Алаш қайраткерінің зерделі тұяғы еді

Темір жол тарихы
13.12.2024, 09:59
Меруерт Умирзакова

Күні кеше мұхиттың арғы жағынан қаралы хабар келді. Түркістан автономиясының тұңғыш төрағасы, Алашорда үкіметінің көрнекті өкілі, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы, ғалым Дәулет Шейх-Әли дүниеден өтіпті...

Дәулет Мұхамеджанұлының соңғы 20 жылдан астам өмірі Қазақстанмен тығыз байланысты. Тағдырдың жазуы болар, 1931 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген ол саналы ғұмырын туған жерден жырақта өткізді. Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ ұлтының сүтке шығар қаймақтарын қалқып алып қырып жіберген сталиндік репрессияға ұшырап, «халық жауы» деген жаламен түрмеде өлген Тынышбаевтай асылдың ұлы болғаны үшін...

Жетісудың Сарқанд ауданында туған Мұхаметжан Тынышбаев өткен ғасырдың басында патшалық Ресейде жоғары білім алған өте сауатты, білімді, өз ұлтының аса көрнекті өкілі-тұғын. Петербургте теміржол институтын бітіріп, елге келген соң Жетісу теміржолының бір тармағы, Шымкент – Түлкібас – Әулиеата аралығындағы теміржолдың құрылысын салуға қатысқан. Азамат соғысының басталуымен ол жоба аяқсыз қалып, он шақты жылдан кейін ғана Жамбылға жеткен. Дегенмен Түлкібаста тауды бұзып, тасты жарып Тынышбаев салған сол құрылыстан қалған тарихи ескерткіш «Тынышбаев туннелі» әлі тұр. Ел азаматтары ол жерге ескерткіш тақта орнатқан. Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Тынышбаевтың ескерткіші Түлкібас стансасында да тұр.

1914–1915 жылдары Мұхаметжан Тынышбаев бозбала Тұрармен танысып, сауатты, білімге зерек жасқа ақша беріп оқуға жіберген деседі. Содан кейін қазақтың екі ұлы перзентінің байланысы үзілмеген. Мәскеуде отырып «Түрксіб» құрылысына басшылық жасаған Рысқұлов оған Тынышбаевты тартып қана қоймай, қазақ инженерінің жобаларын қорғап, қолдау көрсетіп отырғаны тарихтан белгілі. Түрксіб құрылысының өн бойында Тынышбаевтың қолтаңбасы күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Ол жолдың Шоқпар асу варинаты, стансалар, әлі күнге мызғымай тұрған су тарту мұнаралары, деполар, т.т. Тынышбаев жобалаған ғимарат көп. Өкінішке қарай, ұлы құрылыс бітер-бітпесте ұсталған асыл азамат кеңес елі «алғашқы бесжылдықтың ұлы құрылысын» тойлап жатқанда түрмеде жатты...

Айдауда жүріп «Москва – Донецк» теміржолын салуға жегілген тұтқын Тынышбаевтың артынан жары Әмина Ибрагимқызы бір жасар ұлы Дәулетті алып Воронежге барады. Алғашқы жары алматылық дәрігердің қызы Гүлбаһрам Шалымбекова ауруларды емдеп жүріп жұқтырып алған сүзектен өледі. Ұлы Ескендір (бел­гілі кинорежиссер, оператор болған) мен қыздары Фатанад-Бану және Динар-Зада осы алғашқы некеден туған. Біраз жылдан соң үйленген екінші жары Тынышбаевтың байырғы жолдасы, дағыстандық ақсүйектер әулетінен шыққан Даут Шейх-Алидің қарындасы болған (Ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістікке жеткен КСРО-ның атақты селекционері, кезінде ұзақ жылдар Алматы іргесіндегі ғылыми зерттеу институтын басқарған). Тынышбаев түрмеде жатқанда туған ұлын оның өтінішімен Дәулет Шейх-Али деп жазғызып (сұрқия заманның сұрқын байқап, анасының тегінде болғанын дұрыс көрсе керек), бүкіл өмірін осы жалғыз ұлына арнаған, 5 жыл айдауда ерінің жанында жүріп, жанына жалау болған осы бір қайсар әйелдің емендей берік рухына еріксіз тәнті болғандайсыз...

