Тәуелсіздіктің «тұңғышы»
Жаңалықтар
20.09.2016, 17:10
Биыл Қазақстан Республикасының егеменді ел болып, тәуелсіздік туын тұғырына қондырғанына 25 жыл болса, тәуелсіздіктің тұңғыш темір жолы ретінде шойын жол шежіресінде алтын әріптермен жазылып қалған Ақсу – Дегелең темір жолының салынып, ел игілігіне пайдалануға берілгеніне 15 жыл болыпты.
Жиырма бірінші ғасырдың басында Қазақстан егемендік алған ТМД елдерінің арасында 2,5 жыл ішінде солтүстік өңірді шырайлы шығыспен байланыстырған 184 шақырымдық жол салған жалғыз ел еді. Павлодар облысындағы Ақсу қаласын Шығыс Қазақстан облысындағы Дегелеңмен қосатын темір жол желісі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан да маңызды сипатқа ие болатын. Ең басты атап өтерлігі, жол құрылысына жұмсалған қаржы шетелдік инвесторлардың емес, сол кезде Республикалық мемлекеттік кәсіпорын мәртебесіндегі «Қазақстан темір жолы» ұйымынікі еді. Тәуелсіздіктің жаршысы болған Ақсу – Дегелең темір жолының арқасында мыңға жуық жұмыс орыны ашылып, магистраль бойындағы ауылдар тіршілігі жандана түсті. Әсіресе, республиканың Қытай, Вьетнам, Оңтүстік-шығыс Азия елдері үшін тартымдылығы артып, Ресей мен Еуропаға олардың транзиттік жүгін айналма жолсыз, тікелей өткізу мүмкіндігі ашылған-ды. Экономикалық жағына келетін болсақ, еліміздің өнеркәсіп орындары көп шоғырланған республика облыстары арасындағы бұрынғы айналма жол қашықтығы 600 шақырымға дейін қысқарып, жаңа бағдар арқылы жүк тасымалының шығындары бастапқы жылдары 15-20 пайыздарға, кейін одан да көп көрсеткіштерге азайды. Ал бұрын Керекуден Абай еліне бару үшін немесе кері бағыттқа қатынау үшін жолаушы және жүк пойыздары Ресейдің Құланды, Локоть станциялары арқылы айналып жүретін. Бұл жол шығынымен қатар мемлекетаралық шекарада тексеру процедураларынан өтуге көп уақытты қажет ететін. Жаңа жолдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Елбасы:
– 1986 жылдан бері Қазақстан бірінші рет темір жолды дамытуға оралып отыр. Бұл біздің экономиканың өсіп-өрлеуімен, қор жинақтау мүмкіндігімен байланысты. Бүгін, ел тәуелсіздігінің он жылдығы қарсаңында Ақсу – Дегелең темір жолын іске қосу – ең бағалы сый. Бір қарағанда, біздің орасан зор республика үшін бұл телім не болған? Бірақ, мұның артында үлкен істер күтіп тұр. Біз бұдан әрмен қарай Шар мен Өскеменді, солтүстік пен батысты қосатын жаңа жолдар құрылысына кірісеміз, – деген-ді.
–1998 жылы 7 мамырда Ақсу қаласында жаңа темір жол құрылысының іргетасы салынды. Ал екі жылға жетпейтін аз уақытта, яғни 2000 жылдың 8 желтоқсанында Көктөбе станциясында түйісу болды. 2001 жылдың 19 маусымында Ақсу – Дегелең темір жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл оқиғаның маңыздылығы сол, қалың жұрт жиналған салтанатты шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол кісі бұл жобаға үлкен қолдау көрсетіп, құрылыстың жүргізілу барысын бастан-аяқ өзі қадағалады. Бүгінде Ақсу – Дегелең темір жол желісі өзінің қарапайым күйін кешіп, жолаушылар және жүк тасымалына қызмет етуде. Осы жолдың салынуымен тіршіліктің жандана түскеніне ел куә, – дейді темір жол ардагері, көп жыл Павлодар жол бөлімшесін басқарған Құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов.
