Түркістан түлеп келеді, ал өткелдің жайы өзекті

Қауіпсіздік
20.06.2024, 11:08
Суретті түсірген автор
Нұрлыбек Досыбай

Түркістан облысы бойынша меншікті тілші

Түгел түркінің астанасы атанған Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы мұнда жолаушы ағыны да, станция паркіне келіп-кетер жүк вагондарының айналымы да күрт жоғарылады. Қазіргі кезде өңірде жұмыс көрігі қызып, қауіпсіздік шараларына жіті көңіл бөлінуде. Осы мақсатта, Түркістан станциясындағы темір жол маңын мекен ететін тұрғындарға орын алуы мүмкін қауіп-қатерге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуде. Күні кеше аталған нысанда станция бастығы Қадыр Сырлыбеков пен мекеменің салаға жауапты мамандары, Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің бірінші орынбасары, подполковник Саяуш Мұқашев, желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Серік Нұрлыбаев пен патрульдік полиция тобының өкілдері және Әскерилендірілген темір жол күзеті Түркістан филиалының күзетшілері қатысқан рейдтік шара ұйымдастырылды.

Соның аясында тұрғындарға темір жолдың қауіпті аймақ екендігі түсіндіріліп, қауіпсіздік қағидаларын қамтамасыз етуге қатысты екертпелер айтылды. Негізінен, мұндай шаралар арнайы кесте бойынша тұрақты түрде ұдайы өтіп тұрады. Ал станция паркінде қауіпті аймақ ретінде үш өткел аталады. Оның бірі – «Оңтүстік» болса, екіншісі –  «Солтүстік» мойындық. Ал үшіншісі станцияға іргелес 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан «Бекзат» ықшамауданы жағындағы (ел аузында «Түрік» ауылы деп аталады) рұқсат етілмеген өткел.

Қазіргі кезде станция басшылығы телеграфтық нұсқамаларға сай, ақпараттық-насихат жүргізуде уақыт талабымен үндестіре отырып,  жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып келеді. Сондай-ақ, арнайы ескерту тақтайшалар іліп, үнпарақтар да үнемі үлестіріліп жатады. Өйткені, осыдан 5-6 жыл бұрын дәл осы аталған тұстарда адамдардың қатысуымен 2-3 қайғылы оқиға тіркелген екен. Содан кейін көп ұзамай станция басшылығы жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелерге аспалы көпір салуды сұрап хат жазған, талай жиындарда дерек-дәлелдерді алға тартып, дабыл қаққан. Нәтижесінде, станция паркінің екі тұсынан жаяу жүргіншілерге арналып көпір салу жөнінде шешім қабылданған.

– Қазіргі кезде «Оңтүстік» мойындық маңында құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ал енді «Солтүстік» мойындықтағы қызметтік өткел орнына түсуі тиіс көпірді қала әкімдігі «Түрік ауылы» жағына салатын болып өзгерткен. Ендігі жерде «Солтүстік» мойындық маңындағы тұрғындар теміржолшыларға арналған өткелді амалдап пайдалана тұруына тура келеді, – дейді станция бастығы Қадыр Қаңлыбайұлы.

Бүгінгі таңда Түркістан станциясыннан тәулігіне 30 жұп жүк және жолаушылар пойызы өтеді. Оның үстіне, адамдар ары-бері қатынайтын рұқсат етілмеген «Солтүстік» мойындықтағы өткел жолаушылар вагонының тұрағы болып табылады. 45/46 бағыттағы «Түркістан–Павлодар» пойызы мұндағы екі жолда сағаттап тұрғанда адамдар пойыз астынан «еңкейіп өте қалам» деп өміріне қауіп төндіруде. Ал мамандар есебінше, «Бекзат» пен «Шауғар» ықшамауданы аралығындағы рұқсат етілмеген өткелді тәулігіне 150-200 жергілікті жұрт пайдаланады. Сол себептен де мұнда күзет күшейтілген режимде жұмыс істейді. Осы күндері парк аумағын құқық қорғау органдарының арнайы жасағы мен патрульдік полиция өкілдері, станция жұмысшылары мен әскерилендірілген күзетінің 72 қызметкері мұқият бақылауда ұстайды.

Қазірше, қауіпті аймақта қолымыздан келетін іс – халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысамыз, – дейді станцияның жетекші инженері Қуат Нұрматов.

Олардың түсіндіруінше, аумақты қауіпті деп қоршап тастай алмайды. Ал көпір қолданысқа берілсе, станция маңын ит тұмсығы өтпейтіндей етіп қоршау жоспарда бар. Түркістандық теміржолшылар тарапынан қолданылып жатқан қазіргі амал жергілікті тұрғындардың жағдайына түсіністікпен қарауға бағытталған «жұмсақ» әдіс сияқты ма дерсің?!.

