ҚТЖ - 25 жыл: қайта түлеген қазақ темір жолы

Темір жол тарихы
28.01.2022, 17:44
Меруерт Умирзакова

Осыдан ширек ғасыр бұрын Үкімет шешімімен Алматы, Тың және Батыс Қазақстан темір жол басқармалары базасында «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, Қазақстандағы барлық темір жолдарды біртұтас етіп біріктірді. Дәл осы күннен бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа тарихы жазыла бастады...

  «Қазақстан Республикасының темір жолдары кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 31 қаңтардағы №129 қаулысымен үш темір жолды «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына біріктіру туралы шешім қабылданды. Бүгінде ширек ғасыр – 25 жылды артқа тастап, еліміздегі жүк және жолаушы тасымалының басым бөлігін қамтамасыз етіп отырған жетекші ұлттық компания осы уақыт ішінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкені онымен бірге жасасып келе жатқан теміржолшыларға ғана аян болса керек. Әрине, Қазақстан темір жолын реформалау бір күнде қабылданған шешім болмағаны анық.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрын Жол қатынастары министрлігіне қараған одақтас республикалардың темір жолдары өз күндерін өздері көруге тырысып жатқан қиын-қыстау заманда тығырықтан шығудың түрлі жолдары қарастырылғаны айтпаса да түсінікті. Бұрын орталықтан жабдықталатын материалдық және экономикалық байланыстар үзіліп, толассыз ағылған жүк тасымалы кілт тыйылып, тасымал тоқтаған соң табыс та жойылып, қиын жағдайда қалған отандық теміржол көлігінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін нарықтық экономика жағдайында дамып жатқан әлемдегі озық елдердің тәжірибесі зерттеліп, түрлі басқару моделдері қарастырылған екен.

– Сол жылдары Үкіметте теміржол көлігіндегі болашақ реформалар белсенді талқыланды. Үш жолдан да басқару аппаратындағы азаматтарды Алматыға шақыртып, ұсыныстарын сұрады. Әртүрлі пікірлер болды. Кейбіреулер Тың, Алматы, Батыс Қазақстан теміржолдары сақталып және бұрынғы форматта жұмыс істей беру керек деді. Дегенмен, жол басшыларының көпшілігі оларды біріктіруді қолдады. Айта кету керек, сол кезде мен жұмыс істеген Батыс Қазақстан жол басқармасындағы жағдай басқа екеуіне қарағанда әлдеқайда жақсы болды. Бізде жалақы бойынша қарыз болған жоқ, жергілікті және транзиттік жүктерді тасымалдау жүзеге асырылып жатты. Бірақ сол кезде біз үшін ең бастысы 1958-1977 жылдар аралығында өмір сүрген біртұтас Қазақ темір жолына ұқсас темір жол көлігін бірыңғай орталықтандырылған басқару механизмі қажет екенін түсіну болды. Бұл схема КСРО кезінде өзінің тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде үш жолды біріктіру қажеттілігі туралы пікір ел Үкіметінде де басым болды: бір айдан кейін "Қазақстан темір жолы" РМК құру туралы шешім қабылданды, – деп еске алады бір сұхбатында отандық теміржол көлігінің ардагері Борис Есенаманов.

Иә, тарихқа көз салсақ, сол кездегі өлшем бойынша одақтас республикалар арасында о шеті мен бұ шетіне апталап сапар шегетін Үлкен Қазақ темір жолы көз көргендердің айтуынша, отандық теміржол көлігінің «алтын кезеңі» болған секілді. Соғыстан кейін енді қалпына келтіріле бастаған халық шаруашылығымен қатар, тың көтерген Қазақстанның миллиард пұт астығын, қазба байлықтарын, басқа да шикізат өнімдерін тасымалдау үшін теміржол көлігін жарақтандыру, локо- мотив пен вагон парктерін жаңғырту, инфрақұрылымын жаңарту сол Үлкен Қазақ темір жолы салтанат құрған өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүзеге асырылған көрінеді. Мәскеудің өзі ұшқан құстың қанаты талатын қазақ сахарасына домбыраның қос ішегіндей тартылған ең ұзақ теміржолды «Великая Казахская» деп атаған екен. Сондықтан, 1997 жылы Қазақстандағы үш жол басқармасы біріктіріліп, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның құрылуы, 1958-1977 жылдар аралығында жұмыс істеген біртұтас Қазақ темір жолының қайта жаңғыруы   дегенді ардагерлердің аузынан талай естідік. Бүгінгі Қазақстан темір жолының мүмкіндігі мен әлеуетін сол Үлкен Қазақ темір жолымен салыстыруға бола ма?

– Қазақстандағы темір жолдар біріктіріліп, біртұтас Қазақ темір жолы құрылған 1958 жылы елдегі темір жолдардың ұзындығы бар-жоғы 9 мың км болды. Оған дейін Қазақстанда Түркістан-Сібір және орталығы Ақмола-Қарағанды темір жол басқармалары ғана жұмыс істеп тұрды, басқа жекелеген бөліктер оңтүстігі Ташкент, батысы Орынбор темір жол басқармаларына қарады. Енді бір бөліктері Оңтүстік Орал, тіпті Томск темір жолының құзырында болды. Бұл өз кезегінде республика басшылығына Қазақстандағы темір жолдарды өз мүдделері мен мақсаттарына пайдаланып, оның республика игілігі үшін қызмет етуіне ықпал етуіне мүмкіндік бермеді. Сондықтан кең-байтақ қазақ даласында тарыдай шашырап жатқан бөлек-бөлек темір жолдарды біріктіріп, біртұтас Қазақ темір жолын құру қажеттілігі туды. Сол кездегі жүйе бойынша темір жолдар тікелей Мәскеуге қарап, КСРО Жол қатынастары министрлігі арқылы басқарылды. Әрине, Қазақ темір жолының құрылуы көп тиімділік әкелді, республика арқылы жүк тасымалы көлемі бірден өсіп сала берді, ішкі тасымалдарды ұйымдастыру оңайланды, барлық телімдер біртұтас технология бойынша жұмыс істеуге көшті, реттілік пайда болды, – деген еді бұл туралы сұхбат берген тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш көлік министрі Нығметжан Есенғарин.

Бірақ, жиырма жылдан кейін біртұтас Қазақ темір жолы таратылып, қайтадан үшке бөлінді. Оның да кезінде объективті және субъективті себептері болғаны белгілі. Ол туралы теміржол корифейі былай дейді:

– Уақыт өте келе, ұшы-қиырсыз кең сахарадағы Қазақ темір жолын бір орталықтан басқару Мәскеуге де қиын тигені белгілі болды. Одақтағы бір республикада мұндай ұлан-байтақ кең далада созылған ұзақ жол болмады, мысалы, Донецк темір жолының бір шетінен екіншісіне машинамен 3-4 сағатта жетуге болатын болса, Қазақ темір жолында Алматыдан Маңғышлаққа жету үшін тек ұшақпен сонша жүру керек, ал пойызбен 3 тәулік жол жүру қажет. Қазақ темір жолындағы 600-ден аса кәсіпорындарды бақылауда ұстап, жұмысын үйлестіріп отыру, сонымен қатар Мәскеу арқылы материалдық қор, техника бөлу, қаржыландыру, тағысын тағылар өте күрделі болды. Одақ құрамындағы барлық темір жолдың табысы бір қазанға түседі де, сол министрліктен жан-жаққа бөлінеді дедік, бұл жағдайда біздің тым созылып жатқан Қазақ темір жолы көлемі ұзақ болса да өзгелермен салыстырғанда қажетті қор, қаражатпен қамтамасыз етілуі төмен болды.

Сондықтан, уақыт өте келе, 1977 жылы Қазақ темір жолын үшке бөлудің өз тиімділігі болғаны анық. Қазақстан территориясындағы жолдар Батыс Қазақстан, Алматы және Тың темір жолдарына біріктіріліп, оларға Қазақстан Орталық Комитетінің, Үкіметінің ықпалы болды, бұл өз кезегінде жолдарды материалдық қамтамасыз ету, капитал салу, инвестиция бөлу, өндірісті дамыту сынды мәселелерді кедергісіз тез шешіп, бұрынғыдан екі есе көп алуға мүмкіндік   берді. Тасымалды басқару, үйлестіру жұмыстарын да оңтайлы шешу мүмкін болды. Қазақстанның темір жолы жедел қарқынмен дами бастады. 90-жылдарға дейін осылай болды.

Ал сосын КСРО ыдырап, бұрын Одақ құрамындағы республикалар жеке-жеке тәуелсіздік алып бөлініп кеткенде, енді Мәскеудің ортақ талабы жоқ, өз еркі өзіне тиген Қазақстан үшін республика аумағындағы үш темір жолды біріктіріп, бір орталықтан басқару қажеттігі қайта туындады. 1997 жылы Алматы, Батыс және Тың темір жолдарын біріктірген біртұтас Қазақстан темір жолы құрылып, басқаруда қайтадан бірыңғай жүйе қалпына келтірілді. Ендеше, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның құрылуы 1958- 1977 жылдар аралығында одақ темір жолындағы ең көлемді де ұзақ, тарихта «Великая Казахская» деген атпен қалған Үлкен Қазақ темір жолының қайта түлеуі деп айтуға әбден болады. Әлеуеті мен мүмкіндігіне келсек, әрине бұрынғыдан әлденеше есе қуатты. Бүгінде ұзындығы 18 мың км жуықтаған, өндірісі жаңғыр- ған, техникасы жаңарған, алыс-жақын елдермен іскерлік байланыс орнатқан Ұлттық компания, шын мәнінде, Қазақстан экономикасының күретамыры рөлін атқаруы тиіс, – деп тұжырым жасаған Н.Есенғарин.

Иә, «Қазақстан темір жолы» компа- ниясының 25 жылдық тарихындағы жарқын беттер аз емес. Ең алдымен ауызға алынатыны, осы уақыт аралығында 2 мың шақырым теміржол салды. ҚТЖ құрылған соң құрылысы басталған Ақсу-Дегелеңді Хромтау-Алтынсарин, Шар-Өскемен, Өзен-Түркіменстан, Арқалық-Шұбаркөл, Қорғас-Жетіген, Бейнеу-Жезқазған… жалғастырып, елдің көліктік-транзиттік әлеуеті мен қуатын ондаған есеге өсірді. Өйткені, «Қазақстан темір жолы» РМК құрылып, республикадағы темір жолдар өз иелігімізге өткен соң ішкі темір жолдардың көп кемшілігі көзге ұрды. Негізгі темір жолдар шикізат тасымалына ыңғайлы салынған, өзімізден гөрі көрші елдерге көп қызмет ететін, бір-бірімен байланыспайтын тұйық жолдар тым көп болды. Сол «тар» орындарды кеңітіп, республика ішіндегі барлық темір жолдарды өзара байланыстырып, ортақ шеңбер жасап, халықаралық көлік дәліздеріне қосу үшін 2 мың км жуық темір жол салу керек болды. Бүгінде әрқайсысының ұлттық көлік жүйесін құрылымдау мен жасақтауда өзіндік рөлі бар, Қазақстанның орасан зор көліктік әлеуетін, транзиттік мүмкіндігін әлемге паш етіп отырған бұл магистральдардың еліміз үшін маңызы ұшан-теңіз, сан ғасырлар бойы болашақ үшін қызмет ететін болмақ.

Әлемде
20.05.2026
Ханчжоу метросы үшін автоматтандырылған пойыз таныстырылды
Спорт
20.05.2026
Жеңімпазды сән-салтанатпен қарсы алды
Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді
Әлемде
20.05.2026
Бішкек «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасына Қытайдан 305 млн доллар алады
Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті
Инфрақұрылым
19.05.2026
«Бақты-Аягөз» телімінде құрылыс қызу жүріп жатыр
Аймақтар
19.05.2026
Теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үздік жобаларын таныстырды
Аймақтар
19.05.2026
Ақтөбеде биыл 56 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі
Жаңалықтар
19.05.2026
Жаңа техникалар алды
Инфрақұрылым
19.05.2026
Бекеттердің жолы жаңартылып, жүк тасымалы ұлғаяды
Жаңалықтар
19.05.2026
Жауапкершілік жүгі ауыр
Аймақтар
19.05.2026
Жәдігерлер – өткен күннің белгісі
Жаңалықтар
19.05.2026
11 локомотив пайдалану депосы жаңа техникаға ие болды
Спорт
19.05.2026
Аманжол – Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №38 19 мамыр 2026 жыл
Жүк тасымалы
18.05.2026
Қазақстан астық пен ұн экспортын жаңа бағытқа бұрмақ
Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті
Спорт
18.05.2026
Тараз теміржолшылары арасында тораптық спорт жарысы өтті