Түркияда сағатына 250 км жүретін жаңа пойыздардың өндірісі басталды
Түркияның Сакарья провинциясында жоғары жылдамдықты HT 70001 пойыздарының сериялық өндірісі басталды. Өндірісті мемлекеттік TÜRASAŞ компаниясы жүзеге асырып жатыр. Қазір кәсіпорында пойыздың екінші құрамы құрастырылуда, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұған дейін дайындалған алғашқы HT 70001 сынақ барысында сағатына 250 шақырым жылдамдыққа жеткен.
Жаңа жүрдек пойыз сегіз вагоннан тұрады. Оның кузовы алюминийден жасалған және 577 жолаушыға арналған орынмен жабдықталған. Пойызда өрт туралы хабарлау, кондиционерлеу, жолаушыларға ақпарат беру және бейнебақылау жүйелері қарастырылған.
Пойыздың қозғалысын басқару жүйесі мен тартқыш жабдықтарын TÜRASAŞ түркиялық ASELSAN корпорациясымен бірлесіп әзірлеп, өндірген.
Алдағы уақытта HT 70001 пойыздарының сериялық өндірісін Сакарьядағы жаңа өндірістік алаңға көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі кезде нысан құрылысының шамамен 90 пайызы аяқталған.
Аумағы 18 мың шаршы метр болатын жаңа кәсіпорында пойыздарды құрастырумен қатар, дайын техниканы сынақтан өткізу жұмыстары да жүргізіледі.
Жоспарға сәйкес, 2027 және 2028 жылдары жыл сайын жеті HT 70001 пойызынан, жалпы 14 құрам шығару көзделген.
Жоба Түркияның жүрдек теміржол көлігі өндірісіндегі отандық технологияларды дамытуға бағытталған.