90 жылдан астам тарихы бар Теміржолшылар кенті

Станция тынысы
08.08.2023, 09:42
Суреттерді түсірген автор
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Астананың іргесіндегі «Теміржолшылар» кентінің байырғы атауы – Қырқыншы, өңірдегі ең байырғы теміржол бекеті. 1931 жылы құрылған станцияның 90 жылдан асатын тарихы бар. Бүгінде бірінші санатты станцияда елордаға ғана емес, бүкіл Ақмола өңіріне келетін барлық жүктер қабылданып, түсіріледі және таратылады. Елорданың жүк қақпасы атануы бекер емес.

Станция бастығы Алексей Чернай теміржолшылар әулетінен шыққан жергілікті азамат, үш жылдан бері осы станцияны басқарады.  

– Бұл жерге негізінен тек жүк пойыздары тоқтайды, сонымен қатар 1 жолаушылар, 2 электр пойызы аялдайды. Тек Астана қаласына ғана емес, жалпы Ақмола облысына пойызбен жеткізілетін жүктердің барлық түрлері осы станциядан түсіріледі және кететін жүктер тиеледі. Мұндай ауқымды жүк тиеу, түсіру жұмыстары ескі Астана-1 станциясында да жүргізілмейді. Сондықтан Астананың, жалпы Ақмола өңірінің экономикасы үшін Қырқыншы станциясының маңызы зор, – деп мәлімет берді ол.  

Теміржолшылар кентінің атауы да әрине станциямен байланысты пайда болған. Себебі сол өткен ғасырдың 30-40 жылдары мұнда негізінен станцияда қызмет ететін теміржолшылар өмір сүрген. Ал бүгінде кент өсіп кеңейіп, халық саны да екі-үш есе артқан. Астананың құрамдас бөлшегі ретінде дамуда. Теміржолдың машина жасау кластері қоныстанған индустриялық парк те осында орналасқан.  

– Жолаушылар пойыздары көп тоқтамайтындықтан мұнда вокзал салынбаған. Дегенмен үш пойызға мініп-түсетін жолаушылар үшін әкімшілік ғимараты жанына қыста жылытылатын контейнер қойдық. Біз үшін бірінші кезекте – жүк түсіру жұмыстары. Бұл жүктер – елордадағы жол салу, тұрғын үйлер құрылысы үшін аса қажет цемент, кірпіш, плита сияқты құрылыс материалдары және күзде жеткізілетін көмір, т.т. Маусымдық жұмыстар кезінде қала және Алматы ауданы әкімдіктерімен тығыз жұмыс жүргіземіз. Одан басқа да нарықта қандай жүк түрі бар, соның бәрі осында келіп, жан-жаққа таралады. Осы жүктерді қабылдап алатын 90 кірме жол бар айналада, оларда тәулігіне 300 вагон жүк түсіріледі. Жүктерді жөнелту және қабылдап алу қызметіне тапсырыс беретін 240 шақты тұрақты клиентіміз бар, олармен ынтымақта жұмыс жүргіземіз. Станцияда 15 жол бар, оның бесеуі – жолаушы пойыздарын қабылдап-жөнелтуге, төртеуі – вагондарды кірме жолға дайындауға, қалғандары жүк пойыздарын жөнелтуге арналған, – дейді А. Чернай.

Станция аумағында ірі өндірістік аймақтың болуы, бірнеше алып зауыттардың орналасуы да теміржол тасымалының жүгін еселей түседі. Биыл жыл басынан бері станцияда 46 мың вагон жүк түсірілген. Бір вагон 50 тоннадай жүктен тұрса, барлығы 3 миллионнан астам тонна жүк түсірілді деген сөз. Теміржолшылардың айтуынша, станция екі қайта құру кезеңінен өткен. Біріншісі 1985 жылдары Целиноград қаласын дамыту үшін құрылыс нысандарын салумен байланысты жүк айналымының өсуіне байланысты болған. Сол кезде шағын бекет тораптық және жүк станциясы деген мәртебе алған. Екінші қайта құру «Нұрлы жол» вокзал кешенінің ашылуымен байланысты болды. 

 

Станцияда бүгінде 5 станция кезекшісі, 9 пойыз құрастырушы, 5 кезекші көмекшісі, 14 тауар кассирі, маневрлік диспетчерлер, жүк қабылдап-жөнелтушілер, кеңсе қызметкерлері – барлығы 124 теміржолшы еңбек етеді. Олардың 30 пайызы аталған кентте өмір сүреді.  

Станцияның теміржолды жағалай орналасқан екі ғимараты бар. Бірі – әкімшілік, екіншісі нағыз өндіріс мамандары отыратын ЭЦ-қосыны. Осы қосынның үшінші қабатында «қозғалыстың командирі» атанған станция кезекшілері отырады. Станция бастығы бізді 39 жыл осы жерде тапжылмай еңбек етіп өткізіп келе жатқан Жақыпбек Назаровпен таныстырды. Пульт табло алдында отырған станция кезекшісі қаптаған телефондардың бірінен соң біріне жауап беріп, алдындағы таблодан көз алмай қауырт жұмыс үстінде отыр екен.  

