Беларусьте алғашқы жүргізушісіз трамвай іске қосылмақ
Беларусьтің Мозырь қаласында жасанды интеллект басқаратын елдегі алғашқы рельсті көлікті іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта пилоттық жоба әзірлеу және пысықтау кезеңінде, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Гомель облыстық атқару комитетінің мәліметінше, Мозырьдегі трамвай бағыттарының бір бөлігі қала аумағынан тыс жерлермен өтеді. Мамандар бұл ерекшелік автономды көлік технологияларын сынақтан өткізуге қолайлы жағдай жасайды деп есептейді. Жоба «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылмақ.
Жүргізушісіз трамвай заманауи навигация және автоматты басқару жүйелерімен жабдықталады. Жүйе қалалық инфрақұрылыммен, соның ішінде бағдаршамдармен өзара әрекеттесе алады.
Жасанды интеллект трамвайдың бағыт бойынша қозғалуын, белгіленген аялдамаларға тоқтауын, тежеуді, сондай-ақ есіктерді ашып-жабуды автоматты түрде басқарады.
Дегенмен алғашқы кезеңде трамвай кабинасында маман болады. Жүргізуші борт инженері қызметін атқарып, жасанды интеллект жүйесінің жұмысын бақыламақ. Төтенше немесе штаттан тыс жағдай туындаған кезде ол көлікті басқаруды өз қолына ала алады.
Жоба жүзеге асса, Мозырь Беларусьтегі жасанды интеллект көмегімен басқарылатын трамвай сыналатын алғашқы қала болмақ.