бас инженермін, жарылыс болып жатыр» деп жағдайды түсіндіріп жүріп зорға өтіп Бадамға жетсем, сол жерден бастап БТР-мен қоршау қойып тастапты. Көлік те, адам да өте алмайды. Монтайтасқа барсам, ол жақта да жолды жауып тастапты. Сол жерде станцияда жұмыс тоқтап, адамдар түгел босатылғанын естідім. Ағайынтуысқа хабарластым. Атам бар еді, атақты теміржолшы Әуесхан Салықбаев, сол кісіні жігіттер Монтайтасқа әкеп берді, мешітке алып бардық. Жарылыс болған күні балаларым мен анам Шымкентте еді, құдай сақтап апаттан аман қалды», – деп еске алады бас инженер Н.Пернеханұлы.

Бас инженердің ойынша, Арыста болған жарылыстың салдары бұдан да зор болуы ықтимал еді. Неге десеңіз, оның пайымдауынша, біріншіден, жарылыс түнгі уақытта болмаған. Екіншіден, Арыс қаласына табиғи газ кіргізілмегені де абырой болған. Егер жарылыс газға жетсе, соңы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты дейді. Үшіншіден, жарылыстан бір күн бұрын қаладан шығатын үлкен трасса жөнделіп біткен екен. Қала тұрғындарының көбісі осы трассамен қашып үлгеріп, жолда кептеліс болмаған. Ал алдын жарылыс болмаған кезде көліктер жолдан жарты сағат айналып өткен. Тіпті, жолға Камаз сыймай қалып,өтер кезде жүргізушілер көлігін баяулататын болған.

Міне, осы себептердің арқасында жарылыстан көп адам аман қалды деп ойлайды бас инженер. Арыс-2 станциясының дәл жанында тұратын Шымкент жол бөлімшесінің қауіпсіздік ревизоры Нұрлан Дүйсенбаевтың үйі жарылыс салдарынан сау-тамтығы қалмай қирап қапты. Күлі көкке ұшқан үйдің тек қабырғалары қалған. Бір қызығы, есік алдындағы кішігірім бау-бақшасына аса қатты зиян келмепті. Саперлер қаланы оқ-дәрілерден тазалау жұмысы барысында бақшасына түскен үлкен снарядты қазып алған. Нұрлан Дүйсенбаевтың жұмыс орны Арыс станциясында орналасқанымен тікелей Шымкент жол бөлімшесіндегі қауіпсіздік бөліміне бағынады. Ол теміржол қозғалысының Алтықұдық, Арыс, Шымкентке дейінгі аралықтағы қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты.

«24 маусым дүйсенбі күні таңертең Шымкент бөліміне есеп беру үшін шығып кеткенмін. Әйелім үйде қалған болатын. Қалаға жете берген кезде әйелім ұялы телефонмен Арыста жарылыс болып жатқанын хабарлады. Дереу қарасам, расында қою түтін Шымкентке дейін көрініп тұрды. Әйелім қорқып кеткен, телефонның ар жағында жылап жатыр. Тез жиналып елмен бірге қаш, қайда барса, сонда бар дедім де әке-шешеме хабарластым. Әкем 81-де, шешем мүгедек аяғы ауыратын, екеуі де қалып қойған. Әкем «бізді келіп алып кет» деді. Інім екеуміз көлікпен шығып Бадамға барсақ жол жабық, өте алмай екі сағат тұрдық. Әскерилерге «әке-шешем үлкен кісілер еді, қораның ішінде отыр, қалада ешкім жоқ, барып алып келейік, өткізіңіз» деп жалындым. Олар маған 112-ге хабарлас деді. Мен дереу қоңырау шалып, әке-шешемнің тұратын мекенжайын айттым. Қайта-қайта хабарласып, сұрап тұрдым. Жарты сағатта бара қоймағасын шыдай алмай жолсыз жатқан егістіктен жасырынып өтіп, үй жаққа барсақ ТЖМ адамдары әкем мен шешемді алып шығып жатыр екен. Інім екеуіміз ішке кіріп, құжаттарды алып шықтық.

Содан өз үйіме келсем, түк қалмай жанып кетіпті. Соған қарағанда снарядтың ең күштісі түскен болу керек. Бықсып түтін шығып жатыр, тек қабырға тұр. Қаланың сыртына шыққан соң інім әке-шешемді Шымкентке алып кетті. Ал мен өзіме қарасты Талдықұдық станциясына барсам кезекші жалғыз өзі отыр. Оның отбасы да көшірілген. Екеуміз бірге станцияның алдында шулап жүрген адамдарды тыныштандыруға кірістік. Ұзамай екі состав келіп, пойыз диспетчерінің командасымен маневр тепловозымен адамдарды көшіруге кірістік. Топырлаған адамдар айтқанды тыңдамайды. Сосын оларға «Қауіпті жағдай бар. Сол себепті мына пойызға отырыңыздар. Сіздерді Сарыағаш жаққа қарай алып кетеді» деп түсіндірдік. Шымкенттегі басшылықпен хабарласып Талдықұдықта екі күн болдым», – дейді Н.Дүйсенбаев.

26 маусым күні НОДГП-9 зардап шеккен теміржолшылардың тізімін түгендеп шығыпты. Үкімет үй салып береміз деген соң, Нұрлан Дүйсенбаевтың әйелі де анықтама жинауға кіріскен. Ал төлқұжатын Шымкентте ХҚКО барып жасатыпты. Енді Төтенше жағдайлар министрлігінен «үйім өртенді» деген анықтама алуы керек. Оқиға болған күні ревизордың бала-шағасы үйінде болмапты. Дәл сол кездері нағашыларына қыдырып кеткен екен. «Балам 11 жаста. Ол негізі түске дейін ұйықтайтын. Жазғы демалысында нағашыларына жібергенбіз. Құдай сақтапты деп отырмыз. Ал қыздарым Шымкентте еді», – дейді.

Сөз арасында Арыс станциясының басшысы Эдуард Дербісов бастаған әріптестері көп қол ұшын созғанын айтып, алғысын білдірді. Оның жарылыста үйі қирап қалғанын естіп, дос-жарандары, группаластары бір кісідей жұмылып көмектесіпті. Алғашқыда Дүйсенбаев Шымкент бөлімшесіне қарайтындықтан материалдық көмек тек Арыс станциясының жұмысшыларына беріледі деп айтыпты. Кейін басшылар қосымша Талдықұдықты да кіргізіп, жәрдем ала алатын етіпті.

«Үкімет тек өртенген, құлаған, жарылған үйлерді есепке алып жатыр, олар әр үйдің қорасын, сарайын есепке алып жатқан жоқ. Әкімшілік үй соғып береміз дейді. Өртенген үймен бірге менің сонша жыл жиғантерген дүнием, жиһазым, киім-кешек, техника, компьютерім, т.б. заттарымның бәрі кетті. Оны есепке алып жатқан жоқ, 100 мыңнан ғана көмек береміз дейді», – деп ренішін де білдірген ревизор.

Арыстағы апат. Ол осылай тыныш күннің қадірін, адамдардың басына күн туған сын сағатта кім қайырымды, кім жанашыр, кім батыр, кім патриот, кім адал, кім бейтарап қалады, бәрі сыналатынын көрсетті. Апаттың себеп-салдары, кінәлілер анықталып, жазасын ала жатар. Алайда, тып-тыныш жатқан 45 мың халықтың өмірін бір сәтте астан-кестен етіп, әлі күнге бала-шаға түгілі үлкендердің өзі түнде ұйқысынан шошып оянып жатқаны аян. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, ел-жұрттың арқасында материалдық игілік – үй-жай, мал-мүліктің орны толар, енді оның моральдық зардабы да жойылсын деп тілейік.

Әлеумет
23.12.2024
Семейде «Өнерлі теміржолшы» байқауы өтті
Аймақтар
23.12.2024
Ұлттық құндылықтар ұлықталды
Аймақтар
23.12.2024
Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі
Жаңалықтар
23.12.2024
ҚТЖ басшылығының Семей және Алматы өңірлеріне жұмыс сапары
Спорт
23.12.2024
Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған спартакиада өтті
Жаңалықтар
23.12.2024
Теміржолшылар үш тәулікте 1125 шақырымнан астам жолды қардан тазартты
Әлеумет
23.12.2024
«Саламатты Қазақстан» жұмысын аяқтады
Спорт
23.12.2024
Жеті бірдей команда жүлдеге таласты
Аймақтар
23.12.2024
Маңғыстауда Тәуелсіздік күніне орай сайыс өтті
Жаңалықтар
23.12.2024
Жүк пойыздарынан тауар ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
ҚТЖ келбеті
20.12.2024
Жүзден жүйрік шықты
Жаңалықтар
20.12.2024
Жамбыл өңірінде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүріп жатыр?
Жүк тасымалы
20.12.2024
Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі жаңа бағыттарды еңсеріп жатыр
Жаңалықтар
20.12.2024
Келіссөз жүргізу де – өнер
Жаңалықтар
20.12.2024
Жұмысшы мамандығына мәртебе беріледі
Жаңалықтар
20.12.2024
Тиімді коммуникация құра білейік...
Жаңалықтар
20.12.2024
«Үздік ойыншы» – пойыз құрастырушы
Жаңалықтар
20.12.2024
Бірегей жобалар таныстырылды
Жаңалықтар
20.12.2024
Көңілді де тапқырлар клубы
Жаңалықтар
20.12.2024
Болашақ көшбасшылар елордада бас қосты