Башқұртстанда өскен Дәулет Мұхамеджанұлының елмен байланысы тек бертін келе орнайды. Есін білгелі анасы мен нағашы атасының айтуымен әке тағдырына қанық болып өскен ол заманның беті бері қараған соң өз бетінше ізденіп, жер-жерге хат жазып жүріп, 1958 жылы ақталған әкесінің анықтамасына тек 1970 жылы қол жеткізеді. Туған елден жырақта жүріп-ақ ілім-білімнің шыңына өрлеп, әжептәуір карьера жасайды. 1954 жылы Уфа мұнай институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, жарты ғасырға жуық мұнай ғылыми зерттеу институтында еңбек етіп, ғылыммен айналысты. 1964 жылы Мәскеу мұнай институтында «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаса, 1998 жылы «Мұнай кен орындарын игеруүдерісінде қабаттық мұнайларды зерттеудің ғылыми-әдістемелік негіздері және олардың қасиеттерінің өзгеруі» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. 15 жыл бойы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің қабаттық мұнайлар мен газдарды зерттеу мәселелері жөніндегі әдістемелік кеңесінің мүшесі болғаны өз алдына бөлек әңгіме.

Башқұртстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Алидің бір арманы – Қазақстанға ертерек келмегені болыпты. Еліме қызмет етіп, балаларым қазақ елінде өсер еді деп өкініш етеді екен. «Мен қазақпын, Тынышбаевтың ұлымын» деп өзі іздеу салмаса, Алаш қайраткерінің осындай ұрпағы барын ел-жұрт естен шығарып, тіпті білмегендей де екен. Осы жерде Мұхаметжан Тынышбаевтың қарындасы Айсадан туған жиені Нұршәкен Жүнісқызының еңбегін айта кеткен жөн. Дәулеттей нағашы ағасының хабары шыққан соң-ақ қарап жатпай шырылдап оны іздеген апамыз елге шақырып, құшақ жая қарсы алады, әкесінің туған жеріне апарып, ағайынмен қауыштырады. Жат жерде өсті дегенмен бойында қазақтың қаны, қан болғанда да Тынышбаевтай тектінің қаны бар емес пе, елге келіп қазығын тапқан әкелі-балалы Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы (авиация саласының маманы, докторлығын Канадада қорғаған, Монреаль, Флорида штатында еңбек еткен ағылшын тілді ғалым) Алматыға қоныс аударып, Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясында, Қазақстан-Британ техникалық университетінде ондаған жыл жемісті еңбек етті. ҚБТУ мен Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі біріккен диссертациялық кеңестің мүшесі болды. 2 монография, бір анықтамалықтың, 150-ден астам ғылыми еңбектердің және авторлық куәліктердің авторы «КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі» атанған бірегей тұлға болды.

Ал елге оралған соң Дәулет Мұхамеджанұлы бос уақытын архив ақтарып, әкесінің өмірі мен қызметін зерттеуге арнады. Нәтижесінде, Алаш қайраткерінің бұрын белгісіз болып келген талай еңбегін тауып жарыққа шығарды, тарихи негіздерге сүйеніп жазылған бірнеше құнды кітап шығарды. Ғылымға, мәдениет пен білімге қосқан үлесі үшін 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. «ҚазАТК құрметті профессоры» атағы берілді. Архив ақтарып жүріп мұрағаттан әкесіне қатысты құжаттардан бөлек Түрксіб құрылысына да қатысты талай дерек тапты. Сондықтан ұлы құрылыстың мерейтойына орай «Түрксібке – 90 жыл» төсбелгісі оған берілген лайықты марапат еді, сонымен қатар, осынау алып құрылысты салушылар мен жобалаушылар қатарында болған жалғыз қазақ инженерінің еңбегі тоқсан жылдан кейін бағасын алып, ұлына қайтып жатқандай еді...

