Беларусь президенті Александр Лукашенко швейцариялық Stadler компаниясының елдегі қызметіне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 23 қазанда Минскідегі «БКМ Холдинг» зауытында өткен жолаушылар көлігін дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Rail-news.kz.

БелТА агенттігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы «Штадлер Минск» кәсіпорнының жұмысы әзірге күткен нәтижені бермегенін атап өткен. Оның айтуынша, Беларусьтің өз пойызын өндіру жобасы әлі өндіріс кезеңіне жетпеген.

Лукашенко кәсіпорынның негізгі көрсеткіштерінде белгілі бір өсім бар екенін мойындағанымен, Фанипольдегі өндірістік алаңның қуаты небәрі 24%-ға жүктелгенін айтты. Сондай-ақ үкімет пен Минск облыстық атқару комитетінде кәсіпорынды одан әрі дамыту жөнінде нақты жоспар жоқ екенін сынға алды.

Лукашенко Мемлекеттік бақылау комитетіне жағдайды тексеруді тапсырды. Жыл қорытындысы бойынша Беларусь темір жолының кәсіпорын өнімдерін сатып алудағы рөліне де баға берілмек.

Stadler компаниясының ресми мәліметіне сәйкес, Фанипольдегі жылжымалы құрам өндірісі 2022 жылы тоқтатылған. Кейін кәсіпорында жекелеген механикалық жұмыстар ғана жүргізілген. Ал 2025 жылдың қарашасында зауыт жолаушылар вагондарына арналған арбалардың дәнекерленген жақтауларын шығаруға сертификат алған.

Бұған дейін Беларусь темір жолы Фанипольде Stadler компаниясының 65 пойызын өндіруге тапсырыс беру жоспарын жариялаған еді. Алайда өндіруші бұл келісімді жоққа шығарып, санкциялық шектеулер жағдайында елдегі өндірісті қайта бастауға дайын емес екенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта Stadler Лукашенконың мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Ал Беларусьтің көлік саласында жылжымалы құрам паркін 2030 жылға дейін жаңарту бағдарламасы бекітілген. Оның жалпы көлемі 47,7 млрд Беларусь рублін құрайды.