Озық технология - әлемдік стандарт талабы

Сұхбат
12.11.2020, 17:48
Асхат Райқұл

Қазақстанда халық шаруашылығы жүктерінің 60 пайыздан астамы теміржол арқылы тасымалданады. Уақыт бұл саланы әлемдік стандарттарға сәйкестендіру міндетін қойып отыр. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде кейінгі кездері бұл бағытта елеулі игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бөлімше директоры Үмітбек Рысбековпен сұхбатымыз кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі және келе- шекте қолға алынатын шаруалар туралы өрбіді.

– Үмітбек Есмұратұлы, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің қазіргі ахуалы туралы айтып берсеңіз, бүгінде жұмыс қай бағытта, деңгейде жүріп жатыр? 

– Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі транзиттік жүк және жолаушылар пойыздарын қабылдап, жөнелтеді. 

Бөлімше аумағында 60 теміржол станциясы бар. Тараз және Шуда екі локомотив пайдалану, локомотив жөндеу деполары бар. Төрт жол дистанциясы, үш белгі беру-байланыс дистанциясы, электр қуатын беретін үш дистанция бар. Үш қалпына келтіру пойызы жұмыс істеп тұр. Луговой рельс зауыты да өндірістік қуатын жыл сайын арттырып келеді. Облыс аумағын 1 236 шақырым теміржол кесіп жатыр. 

Оның 93 пайызы электрлендірілген. Жаңарту жұмыстарын жемісті жүргізу нәтижесінде үстіміздегі жылдың тоғыз айының қорытындысында бөлімше тәулігіне 3 927 вагон қабылдап, оның 3921-ін жөнелту әлеуетіне ие болды. Ал 2019 жылдың сәйкес мерзімінде 3559 вагон қабылдап, 3557 вагон жөнелткен еді. Бұрын облыс аумағы арқылы бір тәулікте 42-43 жолаушылар пойызы өтетін. Биыл сәуір, мамыр айларында олар пандемиялық қауіпті індетке байланысты мүлде жүрмей қалды. Қазір де олардың 50 пайызы ғана жолаушылар тасымалдауда. 

Бізде негізгі көрсеткіш, әрине, жүк айналымына байланысты. 2019 жылдың тоғыз айында жүк айналымы 20 068 мың тонна километрді құраса, биыл ол 21968 мың тонна километрге жетті. Жоспарымыз 105,2 пайызға орындалды. Облыс аумағында тиелетін жүктің 70 пайызын «Казфосфат» ЖШС өндіретін химия өнімдері құрайды. Жүк тиеу жөніндегі тәуліктік жоспар 363 вагон болса, бізде 367 вагонға жүк тиелді. Вагондарға тәулігіне 2 540 тоннаның орнына 2 627 тонна жүк артылды. 

– Еліміздегі көлік жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі болып табылады. Бұл бағытта аймақта қандай жұмыстар атқарылуда? 

– Көліктік жүйеміз тәуелсіздік жылдарында жоғары серпінмен қарыштап дамыды. Бұрын вагондарды Ресейден алған баяғы «ВЛ-80» маркалы электровоздар сүйрейтін. Оның қуаты 4 800 тонна жүк тартуға есептелген. 

Кейінгі кезде оларды өзіміздің елде құрастырылып шығарылған «КZ-4» АС локомотивтері алмастырып жатыр. Ол қуатты электровоздар 7 мың тоннаға дейін жүк тарта алады. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттырумен қатар, едәуір уақыт үнемдеуге мүмкіндік беруде. 

