Еңбек өтілі 600 жылды құрайтын теміржолшы әулеті

ҚТЖ келбеті
19.04.2023, 10:56
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстау теміржолында тамыры тереңнен бастау алатын үлгілі еңбек әулеттері көп. Солардың бірі ғұмырының қырық жылын теміржол шаруашылығына сарп еткен Ізмағанбет Өмірұзақтың шыққан тегі.  

600 жылдық тарихы бар династияның белді мүшесі болған Ізмағанбет ағамыз іргелі салаға 1973 жылы, орта мектепті бітіре салысымен келіпті. Айтуынша мектеп қабырғасында әуе көлігі және газ саласының маманы болуды армандаған.  Бірақ Ленин орденді Қазақ теміржолына қарасты орта мектебін бітірген түлектің теміржолға бүйрегі бұрмауы мүмкін емес еді. «Жан-жағыма қарасам, бәрі теміржолшы. Соңғы шешім өзгерді. Жұмыс жолымды ПЧ-22 Орта Азия темір жолының Бейнеу – Ақжігіт аралығынан бастадым» дейді бұл жөнінде. 1975 жылы Гурьев теміржол-техникалық мектебінің тепловоз машинистінің көмекші курсын бітіріп, Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосының Бейнеу ауыстыру нүктесінде машинист көмекшісі жұмысына барады. 1979 жылы Ашхабад теміржол-техникалық мектебінің тепловоз машинисті курсын тәмамдап, Қоңырат локомотив депосында машинист болады. 1984 жылы Алматы көлік инженерлері институтынан «Локомотив шаруашылығы» бағыты бойынша қатынас жолдарының инженер-механигі мамандығын алады.

1980-1985 жылдары Маңғыстау депосында машинист көмекшісі, тепловоз машинисті, машинист-нұсқаушысы болады. 1985 жылдың желтоқсан айынан 1986 жылдың қазанына дейін жаңа ашылған Бейнеу локомотив депосында бас инженер, 1986-1994 жылдары Маңғыстау депосында депо кезекшісі, техникалық бөлім инженері, техникалық бөлім басшысы, машинист-нұсқаушы, пайдалану жөніндегі локомотив депосының орынбасары, депоның бас инженері міндеттерін атқарады. 2007 жылдан 2019 жылға дейін Манғыстау жол бөлімшесінде локомотивтерді пайдалану бөлімін басқарады.  

– Тәуелсіздіктің ілкі жылдарында тоқырау басталып, жүк тасымал көлемі күрт қысқарды. Пойыз қатынасы азайды. Отбасы жағдайы мен сондай себептерден теміржолдан кетуге тура келді. 1994-2000 жылдары «Қазақгаз» ҰК-қа жұмыс ауыстырып, бала күнгі армандаған мамандықта өзімді сынап көруге мүмкіндік туды. Десек те бар ой теміржолда болатын.  

2000 жылы Ақтау портының жаңғыртылуына, теңіз портындағы жұмыстың күшеюіне орай теміржолдағы шаруа қайтадан қыза түсті. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Кадрлар қажеттігі туындады. Басшылықтың, нақты айтқанда, сол кезде Маңғыстау бөлімі бастығының орынбасары Мэлс Бисултановтың шақыртуымен өз салама қайта оралдым. 2000-2007 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Атырау тасымалдау бөлімшесінің Маңғыстау бөлімінде инженер, бөлім басшысының орынбасары және қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі жұмыстарын атқардым. Ол уақытта теміржолда жаңа серпілістер болып жатты. Қайта құрылымдау басталды. Ақтау порты ашылды. Пароммен порттан жүктерді жөнелтуге кірістік. Порт арқылы мұнай, Қарағанды металлургия комбинатының өнімдері, 2002 жылдың соңынан бидай тасымалданды. Ақбидай терминалы ашылып, терминалмен бидай экспорттауға жұмыстандық. Қателеспесем, сол кезде жылына 10 млн тоннаға жуық жүк өткізетінбіз. Ең көлемдісі – мұнай. Бидай Солтүстік Қазақстаннан теміржолмен жеткізіліп, терминалға құйылатын. Одан кемемен Баку, Иран асып, жан-жаққа экспортталатын. Мұнай да солай. Темір рудасы көбіне Иран арқылы шығарылатын. Мұнайдың бір бөлігі Иран, бір бөлігі Баку, Жихан, Грузияға, одан әрі қарай Қара теңізбен кететін, – дейді ол.  

І. Оразбайұлының өзге салада өткен бірнеше жылы демесек, осынша уақыт бір кәсіпті нәсіп етуінің бірден бір сыры болса, оны өскен ортасы,  шыққан тегімен байланыстырады. Туған отбасы да, айналасы да болат жолдан рызқын терген жандар. Атасы Өмірұзақ Тасмағанбетов бастаған династия мүшелерінің салаға қосқан еңбек өтілі 600 жылға шамалас. Соның 200 жылға жуығы Түрікмен КСР-інің Ашхабад теміржолында өтсе, қалғаны Қазақстан теміржолында. Әулетке мамандықты алып келген атасы Өмірұзақ пен әжесі Тәжім. Ерлі-зайыптылар 1932-33 жылдардан бастап Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарында Ашхабад теміржолында жол жұмысшысы болған.  Олардан туған төртеу – Шығанбай, Оразбай, Тұрдықылыш, Тұрлыбек Өмірұзақұлдары ата-анасының жолын таңдайды. Ағалы-інілер 1941-1994 жылдар аралығында шойын жол шаруашылығының түрлі сатысында жүріп, Батыс Қазақстан теміржолының Гурьев жол бөлімшесі НОД-4-тің ПЧ-19, ВЧД-6 мекемелерінде өткел кезекшісі, учаскелік қозғалыс ревизоры, Ашхабад белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер, басқа да бағыттарда жұмыс істейді. Үлкен ұлы Шығанбай Өмірұзақұлы пойызды апаттан аман алып қалып, қызметінде көрсеткен қырағылығы үшін "Құрметті теміржолшы" атағын алған.  Бір қызығы теміржолшы төртеуден үшеуінің үйленген жары да сол мамандықта және олардың үш ұлы – Бердіқұл әйелі Жаңылханмен, Тұрмағанбет жұбайы Айшамен, Бермағанбет зайыбы Райса осы салада. Оразбайдан 11 бала тарайды. Одан 5 ұл, 2 қызы ата дәстүрді жалғайды. Соның қатарында Ізмағанбет Оразбайұлы да бар. Оның жұбайы Ақтоты Сүйіндікова 1983 жылдан бастап Маңғыстау локомотив депосында есепке алу тобының операторы. Бауырларынан Тұрмағанбет 1974-2012 жылдар аралығында жұмыста болып, НЖС-13 ВП-12 бастығы лауазымын атқарған. 2012 жылы дүние салған. Оның да зайыбы Айша Өмірұзақова теміржолшы. 2003 жылдан бүгінге дейін "Локомотив АҚ" "ТК сервис" Маңғыстау учаскесінде жұмысшы. Сәрсенбек Өмірұзақ "Болат Жол" ЖШС локомотив депосының тепловоз машинисті (1984 жылдан бері), Наурызбек НЖС-13 ВП-12-де шебер, (1997 жылдан бері), Жұмаәділ ЭЧ-5 мекемесінде 2003-2010 жылдар аралығында электромеханик. Қарындастары Бибігүл мен Зинегүл 1987-1989 жылдан бері Бейнеу станциясында СТЦ операторы, тауар кассирі.  

–   Теміржолшылық қанымызға сіңген қасиет десе де болады. Ата-әжем, ата-анам да өз несібесін осы саладан тапты. Атамыз Өмірұзақ Тасмағанбетов. Сол Тасмағанбеттің атамнан басқа тағы үш ұлының – Өмірхан, Қадірхан, Сейлханның мамандығы да әкесінікіндей. Інісі Есмағанбет те солай, қазір оның шөберелері де шойын жол шаруашылығында. Шөбересінен Нұрлыбек Көшбаев Бопай станциясында жол шебері, Сүйінғали Есмағанбетов «КасКор» АҚ-да жол құрастырушы. Әулетімізде осылай, екі атадан төмен қарай теміржолшылар болып кетеді. Әкем 1944 жылы жұмысқа жол құрастырушы болып кірісіп, ғұмырының 50 жылын арнады. 25 жылында станция басшысы, 19 жылында учаскелік қозғалыс тексерушісі міндетін атқарды. Біртұтас Қазақстан теміржолы құрылған тұста Түрікменстаннан елге – Қазақ темір жол басшылығына хат жолдап, шақыртуымен Көкшетау жол бөлімшесінің сол кездегі Макинка станциясының басшысы етіп тағайындалады. Маңғыстау теміржолы салынып жатқан тұста кіндік қаны тамған түбекке оралып, Опорный станциясына тұрақтайды. Әулетіміздің елге қайтуына әжеміз себеп болыпты. Ел жақтан жел ессе де құлағы түрік отыратын ол, біртұтас Қазақ теміржолы қалыптасып жатыр дегенді естігенде «...Теміржол елімізде де бар. Көш-көшпен жүріп, Отаннан біраз алыстап кетіппіз. Туған жерге қайтайық...» деп балаларына үндеу салады. Біз сол кісілердің тәрбиесін көріп өстік. Ес білгелі еститініміз теміржол туралы әңгімелер. Қазірге дейін сол. Анда-санда әкемді көруге Бейнеуге бара қалсам, отырар-отырмастан қозғайтыны баяғы тақырып. Әліге дейін теміржол жаңалықтарын қалт жібергісі келмейді, – деген І.Өмірұзақтың ізін бүгінде қыздарынан Гауһары жалғастыруда. Қазір ол Ақтау портында жүк қабылдаушы. Ұлы Есен 2006 жылға дейін "Ғасыр Маңғыстау" ЖШС-де жылжымалы құрама жөндеушісі болыпты. Кенжесі Өміржан Маңғыстау локомотив пайдалану депосында 2018 жылы жұмысқа келген. Қазір Өзен айналым депосында. Кейіпкеріміздің өзі бұл кәсіпте осынша уақыт еңбек етіп, жинаған тәжірибесі мол ардагер-маман. Осы жылдар ішінде талай шәкіртін шыңдады.

– Қазір теміржолшының жұмысы бұрыңғыдай емес. Көбі компьютерлендірілген. Кезінде біз әр жасаған жұмысты қолмен қағазға түсіретінбіз. Машинистің де машақаты өз басына жетіп артылатын. Олардың өз арасында үлкен бәсеке жүретін. Біреуінің жүк тасымал көлемі, басқасының үнемделген жанар-жағар майы көп, енді басқасы техникалық жылдамдықты жақсы орындайды. Әркім әржағынан үздік. Сондықтан, бір-бірімізден үлгі алдық. "Мен неге пәленшеден өте алмаймын, одан қай жерім кем" деп жақсы нәтиже көрсететін машинистерден озуға ұмтылдық. Артық шығынға жол беретіндер мен озаттардың аты депоға іліп қойылатын. Сол қабырға тақтасында өзімізді тек жақсы жағынан көрсетсе екен деп жұмыстандық. Жұмыс та ауыр еді. Машинистер жетіспейді, кезекті демалысты көрмейсің де. Айына бір рет демалыс алсақ, оның өзі үлкен бақыт. Тепловоздар ескі. Ақауы шығып, әр сапарда бір жері іс таппай тұрмайтын. Осындайда тәжірибелі машинистердің үйренгеніміз көп болды. Өзім Бакуден келген Социалистік еңбек ері Әли Шукюровты үлгі тұттым. Қарапайым, білгені ішінде, мықты маман еді. Ақыл-кеңесін аямайтын, – дейді зейнеттегі теміржолшы.  

Оның түбек теміржолына қосқан үлесі орасан. Өз міндетіне қоса бірнеше жауапты жұмыстарды да атқаруға атсалысыпты. 2004-2005 жылы маңғыстау теміржолымен алғаш алып өтілген заңғар жүкті өткізуге құрылған арнайы комиссияға жетекшілік етіпті.  2003-2004 жылдары Маңғыстау аймағының жолдарын күрделі жөндеуден өткізілу және жаңғыртылу жұмыстары кезінде енгізілген ЦАБ АЛСО, МПЦ «Диалог» жаңа жүйелерін қадағалау үшін құрылған комиссияға да басшылық жасапты. 1990 жылы өзінің инженерлік тәжірибесіне сүйене отырып Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосында ескірген ТЭ-3 сериялы тепловоздарды жандандыру үшін көп бірліктің тарту жүйесін (системе многих единиц тяги) енгізіп, Бейнеу – Маңғыстау бағытында салмағы 6 мың тонналық пойыздардың жүруіне мұрындық болды. Нәтижесінде Бейнеу станциясының жұмысы жеңілдеп, телім бойынша пойыздардың өту реті жақсарды. Осындай еңбектерінің арқасында «Адал еңбегі үшін» және басқа да медаль, төсбелгілердің иегері. Бүгінде Маңғыстау қосалқы бөлімінің құрметті ардагерлерінің бірі. Зейнетке осы бөлімшедегі жылжымалы құрама бөлімінің басшысы қызметінен шыққан болатын.  

 

Аймақтар
26.12.2024
«Еңбекті қорғау жылы» қорытындыланды
Әлемде
26.12.2024
Қытай темір жолдары 11 айда 4 миллиардтан астам жолаушы тасымалдады
Жаңалықтар
25.12.2024
Бейжіңде Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты бойынша сарапшылар кеңесі өтті
Жаңалықтар
25.12.2024
Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесінде жүктерді тиеу 9,2%-ға артты
Жаңалықтар
25.12.2024
Биылғы маңызды оқиғалар
Аймақтар
25.12.2024
Жамбыл облысында электровоз жөндеу депосы салынып жатыр
Жүк тасымалы
25.12.2024
Қарағанды жүк тасымалдау бөлімшесінде қара метал тиеу 39%-ға өсті
Жүк тасымалы
24.12.2024
Бейжіңде ТХКБ-ның 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды
Жаңалықтар
24.12.2024
ҚТЖ-да қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мәселесі айтылды
Жүк тасымалы
24.12.2024
Көлік-логистика әлеуетін дамыту сөз болды
Жолаушылар тасымалы
24.12.2024
Елордадан Атбасар мен Көкшетау бағытында жаңа жылдық электропойыз жолға шықты
Спорт
24.12.2024
Қурорттық аймақта қысқы спорттық ойындар өтті
Әлеумет
24.12.2024
Жаңа жылға тарту
Әлеумет
24.12.2024
Өзін мойындатқан жан
ҚТЖ келбеті
24.12.2024
Маңғыстаулық теміржолшылар Жастар сыйлығына ие болды
Аймақтар
24.12.2024
Кәсіподақ жетекшілері бас қосты
Аймақтар
24.12.2024
Арыс қаласының әкімі теміржолшылармен кездесті
Жаңалықтар
24.12.2024
Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталды
Аймақтар
24.12.2024
Тәжірибе алмасты
Инфрақұрылым
24.12.2024
Негізгі меже – пойыз жылдамдығын 120-140 км/сағатқа дейін жеткізу