Соғыс салған жара. Тұщыбектегі тағзым ескерткішінің тарихы

Темір жол тарихы
08.05.2025, 11:04
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Бүгінде сол сұрапыл жылдарды көзбен көргендер қатары сиреген, қанды қырғынға қатысқан ардагерлер де тым аз қалды. Соғысқа кеткен жарын, ұлын күтумен қартайған қара кемпірлер де тарихқа айналды...

Бүгінгі әңгімеміз Маңғыстаудың шағын ғана Тұщыбек ауылында өмір сүрген қара кемпірдің прототипі сынды Шайкемпір және Шайкемпірдей сорлаған қаншама жанның жаралы жанына медеу сыйлаған ескерткіш-обелиск жайында болмақ.  

Маңғыстау ауданына қарасты Тұщыбек ауылындағы соғыс құрбандарына арналған бұл ескерткіш осыдан отыз жыл бұрын бой көтерген болатын. Содан бері бұл ескерткіш туған жерде бейіті де жоқ, соғыстан қайтпай қалғандардың соңынан жақындарының зиярат етер орнына айналған десек болады. Туған жерден топырақ та бұйырмаған боздақтардың есімін ескерусіз қалдырмай, мәрмәр тасқа аты жөндерін тізген ескерткіштің бой көтеруіне кезінде теміржолшылар тікелей атсалысқан екен. Атсалысып қана қоймаған, теміржолшылардың қаржысына салынған. Бұл туралы теміржолшы ардагер, Құрметті теміржолшы Қожахмет Уәзір өзінің «Тұщыбек – кіндігімді кескен жер» кітабында кеңінен баяндайды.  «1994 жылдың наурыз айы, ол кезде Маңғыстау жол дистанциясын басқарамын. Жұмыста отырсам Тұщыбектің азаматы, ҰОС қатысқан ақсақал Қылышбек Айдарбаев ағамыз қасында бір жолдасымен келді. Біраз қағазды газетке орап қолтықтап алған. Ол аудан, облыс басшыларына жазған хаттары мен алған жауабы, ауылдан соғысқа кеткендер мен келмегендердің тізімі, т.т. құжаттар екен. Бір ғана шағын Тұщыбектен 120 адам соғысқа алынған екен. Соның 78-і оралмаған. Қанша шаңырақ қара жамылып, ұрпағы жалғаспаған. Осыны еске салған ағамыз «Қайтып келгендердің де көбі о дүниеге кетіп, қатарымыз сиреп барады. Көзіміз тірісінде елге келу бақыты бұйырмаған қаруластарымызға ескерткіш орнатуға қам жасап, жеті-сегіз жылдан бері баспаған тауымыз қалмады. Бастамаңыз жақсы деп құптайды, бірақ ешкім бас ауыртпайды. Бастық болғаныңды естіп, сол соғыс жылдары өзіміздің колхозды басқарған Шабайдың ұлы ғой, сол жердің тумасы деп өзіңе келдім. Теміржолдың бір мекемесінің тұтқасын ұстап отыр екенсің. Ендігі үмітіміз сенде, осы шаруаны өзіңе тапсырамын» деп, әй-шәйге қарамай құжаттарды қолыма ұстатты», – деп еске алады ардагер теміржолшы.

Қарияның сөзін жерге тастамай ертесіне өңірдегі ескерткіштер мен қауымдарды қорғайтын Ақтау қаласының 1-шағын ауданында орналасқан мекемеге жол тартады. Кеңес Одағының тарап, егемендік алған елдің еңсесін енді тіктеп жатқан алғашқы жылдар болғасын алып-ұшып сонда жеткенімен көңілдегі күдігі де басым еді.  

«Ақша күн сайын құнсызданып жатыр, Тәуелсіздікті енді ғана алдық. Барлық жерде қаржы мәселесі қиын болып тұрған кез. Қауымдарды қорғайтын мекеме де жұмысшыларына жалақы бере алмай отыр екен. Басшысы ұсынысты бірден құптап, бірнеше күннен кейін үлгісін көрсететінін айтты. Бірақ алдын ала төлем жасауымыз керектігін ескертті. Ауыл ақсақалдарын жаңалықпен қуантып, жергілікті теміржол мекемелерінің басшыларына да мәселені жеткіздім. Соғыстан келмей қалған сонша адамның аты өшіп кетпесін, ертеңгі ұрпақ білсін деп бәрі қолдау көрсетті. Сол кезде Маңғышлақ станциясындағы теміржол мекемелерінен станцияны Мэлс Бексұлтан, вагон депосын Нұржан Қайыров, локомотив депосын Ғалымжан Нақпаев, электрмен жабдықтау дистанциясын Игілік Қилыбаев, белгі беру және байланыс дистанциясын Бекқожа Сәмиев басқаратын. Сол кісілер бастап, қалған теміржолшылар қостап, мекемелерден біраз ақша аударылды. Жиналған қаржы алдын ала төлемді ғана емес, құрылыстың түгел шығынын жапты» дейді Уәзір Қожахмет ағамыз.  

