Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл

Темір жол тарихы
13.05.2024, 11:55
Меруерт Умирзакова

12 мамыр – қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлғаның бірі Мұхаметжан Тынышпаевтың туған күні.  Сан қырлы қайталанбас дарын иесінің күрделі де қиын тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Тынышпаевтанушылар өткен ғасырдың басында өмір сүріп, жүз жыл бұрын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Алашорда зиялыларының қатарында туған халқының игілігі жолында өлшеусіз еңбек етіп, сол жолда жанын қиған, өмірі күреспен өткен ұлт қайраткерінің артында қалған мол мұрасын әлі зерттеуде.  

Қазақтың тағы бір ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаев пен Мұхаметжан Тынышпаевты байланыстыратын бір ұқсастық бар сияқты. Екі тұлға да өз дәуірінде атақ-мансаптың шыңына шықса да қарапайым адамдық болмысынан айнымаған. Ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен Тынышпаев ғылыми еңбектері мен жарияланған мақалаларына «Қазақ инженері» немесе «Инженер Тынышпаев деп қол қойса, Қонаев «Тау-кен инженері» деп қана шектелген.  Қонаев өзінің өмірбаяндық естелігінде Санкт-Петербуг университетін бітірген қазақтың тұңғыш теміржол-инженері Мұхаметжан Тынышпаев образын өзіне үлгі тұтқанын, өскенде инженер болуды бала кезден армандағанын жазады.  

Өткен ғасырдың басында Жетісудағы Верный гимназиясын үздік бітіріп, Петербургтегі І Александр атындағы теміржол институтына оқуға түскен, Ресей Думасына депутат болған қазақтың перзенті өз дәуірінің озық ойлы, жан-жақты, энциклопедиялық білімі бар азаматы болған. Телегей теңіз білімінің арқасында тарихшы-этнограф, физика-математика ғылымдарын терең меңгерген, техникалық  сауатты маманның барлық салада қолтаңбасы қалған. Негізгі кәсібінен бөлек, «Қазақ халқының тарихы» атты деректі еңбегінің өзі неге тұрады. Қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметі ше? Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, Түркістан автономиясының Премьер-министрі болған адамның, кейіннен жоғары оқу орнында физика-математикадан дәріс бергені... тағысын тағы еңбектері оның сан қырлы болмысын көрсетеді.  

Ал жоғары білімді теміржол инженері ретінде еңбегі ұшан-теңіз. Тынышпаев- теміржолшы тақырыбын үш кезеңге, жоқ төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Ең алдымен патшалық Ресей кезінде 1915 жылдары Жетісу теміржолының құрылысына қатысып, Шымкент-Түлкібас-Әулиеата арасында теміржол құрылысына басшылық еткен Тынышпаевтың қолтаңбасы күні бүгінге дейін Машат шатқалында «Тынышпаев туннелі» болып тұр. Кейін Орта Азия теміржолын түлетуге атсалысты, инженерлік білімін Əмудария арқылы көпір салуға, «Ашхабад-Ташкент» темір жолының Урсатьевск-Әндіжан телімінің құрылысына жұмсады. Ал кеңес үкіметінде бүкілхалықтық құрылыс болып жарияланған әйгілі «Түркістан – Сібір», яғни «Түрксіб» теміржолы құрылысының өн бойында Тынышпаевтың ізі сайрап жатыр. Бұл ең алдымен Шоқпар асуына байланысты.Түрксібтің оңтүстік құрылысында өндірістік бөлімді басқарған инженер Тынышпаев  Луговойдан басталған жол құрылысының жоспарлағандай Қордай асуы арқылы емес, Шоқпар арқылы жүргізілуіне ықпал етеді. Ол Қордай асуының өте қолайсыз және тиімсіз екенін, жол салуда кездесетін қиындықтардың көп болатынын, ойлы-қырлы өңірде құрылыс жүргізу қиындықпен қатар көп қаржыны қажет ететінін, жол салынған күнде ол жолмен пойыз жүру үшін бір емес, бірнеше локомотив тартымы қажет болатынын жобалаушыларға дәлелдеп, ақыры өз нұсқасын өткізеді. Арнайы құрылған комиссия Шоқпар мен Қордай жобасын зерттей келе, Қордай нұсқасының шынымен де тиімсіз екеніне көз жеткізіп, Тынышпаев ұсынған Шоқпар нұсқасын таңдайды. Бұл туралы кезінде «Түрксіб тынысы» газетінде Тынышпаевтың туысқан інісі Болат Такаров, кейіннен «Великий творец добра и света» деген кітап шығарған қарт журналист Федор Осадчий де жазды. Сондай-ақ Алматы-1 станциясының, теміржол вокзалының орнын таңдауда да  Тынышпаевтың ұсынысы қабылданғаны тарихтан белгілі. Бұл дегеніміз бүгінгі Түрксіб ауданының орналасуы мен құрылып-қалыптасуына  да ықпалын тигізгені анық. Ең өкінішітісі, осындай талантты инженер, біртуар азамат ұлы құрылыс аяқталған сәтте халық жауы ретінде тұтқындалады. Алматы түрмесінде жылдан аса жатып, жердің түбі Воронежге айдауға жіберіледі. Міне, айдауда жүріп «Москва-Донбасс» теміржолының құрылысын салуға қатысуы – оның  кәсіби қызметінің төртінші кезеңі. Жат жер, ауыр жұмыс, тұрмыстық-әлеуметтік және морольдық-психологиялық ахуал Тынышпаевтың денсаулығын күйретіп кеткені анық. 1932 жылдан 1936 жылға дейін айдауда болып елге оралған соң 1937 жылы «Гурьев-Қандыағаш» теміржолының құрылысына аттанады. Бірақ сол жылы жұмыс істеп жүрген жерінен тағы да ұсталып, Ташкент түрмесіне тоғытылады.  Тағдыр талайына жазған ауыр азап пен бейнеттен жасына жетпей қартайып,  мүжіліп, денсаулығынан айрылған қайран азамат 1938 жылы түрмеде өледі, кейбір деректерде атылды деп айтылады.  

