Астық қай елдерге экспортталып жатқаны айтылды

Жүк тасымалы
29.08.2024, 10:46
Суретті түсірген Александр Жабчук
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен «Қазтеміртранс» АҚ топ менеджерлерінің қатысуымен биылғы астық пен көмір тасымалына  арналған  брифинг болып өтті.  Ұлттық тасымалдаушы әлеуметтік жүктердің үздіксіз тасымалын қамтамасыз етуге қажетті барлық шараны қабылдап отыр.

2024 жылдың жеті айында ҚТЖ желісі бойынша 4,7 млн тонна астық тиелген. Қазақстан бойынша тасымалдау 3% өсіп, 1,1 млн тоннаны құраса, ұнтақ өнімдерді тиеу көлемі 13,8% артып, 2 млн тоннаға дейін ұлғайған. Осы ретте астық тасымалы өсімі ішкі нарыққа жеткізілімдерді 6,4% және экспортты 13,8% ұлғайту есебінен болған. Қазақстандық астық пен ұн экспортының дәстүрлі бағыттары әдеттегідей ҚХР, Түркия, Иран, Ауғанстан және Орталық Азия елдері болып отыр. Әсіресе соңғы 3 жылда Қытайға астық экспортының  5,7 есеге өсуі Қытайды негізгі экспорттық елге айналдырып отыр. Экспорт құрылымында басқа да басым бағыт, Балтық жағалауы елдері бар.  

 «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының маркетинг және жоспарлау жөніндегі орынбасары Саламат Әбжалиев жүк жөнелтушілермен үнемі белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдарды шақыра отырып, жүк жөнелтушілермен, салалық қауымдастықтармен, астық өндірушілермен, экспорттаушылармен, көмір кеніштерімен бірлесіп тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады.  

– Астық жүктерін тасымалдауды қамтамасыз ету үшін ҚТЖ-да жылжымалы құрам жеткілікті. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС инвентарлық паркінде 1,6 мыңнан астам локомотив бар.  Былтыр ірі локомотив партиясы, яғни 112 локомотив сатып алынды. 2024 жылы 185 бірлік локомотив сатып алу жоспарланған, қазір соның 119 бірлігі жеткізілді. 2029 жылға дейін 374 заманауи локомотив аламыз. Сонымен қатар, «CRRC Corporation Limited» қытайлық корпорациядан 100 маневрлік және 100 магистральдық локомотив сатып алынады. Астық науқанына дайындық шеңберінде Қостанай және Ақмола жүк тасымалдау бөлімшелері маневрлік локомотивтермен толық қамтамасыз етілген, – деді Саламат Есембекұлы.  

Астық тасымалдауға вагон жеткілікті. Қазақстанда 16 мыңға жуық жабық вагон бар көрінеді. Оның 32% астамы «Қазтеміртранс» компаниясына,  қалғандары қазақстандық және шетелдік жекеменшік операторларға тиесілі. Астық тасымалдаушылардың жалпы паркі 11,8 мыңнан асады. Оның 2%-і Қазтеміртрансқа, қалғаны жекеменшік операторлар еншісінде. Демек, вагон паркі барлық келісілген тасымалдау жоспарларын орындауға қабілетті.    

Үздіксіз астық тасымалын игеру үшін станция қызметкерлерінің штаты ұлғайтылыпты. Ақмола өңірінің Көкшетау, Бауман, Талшық станцияларында қосымша жүк қабылдап-тапсырушылар тартылған. Ал Қостанай өңірінің Қостанай, Құсмұрын және Сарыкөл станцияларына жүк қабылдап-тапсырушылар, пойыз құрастырушылар және тауар кассирлері жұмылдырылған. Бұл қабылданған іс-шаралар астық жүктерін тиеу және тасымалдау бойынша операцияларды орындаудың қажетті тиімділігі мен дәлдігін қамтамасыз етіп, болуы ықтимал кідірістердің алдын алмақ.  