Ал егеменді елдің ең бірінші темір жол құрылысына қатысу бақытына ие болған, темір жолдың белгі беру және байланыс саласында 45 жыл тер төккен азаматтардың бірі, бүгінде зейнеттегі теміржолшы Марат Исағалиев сол күндерді былай деп еске алады:
–Темір жол саласында қызмет атқарған көп жылдың ішінде мен үшін ерекше жоба Ақсу – Дегелең болды. Маған Қазақстанның тұңғыш өзі салып жатқан Ақсу – Дегелең темір жолының аралығындағы Жұмыскер станциясының негізгі 111-інші стативін монтаждау жүктелген болатын. 2001 жылдың наурыз айының 20-сында Көкшетау Бас дистанциясы, Жаңаесіл, Бурабай курорты бөлімшелерінен топталған СОБ, байланыс мамандары, автожүргізуші, вагон жолсерігі болып, небәрі оншақты адам өзіміздің вагонмен Жұмыскер станциясына келіп жеттік. Келген жерімізге қарасақ мидай дала, он шақырым қашықтықтан соң ғана елді мекен көрінеді. ЭЦ постының тек сырты мен төбесі бітіп, сыртқы жұмыстары ғана жүргізілген екен, электр жүйесі станцияға келмеген, ауыз су алатын жер де жоқ, СОБ, байланыс қондырғылары іште де, темір жол бойында да орнатылмаған. Бізге бәрін «нөлден» бастап, екі-үш ай ішінде Жұмыскер станциясын толықтай бітіріп, пайдалануға тапсыру жүктелді. Сонымен өзімізбен алып келген көшпелі электростанциямызды жұмыс істеген кезде ЭЦ постының, ал жатарда вагонымыздың электр жүйесіне қосып жұмысымызды бастап кеттік. Бұйрықтың аты бұйрық емес пе... Тапсырманы мезгілінде орындау үшін уақытпен санаспаймыз, кешкі тамақтан соң да түнгі сағат 1-2-лерге дейін жұмыс істейміз. Жұмыскер станциясын мамыражай мамыр келгенде бытықана қаптап кетпесі бар ма? Бір күні кіріс бағдаршамын орнату үшін күні бойы жол бойында болдым, бетіме қонған бытықаналарды сыпырып салып ешнәрсені сезбей жұмысты әрі қарай жалғастыра бердім. Екінші күні таңертең ұйқыдан тұрсам бетім ісіп кеткен, көзім әрең ашылды. Осыдан кейін далаға шығарда бытықанаға қарсы дәрі жағып немесе тордан жасалған бас киім алдырып киетін болдық.
Міне, зейнеткер теміржолшы естелігінен Ақсу – Дегелең темір жол құрылысының қандай қиын да күрделі жағдайда жүргізілгенін, теміржолшылардың қажырлы еңбегі мен қызметтеріне деген адалдығының арқасында салынып шығып, ел игілігіне берілгенін байқаймыз.
Бүгінде біз он бес жыл бұрын Елбасының Ақсу – Дегелең темір жолының ашылуы барысында республиканың дамып, өрлеуіне түрткі болар темір жол магистральдарын салу туралы айтқан сөздерінің, берген тапсырмаларының нақты іске асырылып, батыл қадамдарының жемісті нәтижесін бергенін ел болып көріп отырмыз.
Сұлугүл БАКЕСОВА
Әлеумет
24.06.2026
Семейлік теміржолшылардың балалары Бурабайға жол тартты
Жүк тасымалы
24.06.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Жаңалықтар
24.06.2026
Мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында көлік саласында жаңа келісімдер жасалды
Жаңалықтар
24.06.2026
Ақтау порты 7 метрге дейін тереңдетіледі
Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
22.06.2026
Қазақстанның көлік саласына инвестициялар
Жаңалықтар
22.06.2026
Брюссельде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі маршруттың болашағы талқылануда
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚМГ мен ҚТЖ мұнай өнімдерінің логистикасына цифрлық бақылау енгізді
Инфрақұрылым
22.06.2026
Талдықорған теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚТЖ халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
Қауіпсіздік
22.06.2026
Теміржолшылар төтенше жағдайға қаншалықты дайын?
ҚТЖ келбеті
22.06.2026
Түлкібастық инженердің жобасы миллиондаған қаражатты үнемдеді
Жүк тасымалы / Апта саны / Инфографика
22.06.2026
ҚТЖ желісімен 130 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Инфрақұрылым
22.06.2026
Ақтөбе вокзалы мерзімінен бұрын, тамыз айында пайдалануға берілмек