Бұралай-бұлтарысы көп күрделі тағдыр иесінің жеке өмірі де оңай болмаған. Сүйіп қосылған алғашқы жары алматылық дәрігердің қызы, айдай сұлу Гүлбаһрам Шалымбекова медбике болған. 1922-23 жылы Шымкентте обадан қырылған халықты емдеп жүріп жұқтырып алған жастай қайтыс болады. Тынышпаевтың ұлы Ескендір (белгілі кинорежиссер, оператор болған) мен Фатанад-Бану мен Динарзада атты екі қыз осы Гүлбаһрамнан туған. Одан кейін қайтыс болған жолдасының жесірі, Гүлбаһрамның сіңлісімен бас қосып, Еңлік атты қызы дүниеге келген. Бұл неке де баянды болмайды.Тек арада 7 жыл өткенде құмық қызы  Әминаға үйленіп, аз уақыт болса да отбасы, жар қызығын көрсе керек. Әмина сонау Петерборда бірге оқыған жолдасы, дағыстандық ақсүйектер әулетінен шыққан Даут Шейх-Әлидің қарындасы болған. Үйленген соң жылға жетпей ұсталып Алматы түрмесінде жатқан Тынышпаев ұлы туғанда атын Дәулет қойыңдар, ал фамилиясы Шейх-Әли болсын дейді. Воронежге айдалған ерінің артынан емшектегі баласын алып барған Әмина айдаудағы қиын-қыстау жылдарды күйеуімен бірге көріп жанына жалау болған. Тынышпаев екінші рет ұсталып кеткен соң төркінін сағалап Уфа қаласында тұрақтап қалып, қалған өмірін жалғыз ұлына арнап, өсіріп жеткізген осы бір рухы мықты қайсар құмық әйелінің табиғатынан да емендей берік ерімен ұқсастық табар едік. Бүгінде 92 жастағы қарт ғалым  Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев әкесінің мұрасын жинастырып, кітап шығарды. Тынышпаев атындағы қорды қарындасы Айсадан туған жиені Нұршакен Жүнісқызы басқарып, арда азаматтың атын ұлықтауда үлкен жұмыс атқарып отыр.  

Жаңалықтар
06.02.2026
ҚТЖ көктемгі су тасқынына дайындықты бастады
Жаңалықтар
06.02.2026
ҚТЖ қалпына келтіру пойыздарын заманауи техникамен толықтырды
Станция тынысы / Қауіпсіздік
06.02.2026
Қауіпсіздікті қадағалаудың қандыағаштық үлгісі
Жаңалықтар
06.02.2026
Корея жастары ҚТЖ-ға келді
Сұхбат
06.02.2026
Қанат Әлмағамбетов: «Өтініш-шағымдарды екі есе төмендетуге қол жеткіздік»
Қауіпсіздік
06.02.2026
Алматыда арнайы сабақ ұйымдастырылды
Жаңалықтар
06.02.2026
Мұқағали мұрасы – ұлт қазынасы
Аймақтар
06.02.2026
Атырау теміржол музейі жаңа есіммен толықты
Жаңалықтар
06.02.2026
2025 жылы Khorgos Gateway-дың транзиттік әлеуеті артты
Жаңалықтар / Мұрағат
06.02.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №9 06 ақпан 2026 жыл
Жаңалықтар
05.02.2026
Өзбекстан Түркия арқылы теңізге шығудың жаңа жолын тапты
Қауіпсіздік
05.02.2026
Сексеуілде теміржол қауіпсіздігіне арналған тораптық жиын өтті
Жаңалықтар
05.02.2026
«Нұрлы жол» вокзалында «Құқықтық дәріхана» профилактикалық акциясы өтті
Әлемде
05.02.2026
Ұлыбританияда алғашқы аккумуляторлы пойыз жолаушы тасымалдауды бастады
Жаңалықтар
05.02.2026
Қазақстан мен Пәкістан көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Жаңалықтар
04.02.2026
Қазақстан мен Пәкістан Солтүстік – Оңтүстік бағытында мультимодальды тасымалдарды дамыту туралы келісті
Спорт
04.02.2026
Қыс қызығы – «Кәсіподақ шаңғысы»
Жолаушылар тасымалы
04.02.2026
Вокзалдарда мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды
Әлемде
04.02.2026
DB және Alstom пойыздарды қашықтан басқару технологиясын сынақтан өткізуде
Цифрландыру
03.02.2026
Сингапурлық технология Қазақстан логистикасын қалай өзгертті?