Ақтөбе станциясының аумағында 45 жастағы әйел мерт болды. Өткелдегі адам өліміне байланысты желілік тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.
Қайғылы оқиға 2 ақпан күні болған. № 614 «Орал-Маңғыстау» бағытындағы жолаушылар пойызы әйел адамды қағып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды. Көліктегі полиция департаменті сотқа дейінгі қылмыстық тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«ҚК-тің «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс тіркелді. Тергеу жүргізіліп, куәгерлер мен теміржол қызметкерлерінен жауап алынуда», – деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің Ақтөбе бөлімшесі өкілдері.