«Машинистер әні» туралы білесіз бе?

Әлеумет
28.02.2020, 12:05
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

«Әндетіп келем, жарысып желмен, мінгенім менің тепловоз...» деп басталатын жеңіл ырғақта айтылатын ән өткен ғасырдың 70-ші жылдары батыс өңірінде, әсіресе Атырау, Мақат теміржолшылары арасында өте танымал болды.Темір тұлпарды тізгіндеген тепловоз машинистерінің аузынан тастамайтын сүйікті әні болыпты.

Алайда, әннің шығу тарихы, авторы кім, бүгінде бірі білсе, бірі білмейді, әсіресе жастар мұндай әннің барынан да бейхабар болар. Жуырда ән авторы Исмағұлов Жұмажан ағамен кездесудің сәті түсіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Жұмажан аға, «Машинистер әні» қалай туды, қай жылдары жазылды?

– Ол ән сонау 60-шы жылдардың аяғында жазылған еді. Мен Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, 1968 жылы Мақат локомотив пайдалану депосына жөндеуші-слесарь болып жұмысқа кірдім. Ол кездер бір тамаша уақыт еді. Жастар күндіз жұмыста, кешке клубта бас қосатын. Депоның көркемөнерпаздар ұйымы болды. Онда өнерлі жастар көп болды, қазағы бар, орысы бар, басқа ұлттар бар. Менің баян тартатыным бар еді. Сол үйірмеге мен де келіп қосылдым. Машинист көмекшілігіне оқып куәлік алдым. Сөйтіп жүргенде смотр болады деген хабар жетті. Ол кезде мекемелер арасында көркемөнерпаздар байқауы үнемі болып тұрушы еді. Соған дайындыққа кірісіп кеттік.

– Ол жылдары Мақат депосының жаңа құрылып, жергілікті мамандар енді қалыптасып жатқан кез болар?

– Иә, теміржолшылардан жергілікті мамандар ол тұста әлі көп шыға қоймаған кез, таңсық кәсіп, машинистердің дені – басқа облыстардан, республикалардан келгендер. Ескендір Кенжеханов деген Арыстың жігіті машинист болып жұмыс істеді, мен соған машинист көмекшісі болдым. 1968 жылы Мақат-Маңғыстау бағытына алғашқы жолаушылар пойызы шықты. Сол пойызды бірінші жүргізген осы Ескендір болатын. Екеуміз ағалы-інідей боп араласып кеттік, ол менен 8-9 жас үлкен еді. Әлі есімде, 1969 жылдың жаймашуақ күзі, кезекті сапардамыз, жүйткіген тепловоз терезесінен қарап келеміз. Мақатқа таяп қалдық. Ескендір манадан аузы күбірлеп әлдене жаттап отырғандай, алдағы байқауға бірдеңе ойластырып отырғанын сездім. Бір кезде маған қарап: «Менің бала кезден өлең жазатын азын-аулақ әдетім болған, мына шумақтарым қалай? Сен осыған ән шығарсаң қатып кетеді, байқауда бәрінен озамыз» деп ыңылдап отырып айтып берген еді.

Менің тек баян тартатыным болмаса, ән жазу деген ойымда жоқ нәрсе. «Мен композитор емеспін ғой» деппін сасқанымнан. «Болмасаң – боласың, несі бар» деп күлді ол. Өлең сөзі жатық, айтуға жеңіл екен. Кейбір кедір-бұдыр жерлерін екеулеп өңдеп, әнге айналдыруға ден қойдық. Бірнеше күн ойланып жүріп, құлағыма дүдік-дүдік, дүдік-дүдік деген пойыз тарсылы ғана келе береді. Баянымды қолыма алып, біраз күн әурелендім. Әуен біресе ана әнге, біресе мына әнге ұқсап кететіндей.

Ақыры осы ән туды, ол жігіттерге де ұнады. Қайырмасы пойыздың дүрсіліндей дүк-дүк етіп қайрылатынына риза болып бәрі өлеңді жаттап, смотрда айтуға келісті. Айтқандай, сол жолы аудандық көркемөнерпаздар байқауында осы әнмен бірінші орын алып, облысқа да осы әнмен бардық. Келесі 1970 жылы смотрға тағы бардық. Оған Мақат ауданынан 120 адам қатысып, ол жолы Ескендірдің «Жайықтың жағасы» деген әнін апардық. «Бояуы кеппеген ән» деп хабарлады конферансье. Сөйтіп екеуміз екі әннің авторы боп шыға келдік. Бұл ән де халыққа ұнады.


– Шығармашылықтарыңыз әрі қарай да жалғасты ма?

– Тағы бір ән жаздық, «Жұлдызым» деген, үшеуіне де авторлық құқығымыз бар. 1972 жылы Ескендір аға туған жеріне көшіп кетті, Арысқа. Осыдан кейін шығармашылық байланысымыз үзілді. Жайсаң жігіт еді, жан-жақты, өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. Еліне барған соң депода машинист, инструктор, басшылық лауазымдарда болды. Әкесінің атында көше бар Арыста. Қоғамдық өмірден тыс қалмай, көркемөнерпаздар үйірмесін жүргізді, сонда самбо мектебін де ашты. Кейін зейнеткерлікке шықты, хабарласып тұрдық. 2018 жылы дүниеден озды. Қаделерінде болдық, жылына қатыстық. Апайға телефон соғып, әлі күнге амандығын біліп тұрамын.

– Сіз әлі де баян тартасыз ба?

– Иә, баянды тастамаймын. Осында ардагерлер ансамблін басқарамын бүгінде. Халыққа концерттер қоямыз. Үлкен балам теміржолшы, кенже балам Дина Нұрпейісова атындағы оркестрде. Бірі – мамандығымды, бірі өнер жолымды таңдады.

– «Машинистер әнінің» тағдыры туралы не айтуға болады?

– Әрине, ол кезінде теміржолшы мамандығы таңсық, машинист – ең мәртебелі мамандық болып тұрған заманда жаппай айтылған, «модаға» айналған ән болды. Бірақ бүгінде ескіріп, ұмтылғаны рас, заман басқа, заң басқа, талғам басқа. Бірақ, Мақат теміржолшылар қаласы ғой, ел ішінде ұмытылған жоқ, теміржолшылар бас қосқанда ара-тұра әлі айтылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір балалар келіп, осы әнге клип түсіреміз деп рұқсат сұрады, батамды бердім. Жергілікті темір жол басшылығымен келісіп, Мақат станциясы мен депо жігіттері көмек көрсетіп, тәп-тәуір бейнебаян түсіріпті, қазір ғаламторда жүр.

– Әңгімеңізге рахмет, аға, аман жүріңіз, өнеріңіз ұрпақтан ұрпаққа жалғассын! 

Жаңалықтар
22.09.2026
ҚТЖ локомотив бригадаларының біліктілігін арттыруда
Трансформация
22.09.2026
SAP жүйесі: ҚТЖ үшін озық цифрлық шешім
Аймақтар
22.09.2026
Семейде тәулігіне кемі 350 вагон көмір тиелуде
Станция тынысы
22.09.2026
Шиелі станциясы өндірістік жоспарды межеден асыра орындады
Аймақтар
22.09.2026
Шу локомотив пайдалану депосында студенттерге «Ашық есік күні» өтті
Қауіпсіздік
22.09.2026
Астана жол дистанциясы оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Спорт
22.09.2026
«Теміржол қалқаны» – жеңімпаз
Спорт
22.09.2026
Жігіттердің осалы жоқ
Жаңалықтар / Мұрағат
22.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №75 22 қыркүйек 2026 жыл
Жүк тасымалы
21.09.2026
ҚТЖ астық штабы Қостанай мен Көкшетауда биылғы егінді шығаруды талқылады
Әлемде
21.09.2026
Аргентинада күн энергиясымен жүретін пойыз іске қосылды
Әлемде
21.09.2026
Үндістан Африка теміржол нарығындағы үлесін арттырып келеді
Жаңалықтар
21.09.2026
Машинист далада жалғыз қалған төрт жасар баланы тапты
Әлемде
21.09.2026
KORAIL Тәжікстан метросын дамытуға көмектеседі
Спорт
19.09.2026
Жүздеген теміржолшылар «ҚТЖ марафоны – Сіз де қатысыңыз» VI-шы қайырымдылық марафонына қатысты
Жаңалықтар
19.09.2026
Астанада 320-дан астам теміржолшы сенбілікке қатысты
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын