Тігін машинасына отырған теміржолшы

Әлеумет
13.04.2020, 11:05
Сабырхан Сейілбекұлы

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші

Бүгінде бүкіл әлем елдері коронавирус індетімен барынша күресіп жатқанда, теңізге тамшыдай үлес қосуға тырысып жатқан жүздеген-мыңдаған азаматтарды көріп шүкір, ел екенбіз, жұрт екенбіз дедік. Қазалы вагон пайдалану депосының үздік вагон қараушы-жөндеушісі Серік Шәденов жұмыстан бос уақытта тігін машинасына отырып, вирустан қорғайтын медициналық бетперделер тігіп, әріптестеріне тегін таратуда.

– Маскаң қайда? Берілген бетпердені қайда қалдырдың? Бәрің бетперде мен қолғап киіп жүретін болыңдар!...

– Жігіттер, кешегі пайдаланған бетперделеріңді бүгін вагонник Серіктен немесе профком Бақытжаннан жаңасымен ауыстырып алыңдар! Жұмыста да, үйде де жеке гигиенаны қатаң сақтаңдар, жұмыстан бос уақытта ешқайда шығуға болмайды, вагонға сервистік, техникалық қызмет көрсету кезінде профилактикалық сақтық шараларын ұстанып, бір-біріңмен арақашықтықты қатаң сақтаңдар!....

Бұл Қазалы вагон пайдалану депосы теміржолшыларының ауысым алдында, жұмысқа келгенде және жұмыс аяқталып үйлеріне беттеген кезде басшылық құрамнан құдайдың құтты күні еститін ескертулері. Мұның бәрі ҚТЖ басшысының «СОVID-19 індетінің таралуының алдын алу және сақтану» жайлы жариялаған пәрменіне қатысты депо бастығы Арғын Орымбаевтың 27наурыздағы №99 бұйрығына сәйкес жасалып жатқан сақтық шаралары.

Қазалылық вагоншылар ұжымында инфекциялы індеттен қорғанатын бетпердеге деген мұқтаждық жоқ десек болады. Алғаш осы қарапайым масканың тапшылығынан абдырап қалған вагоншылар депо басшысының, кәсіподақ ұйымының демеушілігімен жағдайды оңай игеріп, қиындықтан шығар жол таба білген. Дұрысы, өздерін өздері құтқарды...

Аймақта індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде қарапайым қорғаныс бұйымы қат болып, халық тығырыққа тірелгені жасырын емес, тиын тұратын медициналық бетперденің бағасы шарықтап, дәріхана сөрелерінен лезде жоғалды. Осындай кезде Қазалы вагон пайдалану депосының вагон қараушы-жөндеушісі Серік Шәденов өз ауысымындағы теміржолшыларға бетперде тігіп беріпті деген сөз депо теміржолшылары арасында тез тарады. Депо басшылығы мен кәсіподақ ұйымы жетекшілері шебер жігітті лезде алдырып, оның жасаған маскасын көзбен көріп тәнті болды. Ақылдаса келе оған депо теміржолшыларына түгел бетперде тігуге өтініш айтылып, ісмер жігіт бұл өтінішті құп алды. Содан бері сарайда жатқан ескі тігін машинасын алдына өңгеріп алып, бос уақытта зырылдатып тігін тігіп отырған Секеңе өтініш айтушылар тіпті көбейді.

Қазалы вагон пайдалану депосының вагоншысы Серік Сейдуллаұлы он саусағынан өнер тамған бесаспап екенін енді біліп жатқандар қатты таңқалуда. Оның өндірістік жұмыс барысында кез-келген қиындықтан жол табатын шеберлігін, тәжірибесін бұрыннан білетін ұжымдастары тігіншілік өнері де бар екенін біліп қана қоймай, Серіктің тіккен медициналық бетперделерінің сапалылығын да сөз қылуда.