Ескерткіш 1994 жылдың сәуір айының ортасында, яғни бір жарым айдың көлемінде салынып біткен. Биіктігі тоғыз метрден асатын еңселі ескерткіш сәтті шықты. Қан майданнан оралмаған тұщыбектік 78 боздақтың аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылған. Тұщыбек ауылының тау беткейі жағындағы қауымға жақын, 1942 жылы ауыл азаматтарын соғысқа алып кеткен жерге салыныпты. Етжақынын келер-келмесі белгісіз сапарға шығарып салған ел-жұрт дәл осы маңнан 2-3 шақырымдағы Аманбұлаққа дейін қимай ілесіп барған деседі.  

«Ескерткіш-обелиск Жеңіс күніне орай 1994 жылдың 7 мамырында ашылды. Көзі тірі ардагерлер, қанды қырғыннан қайтпаған боздақтардың туған-туыстары көп жиналып, сол жерде үлкен ас берілді, жиырма шақты киіз үй тігілді. Жұрт талай жыл іште жатқан шерін тарқатып сөз сөйледі. Әйелдер жағы жылады-сықтады. Көпшілік ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Сонда куә болғаным, ұрысқа бір үйден бес адам кетіп, бесеуі де аман-есен келіпті. Тағы бір үйден төртеу түгел аттанып, барлығы оралмаған. Бір отбасының төрт тіреуі құлаған үйде тек бір қызы мен айелі қалыпты. Сұм соғыс әулеттегі еркек кіндіктіні қалдырмай, апталдай төрт азаматынан айырылған әйел олардан келген «қара қағазға» сенбей, өле өлгенше күтіпті. Арыстары кеткен жолға көз тігіп, мұңға батып отырады екен. Самауырын қайнатып, шай ішкен сайын дастарханға төрт кесе артық қояды екен. Өмір бойы осылай «төртеуге шай құюмен» өтіпті. Сол үшін оны жұрт «Шайкемпір» атап кетіпті. Дәм-тұзы таусылар шаққа таяғанда байғұс ана балалары мен ерінен келген хаттарды өзімен бірге жерлеңдер деп өсиет етіпті. Осы оқиғаны Шайкемпірдің қызы ескерткіштің ашылу салтанатында айтып беріп, жұрттың бәрін жылатты. «...Жұрт жақындарының қабірін зияраттап барса, мен қайда баруды білмеуші едім. Енді осында келемін» деп өзі де жылады. Сол сәт күні бүгінгідей көз алдымда. Сондықтан осындай игілікті іске мұрындық болып және біздің теміржолшылардың да үлес қосқанын мақтаныш етемін»,- деп әңгімесін аяқтады түбектің тарлан теміржолшысы Қожахмет Уәзір.  

 

Аймақтар
02.07.2026
ҚТЖ мен Wabtec Қызылорда облысындағы Оқушылар шығармашылығы сарайының 30%-ын салып үлгерді
Жаңалықтар
01.07.2026
ҚТЖ мен Citi ынтымақтастықты талқылады
Жаңалықтар
01.07.2026
ҚТЖ мен Wabtec стратегиялық серіктестікті кеңейтуді талқылады
Жаңалықтар
01.07.2026
Елімізде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда
Жаңалықтар
01.07.2026
Тоқаев: көлік-логистика саласы ел дамуының негізгі бағыттарының бірі
Қауіпсіздік
01.07.2026
Жарты жылда 640 шұғыл тежелу: теміржолдағы мал мәселесі өзекті болып тұр
Жаңалықтар
01.07.2026
Қытайдан Достық арқылы өтетін контейнерлік пойыздар саны 26,6%-ға артты
Аймақтар
30.06.2026
Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында теміржол вокзалдарын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
30.06.2026
Ақмола облысында үш теміржол вокзалы жаңғыртылды
Инфрақұрылым
30.06.2026
Вокзалдардың бағын ашқан бағдарлама
Сұхбат
30.06.2026
Ақтау порты – халықаралық логистика жүйесіндегі маңызды буын
Станция тынысы
30.06.2026
Ірі теміржол торабын бағындырған нәзік жандылар
Аймақтар
30.06.2026
Сыр өңірінде теміржол инфрақұрылымы жаңарып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Аймақтар
30.06.2026
Мақсат – өзгерістерге бейімделу
Жаңалықтар
30.06.2026
Сала дамуына үлес қосқан теміржолшылар құрметті демалысқа шықты
Жаңалықтар
30.06.2026
Үздік аудармашы
Жаңалықтар
30.06.2026
ҚТЖ мен Эстон темір жолдары Азия мен Еуропа арасындағы жаңа көлік маршруттарының дамуын талқылады
Жаңалықтар / Мұрағат
30.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №50 30 маусым 2026 жыл
Спорт
29.06.2026
Түлкібастағы тораптық жарыс
Аймақтар
29.06.2026
Үш өңірде қайта құрудан кейін бес теміржол вокзалы ашылды