Бұрын жолға ұзындығы 25 метрлік рельс және ағаш шпалдар төселетін еді. Рельстер түйістірілген тұстағы бұрандалар жиі тексеріп, жөндеуді қажет ететін. Ағаш шпалдарды да, шіриді, желінеді, жиі ауыстырға тура келетін. Ал ол – артық шығын деген сөз. Оларды өндірістен ығыстыру 25 жыл бұрын қолға алынды. Бүгінде барлық жолға бетон шпалдар төселуде. Луговой рельс зауытында шығарылатын 500-800 метрлік ұзын рельстер салынады. Мұның артықшылығы көп. Қозғалыс кезінде бұрынғыдай шуыл болмайды, жолшылар күнделікті болттарды бұрап әуреленбейді. Бұл ең алдымен қауіпсіздігімен әрі қолайлылығымен ерекшеленеді, сонымен қатар қанша үнем.

Сонымен қатар, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде байланыс қызметінің маңызы зор екені белгілі. Кешегі аға буын «Нева» автоматты телефон станциялары арқылы жұмыс істеді. Станцияда кезекшілікте бірнеше маман отыратын. Құрылғылар энергияны көп тұтынатын, бөлмеде көп орын алатын. Олар қажетті ақпаратты жылдам ала алмайтын әрі жеткізе де алмайтын. Осыдан 20 жыл бұрын өндіріске белоруссиялық «Неман» байланыс жүйесі енгізілді. Мамандар қазір диспетчерлік орталықта мың шақырым қашықтықта келе жатқан пойыздың жай-күйін монитордан анық байқап, бақылап отырады. Бүгінде станциялардағы бұрынғы АТС-тер толық ығыстырылып, олардың орнына жаңа, Ақтөбе қаласында жасалған инновациялық байланыс құрылғылары орнатылды. Қазір Тараз бен Жаңатас қалаларының арасындағы болат жол бойында оптикалық-талшықты байланыс жүйесі тартылуда. Оның құрылысы биыл қараша айында толық аяқталып, іске қосылады. Демек, енді бір айдан кейін бөлімше аумағындағы барлық диспетчерлік орталықтар озық үлгідегі байланыс жүйесімен жұмыс істейді деп айтуға болады. 

Бұрын жүк жөнелтушілер барлық жұмысты қағазбен рәсімдейтін, оны тиісті орынға хатпен жіберетін. Тапсырыс берушілер мен орындаушылар қолма-қол ақшамен есеп айырысатын. 

Бүгінде КТСМ АСУДКР бағдарламасы қолданысқа енгізіліп, барлық операциялар адам факторының қатысынсыз компьютер арқылы ресімделіп, ақша да электронды түрде аудару арқылы жүзеге асырылады. Мұның өзі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге, оны болдырмауға игі ықпалын тигізуде. 

– Барлық жұмыстардың автоматтандырылғанына және компьютерлендірілгеніне қарамастан, апатқа жол берілетіні де жасырын емес және көбіне себеп – адам факторы. Бұл техникалық ақаудың әсерінен бе, әлде кадрлардың біліксіздігінен бе? 

– Рас, бүгінде бізде апатсыз жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. 

Өкінішке қарай, «Бес саусақ бірдей емес», адам факторына, яғни бірқатар мамандардың жауапсыздығына байланысты орын алып отырған жағдайлар аз емес. Бөлімшеде өткен жылдармен салыстырғанда биыл апатты жағдай 40 пайызға азайған. Қателіктерден сабақ алғанымызды, нақты шаралар атқарылып жатқандығын осыдан аңғаруға болады деп ойлаймын.

Біздің теміржолшылар технологиялық үдеріске біртіндеп келе жатыр. Бір кездері түгелдей автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтін кезге жеткенде адам факторы да азаяды деген сенімдемін. 

– Әрине, жаңашылдық жұмыс өнімділігін арттыратыны рас. Дегенмен, салада озық технологияларды енгізу, цифрлы технологияға бет бұру, жаңа қондырғылар мен құрылғылар бірқатар мамандардың қысқарып қалуына әкеліп соқпай ма? 

