Өшпес ерлік - мақаттықтардың мәңгі мақтанышы

Әлеумет
10.03.2020, 14:04
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Ерлік соғыста ғана жасалмайды, бейбіт өмірде де қарапайым адамдар ерлікке пара-пар іс тындырып жатады. Мақатта теміржолшы қыз атында көше бар. Осыдан көп жылдар бұрын Мақат станциясының кезекшісі Айман осындай ерлік жасап, тұтас ауылды аман алып қалған.

Оқиға былай өрбіген. 1985 жылдың 14 қыркүйек күні Мақат станциясының кезекшісі Айман Жұмашева әдеттегідей жұмыс ауысымында отырады. Түнгі 1:15-те 11ші жолда өрт шығады. Оның себебі, 13-і күндіз станцияға Қандыағашқа баратын салмағы 4425 тонна ауыр жүк пойызы келіп тоқтайды. Жүк көлемін жеңілдету үшін құрамадан бес цистерна дөңес арқылы ажыратылып, 11-ші жолдағы вагондарға жалғанады. 14-і түнгі 00:05 уақытта №3402 пойызымен 10-шы жолға келген машинист вагондардың бірінен сұйықтық ағып тұрғанын байқап қалады.

Ол станция кезекшісі Айман Жұмашеваға рация арқылы хабарлайды. Кезекші техникалық қамту бөлімінің операторына сол жерге дереу вагон қараушыларды жіберуге нұсқау береді. Вагон қараушылар мен жөндеушілер жедел жеткенмен, 15 тонна бензин жерге төгіліп, біраз жерге жайылып үлгерген еді. Станция қызметкерлерінің бірінің қателігі шығар, шылым шоғынан ұшқын тиіп лап етіп өрт тұтанады. Нәтижесінде ішінде бензині бар 4 қазан жарылып, ол лаулаған өртке ұласады...

Айман орын алған жағдайды тиісті орындардың бәріне хабарлайды. Ендігі міндет станция басындағы тез тұтанғыш вагондарды өрт аумағынан шұғыл алып кету үшін жанталаса іске кіріседі. Осы операцияны басқару пункті үшінші қабатта болатын.

Онда станция кезекшісінің көмекшісі, ЭЦ постының кезекшісі және 2 СОБ электромеханигі болған еді. Вагон жарылып, өрт қаупі төнгенде олар жан сауғалап жұмыс орындарын тастай қашады. Басқару пультінде жалғыз қалған Айман өрттің әрі қарай өршімеуі үшін барлық жағдайды өз қолына алып, өзі басқарып, станция басындағы жылжымалы құрамдарды жан-жаққа таратып, бұйрық берумен болады. Айналасы бірнеше сағаттың ішінде қаршадай қыздың батыл да сауатты іс-әрекетінің арқасында үлкен қопарылыстың алды алынып, жүздеген вагон жақын маңдағы разъездерге шығарылады.

«Станцияның жолды ашып-жабу бөліміне келсем, кезекші Айман Жұмашева басқару пультінде жалғыз қалғанын көрдім. Айман рация арқылы ашуға келетін жолдарды ашып-қосып, машинистер ге бірінен соң біріне жолға шығып кетуге жан ұшыра бұйрық беріп шыр-пыр болып жатты. Қараңғы түн, айнала өрт, жанында ешкім жоқ қаршадай қыз төтеден келген қауіппен жалғыз арпалысып жатты. Сөйтіп, бір сағаттың ішінде 139 вагонды жан-жаққа таратып, өрттен құтқарып қалды. Әрине, алапат өртті сөндіруге өрт сөндіру пойызы, әскери қызметкерлер, жан-жақтан келген өртке қарсы күрес жауынгерлері жұмылдырылды. Бірнеше адамды күйік шалды. Бірақ, дәл өрт басталған сәтте Айманның барлық қозғалысты қолға алған батыл шешімі мен қайсарлығы болмағанда, өрт бүкіл станцияны жалмағаны былай тұрсын, бүкіл кентке жайылуы мүмкін еді» деп еске алады кейін оқиға куәгері болған желілік милиция қызметкері Қали Сәбиев.  

Төтенше жағдайда ерекше ерлік көрсеткен Айманның таңғы жетіге дейін тілсіз жаумен арпалысқан еңбегі зая кетпеді, станция жойқын жарылыстан аман қалды, орны толмас көп шығынның алды алынды. Айман соңына дейін пульттен кетпей өз ісіне деген адалдығын дәлелдеді.

Сол кезде ол небәрі 25 жаста еді. Ол 1960 жылы Мақатта теміржолшы отбасында дүниеге келді. 1979 жылы Гурьев темір жол техникумын бітіріп, Мақат станциясында станция кезекшісі, маневр диспетчері болып еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Тұрмыс құрды. Алайда, сол алапат өрт оқиғасы нәзік жан иесінің жүрегіне ауыр салмақ түсіргені сөзсіз.

Ол кейін жүрек талмасынан қайтыс болды. Үлкен апаттың алдын алған ерлігі үшін ол қандай марапатқа да лайық еді, бірақ сол кездегі жүйе оны елеп-ескермеді. Жігіттің жігіті шыдайтын сын сағатта жауапкершілік жүгін арқалаған кішкене ғана қазақ қызының ерлігін ескерудің орнына оған тергеу органдары шүйлігіп, сотқа сүйреді. Ақыры нәзік жүрек шыдамады. Артында Назгүл, Гауһар есімді сүйкімді қыздары қалды. Олар бүгінде бой жетіп, Назгүл дәрігер болса, Гауһар сол анасының орнында отыр, диспетчер...

Тек 2007 жылы, арада 22 жыл өткен соң, сол жылдардағы Мақат станциясының бастығы, аудандық мәслихат депутаты болған Алтай Көбегеновтей азаматтардың ұсынысымен, мақаттықтардың қолдауымен Айман Жұмашеваға көше аты берілді. Аудандық ономастикалық комиссияның 11.12.2007 жылғы ұйғарымымен Мақат кентінің «Теміржолшылар» шағын ауданындағы жаңадан салынған көше қазақтың қайсар қызының атымен аталатын болды. Мақаттықтар Айманды ұмытқан жоқ, батыр қыздарын мәңгі мақтан тұтады.

Қауіпсіздік
04.03.2026
Шымкентте теміржолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесі талқыланды
Әлемде
04.03.2026
Белград-Будапешт жоғары жылдамдықты желісі жүк тасымалы үшін қолданысқа берілді
Жаңалықтар
04.03.2026
Теміржол инфрақұрылымын су тасқыны кезеңіне дайындау мәселелері талқыланды
Жүк тасымалы
04.03.2026
Қытай-Еуропа теміржол тасымалының әлеуеті артпақ
Жаңалықтар
04.03.2026
Теміржол саласын жаңғыртудағы әйелдердің рөлі
Жаңалықтар
03.03.2026
ҚТЖ мен Wabtec стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Аймақтар
03.03.2026
Ел дамуының стратегиялық бағыты
Жүк тасымалы
03.03.2026
Алашаңқайдың әлеуеті артқан
Аймақтар
03.03.2026
Маңғыстау локомотив депосы жаңа тепловоздармен толықты
Аймақтар
03.03.2026
Электр желілері мен байланыс жүйесі жаңартылды
Аймақтар
03.03.2026
Тараз станциясында еңбек қауіпсіздігіне арналған тренинг өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
03.03.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №16 03 наурыз 2026 жыл
Жаңалықтар
02.03.2026
ҚТЖ-да қозғалыс қауіпсіздігі мен өндірістік көрсеткіштер оң динамика көрсетуде
Аймақтар
02.03.2026
Шар станциясында «Заң керуені» республикалық акциясы өтті
ҚТЖ келбеті
02.03.2026
Тәжірибелі тәлімгер
Қауіпсіздік
02.03.2026
Павлодарда 300-ге жуық адам жол ережесін бұзған
Спорт
02.03.2026
Бейнеуде теміржолшылар арасында спорттық жарыс өтті
Қауіпсіздік
02.03.2026
Шиеліде оқушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Аймақтар
02.03.2026
Су тасқынына дайындық күшейтілді
Әлемде
02.03.2026
Литвада Stadler компаниясының түйіспелі-аккумуляторлы пойызы сынақтан өтуде