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС өкілі, маршруттау астық пен тартылған өнімдерді теміржол арқылы тасымалдауды басқаруда, әсіресе инфрақұрылым жүктемесінің жоғарылауы жағдайында шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Дұрыс бағдарлау жылжымалы құрамды пайдалануды оңтайландыруға, вагондардың айналым уақытын азайтуға және жүктерді жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік бермек. Қазіргі уақытта астық жүктерін бағдарлаудың екі негізгі тәсілі бар: вагондарды жөнелту және маршруттық жөнелту. Тиімдісі маршруттық жөнелту болып отыр. Ол жылжымалы құрамды пайдаланудың жоғары тиімділігін қамтамасыз етумен қатар айналым уақытын азайтып, жүктерді жеткізуді жеделдетеді. Осыған байланысты ҚТЖ маршруттық жөнелту тәжірибесін қолдану көкжиегін кеңейтпек.  

Брифингте күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – көмір тасымалына келсек, ҚТЖ желісі бойынша 2024 жылдың 7 айында 55,6 млн тонна қатты отын тасымалданған. Ел ішінде 38,4 млн тоннадан астам көмір тасымалданса, 17,2 млн тонна экспортталған. Экспорттық тасымалдаудың негізгі бағыттарын Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Ресей құрап отыр. Әлеуметтік жүктің бұл түріне де көрші Қытай елінен сұраныс арта түскен – ҚХР-ға көмір тасымалдау көлемі 5 есеге өскенін байқауға болады.  

2024-2025 жылдардың жылу маусымы тұрақты өтуі үшін ҚТЖ көмір тасымалына қатысты Жол картасын жүзеге асыруда. Құжатқа жедел штабтың, мониторингтік топтардың жұмысы жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ негізгі көмір тұйықтары бойынша шығу және мүдделі мемлекеттік органдар, көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен кеңестер енгізілген.

ҚТЖ-да көмір тасымалдауды үйлестіру жөніндегі жедел штаб жұмыс істеуде, оған орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің 60-тан астам қызметкері жұмылдырылған. Штаб тәулік бойы әрбір көмір разрезінен Қазақстанның барлық облыстарына және елдің жылу электр орталықтарына көмірді тиеп жөнелтуге мониторинг жүргізеді. Жедел режимде реттеу шешімдерін қабылдап, бос вагондарды жіберу мен тиеуді шұғыл және орта мерзімді жоспарлауды қамтамасыз етеді. Алдағы күзгі-қысқы кезеңде көмір тасымалдауға «Қазтеміртранс» АҚ 20 мыңға жуық жартылай вагонды іске қосады деп күтілуде.  

 

Аймақтар
01.08.2026
Орал станциясының жаңартылған вокзалы ауқымды жаңғыртудан кейін есігін ашты
Инфрақұрылым
01.08.2026
Қандыағаш-Тобыл темір жол учаскесін жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталды
Аймақтар
01.08.2026
Ақмола облысында 5 теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
01.08.2026
Шығыс Қазақстан облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
31.07.2026
Жамбыл облысында боранды теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
31.07.2026
Жетісу облысында жолаушылар инфрақұрылымының екі нысанын жаңғырту аяқталды
Аймақтар
31.07.2026
Ұлытау облысында 3 теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
31.07.2026
Павлодар облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
31.07.2026
Күш адамдар бойында: ҚТЖ кәсіби мерекеге орай өндіріс озаттарын марапаттады
Аймақтар
31.07.2026
Атырауда үш вокзал ашылды
Аймақтар
31.07.2026
Ақтөбе облысында екі теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
ҚТЖ келбеті
31.07.2026
Бурабайлықтар көш басында
Цифрландыру
31.07.2026
Темір жолдың цифрлық жүрегі
Жаңалықтар
31.07.2026
Алғыс айтты
Жаңалықтар
31.07.2026
Үздік станция – Астана-1
Жаңалықтар
31.07.2026
Республикалық байқау өтті
Аймақтар
31.07.2026
Еңбек ер атандырған Ерлан
Аймақтар
31.07.2026
Аягөздің абыройлы азаматы
Аймақтар
31.07.2026
Достық – мүмкіндіктер мекені
Аймақтар
31.07.2026
Түбекке танымал тұлға