– Оңтайландыру – бүгінгі күннің талабы. Ал озық технология – әлемдік стандарт талабы. Бүгінде бөлімшеде 11 мыңға жуық теміржолшы қызмет атқарады. Олардың 60 пайызы магистралды жолда болса, қалғаны жүк тасымалдау жағында. Біз адам санын оңтайландыруды зейнетке шыққан және өз еркімен жұмыстан кеткен теміржолшылардың есебінен шешіп келеміз. Әзірге мәжбүрлі түрде бірдебір маманды қысқартқан жоқпыз. Қайта Шу қаласындағы Тараз химия паркінде жаңа теміржол станциясы салынуда. 

Ол іске қосылғанда біраз жаңа жұмыс орындары ашылып, бірқатар мамандарды сонда пайдаланатын боламыз. 

Дегенмен, адам күші азаяды деп саладағы жаңашылдықтан үрку керек емес, ол бізге ауыр қол жұмыстарын автоматтандыруға, пойыздардың жылдамдығын арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізіп отырса несі жаман?! 

Қазір жолаушылар пойызы сағатына 140 шақырым жылдамдықпен зымырайды. Бұрын жүк пойыздары сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүретін. 

Қазір 100 шақырымға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Осыдан біраз жыл бұрын Шу және Алматы арасында екінші жол салынып, нәтижесінде осы аралықта пойыздарды қабылдау және жөнелту үдерісі 4 есеге өсті. 

– Теміржолшы – қиын да құрметті мамандық. Олардың еңбегі лайықты бағаланып отыр ма? 

– Елімізде орын алып жатқан инфляцияға қарай теміржолшылардың да айлық жалақылары жыл сайын өсіп отыр. Бөлімшеде 2019 жылы орташа айлық жалақы 182 мың теңге болса, ағымдағы жылы ол 196 мың теңгені құрады, яғни 7,7 пайызға өсті. Бұған қоса, еңбек демалысына орай бір айлық жалақы көлемінде сыйақы беріледі. 

Денсаулықтарын сауықтырғысы келетіндерге арзан бағамен жолдама ұсынылады. Түрлі қиындықтарға тап болған әріптестерімізге салалық бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан көптеген қолдау-көмектер жасалып жатыр. Мұның қатарында материалдық, қаржылық шараларды атап өтуге болады. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Жүк тасымалы
24.12.2024
Бейжіңде ТХКБ-ның 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды
Жаңалықтар
24.12.2024
ҚТЖ-да қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мәселесі айтылды
Жүк тасымалы
24.12.2024
Көлік-логистика әлеуетін дамыту сөз болды
Жолаушылар тасымалы
24.12.2024
Елордадан Атбасар мен Көкшетау бағытында жаңа жылдық электропойыз жолға шықты
Спорт
24.12.2024
Қурорттық аймақта қысқы спорттық ойындар өтті
Әлеумет
24.12.2024
Жаңа жылға тарту
Әлеумет
24.12.2024
Өзін мойындатқан жан
ҚТЖ келбеті
24.12.2024
Маңғыстаулық теміржолшылар Жастар сыйлығына ие болды
Аймақтар
24.12.2024
Кәсіподақ жетекшілері бас қосты
Аймақтар
24.12.2024
Арыс қаласының әкімі теміржолшылармен кездесті
Жаңалықтар
24.12.2024
Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталды
Аймақтар
24.12.2024
Тәжірибе алмасты
Инфрақұрылым
24.12.2024
Негізгі меже – пойыз жылдамдығын 120-140 км/сағатқа дейін жеткізу
Аймақтар
24.12.2024
Шыңдалу мектебі
Инфрақұрылым
24.12.2024
Жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылды
Жаңалықтар
24.12.2024
ҚТЖ-да локомотив паркін жаңғырту белсенді жүріп жатыр
Әлеумет
24.12.2024
Бақытты әйел – бақытты ел
Жаңалықтар / Мұрағат
24.12.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №108-109 24 желтоқсан 2024 жыл
Әлеумет
23.12.2024
Семейде «Өнерлі теміржолшы» байқауы өтті
Аймақтар
23.12.2024
Ұлттық құндылықтар ұлықталды