Қойма заманауи орталыққа айналды

Түркістан облыс орталғына айналған соң, мұнда келіп кететін жолаушылар саны көбейгенін жоғарыда айттық. Осыған орай, қызмет көрсету сапасын көтеру уақыт талабы. Бұл ретте Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің сақшылары тәртіп пен тазалықтың сақталуына орасан зор үлес қосуда. Бөлімнің бірінші орынбасары, подполковник Саяуш Мұқашев қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 68 рейдтік шара өткізілгенін айтады.  

– Соның аясында 1 362 құқық бұзу дерегі тіркелді. Мақсатымыз құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады десек те, тыйым, ескертулерді елемейтіндер қатары азамай отыр. Ақиқатында, белгіленбеген жерден өтудің соңы жазатайым жағдай мен адам өліміне әкеп соқтыруы әбден мүмкін, – дейді ол.

Айталық, құлаққаппен келе жатқан жаяу жүргінші пойыз дабылын естімей қалуы мүмкін. Ал 60-70 вгоннан құралған жылжымалы құрам тежегішті кілт басқанның өзінде, ол тоқтауы үшін кемі 500 метрлік қашықтық қажет. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары мен теміржол саласының өкілдері өзара ойласа келе станция паркінің аумағында 45 жерге бейнебақылау камерасын орнатқан. Айрықша атап өткіміз келетіні сол, станция бастығының орынбасары Мүтәліп Шәріпов вокзал ғимараты жанындағы станцияға тиесілі пошталық багаж қызметінің қоймасын әкімшілік полиция бөлімшесінің қолданысына берілгенін атап өтті. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы болған соң, басшылықпен ойласа келе серіктестерімізбен осылайша тізе қоса еңбек еткенді жөн деп таптық» дейді Мүтәліп Момынжанұлы.

Өз кезегінде қала әкімдігі мен ішкі істер департаментінің жетекшілері станция басшылығы берген ғимаратқа жөндеу жүргізіп, замануи үлгіде бақылап, басқару орталығын іске қосып берген. Нәтижесінде, өздеріне тиесілі 109 шақырымды 16 тәртіп сақшысынан құралған ұжым қызметтік кеңседе отырып, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Полиция бекетінің негізгі ерекшелігі үлкен залдың жарты қабырғасын алып тұрған қос экран болып шықты. Мұнда вокзал мен станция паркінің атшаптырым аумағы алақандағыдай анық көрінеді.

– Осы бейнебақылау камералары арқылы біз негізгі басымдықты айыппұл салып жазалауға емес, профилактикалық шаралар ретінде қолдануға тырысамыз. Көп жағдайда ескерту берумен шектелеміз, – дейді подполковник Саяуш Маратұлы.

Тәртіп сақшыларының түсіндіруінше, станция паркінің қақ ортасындағы бағана басына орнатылған камераның таспаға сапалы жазатыны соншалық, ұшқан құс пен жүгірген ит, мысықтың түр-түсіне дейін тұнық көрсетеді. Сол сияқты, парк аумағында жұмыс істейтін теміржолшылардың талапқа сай киініп, нұсқаулық бойынша әрекет етулері де осы жерден бақыланады. Оған қоса, пойызға мініп-түсіп жататын жолаушылардың жүріс-тұрысы да (темекі тұқылын тастау мен түкіре салу, қоқысты шашу мен екінші жолға арнайы өткелмен емес, рельс үстінен өту сынды оқиғалар) бақылау орталығында мұқият зерделенеді екен.

Жауапкершілік қайтсе күшейеді

Сержанттық құрамға жетекшілік ететін станциядағы әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Серік Нұрлыбаевтың айтуынша, өздері қызмет көрсететін учаскеде 5 бірдей білім ошағы бар екен. Сондықтан да олар әр аптаның соңғы үш күнінде темір жол мекемелерінің өкілдерін қатыстыра отырып, «Темір жол – аса қауіпті аймақ» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бұл шараға оқушылардан бөлек, мұғалімдер мен ата-аналар да қатыстырылады.

– Жыл басынан бері 58 ұсақ мал мен 28 ірі қараның жол бойына шығып кетуі салдарынан жылжымалы құрамдар шұғыл тоқтауға мәжбүр болды. Сондықтан да қараусыз мал иелері анықталып Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1-бөлігінде көрсетілген нұсқама бойынша айыппұл салынды, – дейді ол.

Қазіргі кезде өңірдегі Темір станциясының Шәуілдір ауылында жол бойында жүрген малдың иесі анықталғанға дейін үй жануарларын қамап ұстайтын арнайы қора-жай бар. Атап өтерлігі сол, ол жерге қамалған малдың күндік жем-шөбі мен уақытша ұстау шығынына дейін есеп-қисап жасалып, иесі табылғанда айыппұлдың сыртында бөлек ақы төлеу заңда қарастырылған көрінеді. Бұл енді адамдардың қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін күшейтудің бірден-бір амалы болса керек.

 

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр