Теміржолда жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында көпбалалы теміржолшылар отбасының мектеп таблдырығын аттайтын балаларына сыйлық жасайтын тамаша дәстүр қалыптасқан.    

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл» филиалының кәсіподақ ұйымы биыл 235 балақайды қуантты. Филиалда ұйымдастырылған іс-шарада кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев пен кадрлар бөлімінің бастығы Меруерт Баймұрзаева бүлдіршіндерге оқу құралдары толтырылған қызылды-жасылды әдемі рюкзактар тапсырды.  

– Жыл сайын әлеуметтік картасына қарай тізім жасалып, көпбалалы отбасыларға басымдық берілетін. Сөмкелер саны да осыған байланысты анықталатын. Биыл ұл-қызы бірінші сыныпқа баратын ата-аналармен қоса мектеп жасындағы мүгедектігі бар отбасыларды да қостық. Біздің мақсат – теміржолшыларға, еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосып отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Наурызбаев.