Тәулік бойына жалғасатын тоқтаусыз тасымал, арасы үзілмейтін пойыздар қозғалысын реттеуде, оларды станция жолдарына уақытына, санатына, жүк түріне қарай бөліп орналастыруда станция кезекшісінің білімі мен тәжірибесі аса қажет. Білікті маман болмаса, вагондар кептетіліп, не ары, не бері шыға алмай, жетер жеріне жете алмай қалуы мүмкін. Осындай істі атқарудағы шеберлігі сан жылдық тәжірибемен келген Жақыпбек Жаналыұлы енді екі жылдан соң зейнетке де шығады екен. Оның тағы бір ерекшелігі – өзі нағыз осы жердің тумасы болуы. Яғни осы Қырқыншыда туып, сонда 50 жыл өмір сүріп, аталған мекемеде табан аудармай жұмыс істеп келеді. 11 жылдан бері Астанада тұрғанымен, туған жері осынау алақандай ауыл екенін мақтанышпен айтады. Теміржолшылар отбасынан шыққан оның әулетінің саладағы еңбек өтілі жүз жылдан асыпты, екі қызы да теміржолшы.  

– Әкем осы станцияда 1960 жылдары кезекші, анам техникалық кеңсе қызметкері болып өмір бойы еңбек еткен. Нағашы атам соғыс кезінде паровоз машинисі болған. Көзімді ашқалы көргенім теміржол болды. Ата-анамның жұмысқа бара жатқаны, келе жатқаны, киген жұмыс киімдері, жұмыс орнына барғандағы алған әсерім менің болашақта кім болатынымды нақты анықтауыма әсер етті. Еңбек жолымды 1984 жылы осы жерде парк кезекшісі болып бастадым. Ол кезде станцияда тек 9 жол бар еді. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Қырқыншы көп дамып, өркендеді. Ең бастысы жұмыс жеңілдеді. Компьютер арқылы «Гид Урал» ақпараттық жүйесімен жұмыс істей бастағаннан кейін барлық бағыттан келе жатқан пойыздарды өзіміз көре алатын болдық. Бұрын олардың келе жатқанын орталық диспетчердің хабарлауы арқылы біліп отыратынбыз. Мұнда Павлодардан келе жатқан пойыздарды Қарағандыға бұрамыз. Ол пойыз Астанаға бармайды. Елорданың Қырқыншысыз дамуы мүмкін емес. Қаладағы кәсіпкерліктің, құрылыстың, басқа да көптеген салалардың дамуы үшін қажетті жүктер тек қана Қырқыншыдан түсіріледі. Жалпы бұл Қазақстан бойынша 5 бағытта жұмыс істейтін жалғыз станция, – дейді кейіпкеріміз.  

Оның міндетіне – станцияға тәулігіне келетін 30 жұп жүк, 20 жұп жолаушылар пойызының қозғалысын үйлестіру кіреді. Салаға сіңірген еңбегі бағаланып, талай рет марапаттарға ие болған, «Үздік маман» және «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері.  

Елорданың ғана емес, Ақмола өңірінің даму көрсеткіштеріне қомақты үлес қосып отырған станцияда әрбір теміржолшының еңбегі зор. Астана қаласы іргесіндегі станцияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы қайнаған еңбектің үздіксіз жалғаса беретініне көз жетті.  

 

Аймақтар
14.05.2025
«Әкем – асқар тауым»: Қызылордада әкелер мен ұлдар сайысы өтті
Қауіпсіздік
14.05.2025
20 мыңнан астам азаматқа теміржолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Әлемде
14.05.2025
Қытайда сутегімен жүретін пойыз алғаш рет жолға шықты
Жаңалықтар
14.05.2025
Мас жолаушы пойыздың тоқтау-кранын жұлып алып, тоқтауына себеп болды
Жаңалықтар
14.05.2025
Қытай Қазақстанға алғашқы CEA1 магистральдық электровозын жеткізді
Жүк тасымалы / Апта саны
13.05.2025
ҚТЖ желісінде жүк тасымалы 4,5%-ға артты
Сұхбат
13.05.2025
Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ: «Шиеленісті жағдайды уақытылы шешуге мүдделіміз»
Аймақтар
13.05.2025
Ғибратты ғұмыр
Аймақтар
13.05.2025
Жүз жасаған кейуана
Станция тынысы
13.05.2025
Болашақ станциясы өсім жолында: жаңа дәреже – жаңа міндеттер
Аймақтар
13.05.2025
Теміржолшылар Жеңіс күні бірлік пен рухты паш етті
Жаңалықтар / Мұрағат
13.05.2025
Қазақстан теміржолшысы газеті, №36 13 мамыр 2025 жыл
Жүк тасымалы
12.05.2025
Қытайдан Орталық Азия елдеріне контейнерлік тасымал 104%-ға өсті
Жаңалықтар
12.05.2025
Қазақстан бидайы алғаш рет БАӘ нарығына шықты
Жаңалықтар
12.05.2025
Алты ел еуразиялық дәлізді қалыптастыру барысын талқылады
Спорт
12.05.2025
Бес вагон сүйреп рекорд орнатты
Аймақтар
12.05.2025
Шымкент вокзалы маңындағы алып сағат қайта іске қосылды
Жүк тасымалы
12.05.2025
Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан теміржолшылары жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуды талқылады
Әлемде
12.05.2025
Қырғызстанда Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан бағыты бойынша алғашқы тоннельдің құрылысы басталды
Әлемде
12.05.2025
CAF компаниясы жаңа Oxygène электр пойызын таныстырды