«Әйелдердің өзі бұлай тіге алмас! Өзі өте ыңғайлы екен…» десіп, осынау қиын кезде қажеттерін өтеген әріптестеріне ризашылықтарын жамырап жеткізіп жатты… – Аймақта жарияланған төтенше жағдайға байланысты Серік бетперде тігіп, бірге жұмыс жасайтындарға үлестіріп беріпті дегенді естіп, онымен жеке сөйлесіп келісімге келдік. Серіктің жұмыстан бос уақытында маска тігуіне қажетті заттарын алуына көмек бердік. Серктің осы азаматтық ісіне орай оны арнайы «Алғыс хатпен» марапаттадық. Тігілген маскалар сапалы әрі көп рет қолдануға жарамды, ұжым теміржолшыларына керекті мөлшерде үлестірілуде,–деді Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орымбаев.

Ал Серік Сейдуллаұлының айтуынша, тігін машинасын ұстағаны бір бүгін емес, бұл оның бұрыннан жақсы көретін хоббиі екен.

– Жасырақ кезімде көп айналыстым. Анау мынау пішіп-тігу, қысқарту маған түк емес. Кеше мына індеттен сақтану қажеттігі туындады, бетперденің бағасы қымбаттап, оны табудың өзі қиынға айналды. Осыны өзім де тіге алатын болған соң қажетті материал тауып тігіп, алдымен мектеп жасындағы үш балама, сауап үшін ағайынға, ауысымдағы жігіттерге тараттым. Мұны ұжымдастарым естіп, басшылықтың қолдауымен оларға да маска тігіп, төрт ауысыммен жұмыс жасайтын әріптестеріме түгел жететін бетперде тіктім. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын, мынау індеттің бетін қайтару үшін әркім қолдан келгенін жасап жатыр ғой, – деді бесаспап теміржолшы Серік.

Инфрақұрылым
25.05.2026
«Мойынты – Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы тәулік бойы жүргізілуде
Жаңалықтар
25.05.2026
ҚТЖ теміржол желісін дамытып, жылжымалы құрамды жаңартып жатыр
Жаңалықтар
25.05.2026
ҚТЖ машинистері жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 20 ЖКО алдын алды
Жолаушылар тасымалы
25.05.2026
Жазда пойызбен қайда баруға болады: Қазақстан бойынша танымал бағыттар
Жолаушылар тасымалы
25.05.2026
Биыл 28 мыңнан астам жолаушы «Күту парағы» арқылы билет рәсімдеді
Жаңалықтар
25.05.2026
Қазақстан Калифорнияда Транскаспий дәлізінің мүмкіндіктерін таныстырды
Әлемде
25.05.2026
Пәкістанда жолаушылар пойызы жарылып, 20 адам қаза тапты
Жаңалықтар
23.05.2026
ҚТЖ орталық аппараты қызметкерлеріне жолды жаңғыртудың заманауи технологиялары көрсетілді
Инфрақұрылым
23.05.2026
«Курорт-Бурабай» вокзалы маусым айында пайдалануға беріледі
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен Өзбекстан теміржолшылары тасымалдар мен порт инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен ЕО Транскаспий дәлізін дамыту мәселелерін талқылады
Жүк тасымалы
22.05.2026
Қытай мен Ауғанстан арасында Түрікменстан арқылы өтетін жаңа логистикалық бағыт іске қосылды
Аймақтар
22.05.2026
Семей теміржолында кешенді жұмыс қарқын алды
Аймақтар
22.05.2026
Жаз маусымына дайындық бағаланды
Аймақтар
22.05.2026
Ардагерлер кеңесі өтті
Инфрақұрылым
22.05.2026
Ақтөбе вокзалында жолаушыларға барлық жағдай жасалады
Аймақтар
22.05.2026
Ардагер Нұрғали Төлеповке ескерткіш тақта орнатылды
Жаңалықтар / Мұрағат
22.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №39 22 мамыр 2026 жыл
ҚТЖ келбеті
21.05.2026
Жол үстіндегі жиырма жыл
Әлемде
21.05.2026
Бішкектен Ыстықкөл жағалауына дейінгі пойыз маусым айында іске қосылады