Ғасырдан да ұзақ жол...

Темір жол тарихы
16.02.2024, 10:57
Меруерт Умирзакова

Қазақстан темір жолының тарихы өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген «Орынбор-Ташкент» магистралінен басталады. Құрылысы 1901-1905 жылдары жүріп, кезең-кезеңімен пайдалануға беріл- ген шойын жол патшалық Ресейдің Орта Азиямен сауда-экономикалық байланыс орнатып, мақта, кен, шикізат өнімдеріне қол жеткізу мақсатында салынған болатын. 1904 жылдың 1 қаңтарында пойыздар қозғалысына жол ашылған.

ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДЕ САЛЫНҒАН ШОЙЫН ЖОЛДАР 

Орынбордан басталып Илецк арқылы Қазақстанның бүкіл батыс аймағын кесіп өтіп, Ақтөбе, Шалқар, Арал теңізі, Сексеуіл, Жосалы, Шиелі, Қазалы, Қызылорда, одан Түркістан, Арыс арқылы Ташкентке жеткен шойын жолдың ғасырдан астам тамаша тарихы бар. Аталған станцияларда жол құрылысымен қатар ерекше архитектуралық үлгіде салынған вокзалдар мен басқа да көненің көзі ескі ғимараттар әлі күнге мызғымай тұр. Екі мың шақырымға жуық магистральдың басым бөлігі ( 1660 км) қазақ даласынан өткені – бұл өлкеде теміржол өндірісінің пайда болып, жергілікті халықтың да теміржолшы кәсібін ерте игеруіне себеп болды. Теміржолдың билігі патшалық Ресейдің құзырында болып, қазақ даласы тек транзиттік жол ретінде тартылса да алып магистральдың қазақ сахарасын аймақтық және экономикалық тұрғыда дамытып, өркениетке ұмтылуына әсері ұшан-теңіз болғаны анық. Күпі киген қазақтар қолына құрал алып, шойын жолда жұмыс істеп, кәсіп меңгере бастады, атарбадан – отарбаға да алдымен мінген солар. 

Әрине тарихқа жүгінсек, қазақ жеріне шойын жол тартылған кез әріден басталады. Құрылысы 1893 жылы басталып, бірнеше жылда салынған Покровская Слобода – Орал тар табанды темір жолы болды. Десек те, 369 км жолдың 130 км бөлігі Оралға жеткенмен, бүкіл қазақ даласын қамтыған алып құрылыстай ауқымды да, маңызды да емес еді. Сондықтан Қазақстан үшін шойын жол тарихы Орынбор – Ташкент магистралінен басталуы заңдылық дер едік. 

Қазақстанда салынған келесі маңызды құрылыс 1914 жылы басталып, 17-ші жылға дейін созылған «Арыс-Пішпек» темір жолы, болашақ Түрксіб теміржолының бір тармағы болып табылатын Арыс-Шымкент- Луговой телімі. Орынбор-Ташкент теміржолы арқылы Арысқа дейін жеткен жолды Шымкентке, Жамбылға, көршілес қырғызға, Пішпекке (бүгінгі Бішкек) дейін жеткізу жобасы жартылай жүзеге асқан. Шойын жолдың құрылысы баяу, жиі-жиі үзілістермен жүрген көрінеді. Оған сол кездегі ішкі Ресейдегі ахуал, азаматсоғысы, т.т факторлар себеп болса керек. Ақыры 16-17 жылы Бурныйға жеткен соң тоқтап калып, Луговой мен Пішпекке кейін, 1924 жылы бір-ақ жеткен. (Қырғыз темір жолы биыл 100 жылдығын атап өтпек). Біз өз тарапымыздан дәл осы жол құрылысын салуға қазақтың тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаев қатысып, 1915 жылдары Түлкібас өңірінде, таулы-тасты Машат шатқалында құрылысты басқарғанын мақтанышпен айта аламыз. Сол төңіректе туып-өскен жас Тұрармен (Тұрар Рысқұлов – ірі мемлекет қайраткері, алаш ардақтысы) Тынышпаевтың алғашқы танысуы, кездесуі де осы жерде болып, әкесі Рысқұл айдалып кеткен қолы қысқа Тұрардың оқуына ақша берген Тынышпаев екені айтылады. Күні бүгінге дейін Түлкібастың Жаскешу ауылына жақын «Тынышпаев туннелі» аталатын, тасты тесіп салынған туннель алаштың арда азаматының қолтаңбасындай, ашық аспан астындағы тарихтың ғажап ескерткіші болып әлі тұр. Қайсы бір жылы жергілікті азаматтар туннельдің кіреберісіне ескерткіш тақта да орнатты. Бұл туралы біз кезінде кеңірек жазып, туннельдің суретін де қоса берген болатынбыз. 

Осы аралықта «Челябинск-Троицк-Қостанай» теміржолының құрылысы да қатар жүріп, 1915 жылы Қостанайға да шойын жол келіп жетеді. «Новосибирск – Семипалатинск» жобасы арқылы Семейге жеткен Алтай теміржолының құрылысы да азамат соғысы етек алған 1916-17 жылдары салынды. Патшалық Ресейдің, капиталистік қоғамдағы жекелеген теміржол магнаттарының мүддесін көздейтін бұл жобалар кейін әрине кеңес үкіметінің меншігіне өтіп, елдің игілігіне, халық шаруашылығына қызмет ете бастады. 

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДІ ҚАМТЫҒАН ЖОБАЛАР 

Кешегі кеңес үкіметі салтанат құрған 70 жыл Қазақстан темір жолы үшін жеміссіз болған жоқ. Бүкілхалықтық құрылысқа айналып, даңқы жер жарған Түрксібтің өзі неге тұрады?! Күні кеше 70 жылдығын атап өткен Мойынты-Шу теміржолы ше?! 

Басынан бастайық, кеңес үкіметінің Қазақстанда қолға алған алғашқы жобасы тарихта «Петрокок» деген атпен белгілі «Петропавл-Көкшетау» темір жолы 1920-22 жылдары салынды. Кейін Ақмола, одан әрі Қарағандыға дейін тартылған теміржолдың маңызы ерекше болды. 1924 жылы салынған «Құлынды-Павлодар» және 1926 жылы салынған тар табанды «Гурьев-Доссор» теміржол телімдері де жас кеңес елінің кен орындарын игеру, халық шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты жобалары болғаны белгілі.

Дегенмен, мұның бірі де әйгілі «Түркістан-Сібір» магистралінің құрылысына жетпейтін. Кеңес елінің тарихындағы алғашқы ірі жоба болған Түрксібті салуға сол кездегі 15 республика өкілдері жұмылдырылып, құрылыстың шарықтау шегінде адам саны 30 мыңға жеткен деген дерек айтылады. Құрылысы қиын, аса күрделі жағдайда жүрсе де мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, бұл туралы «Гудоктан» бастап одақтағы газеттер жарыса жазып, шет елден де тілшілер келгені тарихтан белгілі. Үкімет жанынан құрылған Түрксібке жәрдемдесу комитетін Тұрар Рысқұлов басқарса, Мұхаметжан Тынышпаев құрылысқа бастан-аяқ қатысқан. Өкінішке орай, алаштың қос қайраткері де 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылған... 

Бір жағы Семейден, екінші жағы Луговойдан, санаулы техника болмаса негізінен қарақұрым халықтың жалаң қол күшімен салынған ұлы құрылыс 1927 жылы басталып, 1930 жылы 1 мамырда Талдықорғанның Айнабұлақ станциясында түйісіп, 1931 жылы тұрақты пайдалануға берілген. Семейлік теміржолшылар, жол бойында пайда болған Аягөз, Шар, Жарма сынды ірілі-ұсақты станция халқы күні бүгінге дейін Түрксібтің түпкі отаны – Семей, біз ұлы құрылыстың заңды мұрагерлеріміз деп орынды мақтан етеді. Түрксіб теміржолы Қазақстанның аймақтық, экономикалық, мәдени және рухани дамуына орасан зор ықпал етіп, шын мәнінде «өмір жолы» болғаны, еліміздің көліктік әлеуетін еселеп арттырып, әлі күнге шешуші көлік дәліздері қиысындағы маңызды көлік артериясы, күретамыр магистраль ролін атқарып отырғаны талас тудырмайды. 

(Жалғасы бар) 

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА, Астана

Жаңалықтар
31.01.2026
ҚТЖ дамудың адам игілігіне бағытталған үлгісіне көшуді қолдайды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ және РЖД: 2026 жылға арналған даму басымдықтары анықталды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ пойыздары жолаушыларына арналған ТОП-6 ыңғайлы сервис
Инфрақұрылым
30.01.2026
Жаңа порт құрылысы басталмақ
Станция тынысы
30.01.2026
Бірлігі жарасқан ұжымның биік белесі
Қауіпсіздік
30.01.2026
«Бір қателік өмірімді өзгертті»
Жаңалықтар
30.01.2026
Туризмді дамыту сөз болды
Аймақтар
30.01.2026
Оқу орындарымен меморандумға қол қойылды
Жаңалықтар / Мұрағат
30.01.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №7 30 қаңтар 2026 жыл
Жаңалықтар
29.01.2026
Қазақстан Ауғанстан арқылы Араб теңізіне шығу жолдарын қарастырып жатыр
Жаңалықтар
29.01.2026
«Нұрлы жол» вокзалында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті
Аймақтар
29.01.2026
Білімді маман – білікті маман
Жолаушылар тасымалы
29.01.2026
ҚТЖ бірқатар бағыттағы «Тальго» пойыздарына жеңілдіктер енгізді
Әлеумет
28.01.2026
Билетке жеңілдік: жоғары орындар сұраныста
Темір жол тарихы
28.01.2026
Метоллоломнан табылған жез қоңырау
Әлемде
28.01.2026
Сағатына 600 шақырым: Теміржол тарихын қайта жазған жапондық жоба
Жаңалықтар
28.01.2026
ҚТЖ-ның LED-экранында батыр-теміржолшылар туралы бейнеролик ұсынылды
Жаңалықтар
27.01.2026
Сенат депутаттары жолаушы вагондарының өндірісімен танысты
Жолаушылар тасымалы
27.01.2026
Халықаралық «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырады
Жаңалықтар
27.01.2026
Машинистер машығы жетілдірілуде