Дәулет Мұхамеджанұлы толып жатқан марапаттарының ішінде осы Түрксібтің мерейтойлық медалі мен «Құрметті теміржолшы» салалық төсбелгісіне айрықша құрметпен қарайтынын көзіміз көрді. «Бұл – маған берілген әкемнің наградалары» дейтін жарықтық.

Жалпы, әкелі-балалы Тынышбаевтар туралы сағаттап әңгіме айтуға болады. Сонау патшалық Ресей кезінде Мемлекеттік Думаның депутаты болған санаулы қазақтың бірі, кейін Қоқан автономиясының Премьер-министрі, Алашорда үкіметі басшыларының бірі болған Мұхаметжан Тынышбаевтың қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени және ағартушылық еңбектерінен бөлек, кәсіби теміржолшы ретіндегі ұшан-теңіз еңбегі әлі де толық зерттелген жоқ. Жетісу мен Түрксіб теміржолының құрылысынан бөлек, Орта Азия темір жолына еңбегі сіңіп, Әмудариядан өтетін көпір құрылысы мен «Ашхабад – Ташкент» теміржолының Әндіжан телімінде де қолтаңбасы қалғанын, 1932–1936 жылдары бес жыл айдауда жүріп «Москва – Донецк» теміржолын салуға қатысқан соң елге оралып, 1937 жылы «Гурьев – Қандыағаш» құрылысында да еңбек еткенін атүсті ғана білеміз. Сол құрылыста жүргенде тағы да ұсталып, ұзақ жыл айдауда жүріп, ауыр еңбектен қажып мүжілген жан Ташкент түрмесінде өледі...

Дәулет Мұхамеджанұлы өмірінің соңғы жылдарын Америкада өткізді. Зайыбы дүниеден өткен соң, дәрігер қызының қарауында болды. Елге соңғы рет 2021 жылы келіп, Алматы мен Астанада аялдады. 94 жасқа қараған шағында дүниеден озған қарт ғалым ұлы мен қызына «Елмен байланысты үзбеңдер, Алматыдағы үй сатылмасын, түбі немерем оралады» деп өсиет етіпті деседі...

 

 Меруерт ӨМІРЗАҚОВА

Егемен Қазақстан

 

 

 

Жүк тасымалы
28.03.2025
ҚТЖ-да астық штабының отырысы өтті
Жолаушылар тасымалы
28.03.2025
ҚТЖ мен iKOMEK109 бірлесіп байланыс орталықтарын жетілдіреді
Қауіпсіздік
28.03.2025
Оқушыларға қауіпсіздік мәселесі түсіндірілді
Қауіпсіздік
28.03.2025
Қауіпсіздік шаралары басты назарда
Трансформация
28.03.2025
Премьер-министр вагон жасау зауытымен танысты
Жаңалықтар / Мұрағат
28.03.2025
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №22-23 28 наурыз 2025 жыл
Жаңалықтар
27.03.2025
Астанада өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді
Аймақтар
27.03.2025
Алматы өңірінде су тасқыны кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды
Аймақтар
27.03.2025
«Jibek Joly» туристік пойызы – Таразда
Аймақтар
26.03.2025
Халықтық мерекеге ұласты
Аймақтар
26.03.2025
Түркістанға төрт жүз турист келді
Спорт
26.03.2025
Теміржолшылар спорттық сайыстарға белсене қатысуда
Аймақтар
26.03.2025
Түбек жұрты Наурыз мейрамын түгел тойлады
Жаңалықтар
26.03.2025
Теміржолшылар ауылындағы той
Аймақтар
26.03.2025
Теміржолшысы көп қала
Аймақтар
26.03.2025
Ұлттық спорт ойындарына жүзден астам теміржолшы қатысты
Аймақтар
26.03.2025
Тораптық жарыс өтті
ҚТЖ келбеті
26.03.2025
Теміржолға адал қызмет
Жаңалықтар
26.03.2025
Теміржолшылар “Азайт, қайта пайдалан, қайта өңде” экологиялық акциясын өткізді
Әлемде
26.03.2025
Alstom Үндістан темір жолдарына 500-ші электровозды жеткізді