9 жыл бұрын жұмыс барысында мүгедек болып қалған жігіт спортта жеңіс тұғырынан көрініп жүр

Әлеумет
23.09.2021, 09:32
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Мейірбекті тағдырдың ауыр сынына төтеп беріп, сынып кетуден сақтап қалған не? Сірә, қанына біткен қайсарлық пен темірдей төзімділік, сосын… салқын сана болса керек. Иә, өйткені, алғашқы күннен бастап күйректікке бой алдырмай, бәрін ақылға жеңгізіп, ендігі жағдайын шынайы қабылдады… Ақтаудағы М.Тынышпаев атындағы көлік колледжін тәмамдап, станцияда пойыз құрастырушы болып еңбек жолын бастаған жи- ырмадан жаңа асқан жас жігіттің арманы асқар таудай еді. Бірақ, қатал тағдыр алда не күтіп тұрғанын ұқтырсын ба? Аяқ астынан тап болған сәтсіздік бір қолы мен бір аяғынан айырып, мүгедек болып қалды. Сол күннен бастап теміржолшы жігіттің жолы басқа арнаға бұрылып, өмірі күрт өзгерді.

− Жұмысқа кіргеніме бір жыл болып, еңбек демалысына кеткелі жүргенмін. 2012 жылы қараша айының 19-нан 20-на ауысқан таңда осы жағдай болды. Төрт-бес вагонды бір жолдан алып екіншісіне қосу керек болатын. Әдеттегідей міндетімді атқару үшін вагонға жармаса мініп жатып аяғым тайып құладым. Сол кез тепловоз да қозғалып кетті. Үстімнен үш-төрт вагон жүріп өтіпті. Есімнен танып, комаға түсіппін. Есімді жинасам ауруханадамын. Қол-аяғым қозғалмайды, біртүрлі. Байқасам бір қол жоқ. Аяғыма қарауға жүрегім дауаламады... біреуін тізеден төмен кесіп тастапты. Елордадағы ауруханада тағы да қысқартты. Екі айда тоғыз ота жасады, – деген Мейірбек Ілесбайұлы аурухана төсегіне таңылып, қанаты қырқылған құстай құса боп жатқан күндерін есіне алғысы келмейді.

Әкесінің қайратты сөздері мен жақындарының қолдауы, әріптестерінің қамқорлығы оған үлкен демеу болыпты. Апатты жағдайдан кейін ұлттық компания емшараның барлық шығындарын көтеріп, оңалту орталығы, жыл сайын санаторийге жолдама беріп, протезіне ақша бөліп, ауруханадан шыққан соң жеңіл автокөлік береді. − Қазір аяғыма жаңа протез жасатқым келеді. Оны бірінші рет 2014 жылы Алматыда салғыздым. Алматыға бара жатып қуанып, үйдегілерге сол жақтың базарынан ең жақсы костюм-шалбар сатып алып киіп, өз аяғыммен жүріп келемін деп мақтанып кеткенмін. Онымен жүрудің қандай екенін білмеймін ғой. Қайдағы, протезді қолға ұстап келдім. Ыңғайсыз, кигеннен үйде жатқаны көп болды. Үш жылдан кейін ортопед дәрігерлердің кеңесімен, шеберлердің көмегімен бұрынғыдан өзгешелеу етіп қайта жасаттым. Бірақ оның біраз салмағы бар. Протезбен жүріп көрмеген адам білмейді. Тек той-мерекеге барғанда амалсыз қолданбасам, басқа уақытта жоқ. Себебі алғаш киіп, үйреніп жүр генде үйден шығар-шықпас қатты құлағаным есімнен әлі кетпейді. Сондықтан киіп қайда құлап қалады екенмін деп алаңдаумен жүргенше, қос таяғыма сүйенемін. Егер мүмкіндік болса, ыңғайлы, жақсырақ протез салғызғым келеді. Көлігімді де ауыстырсам деймін. Қазіргі ең үлкен қажеттілік осы. Өйткені өзім Мұнайлы ауданында тұрып, спортпен айналысуға 14-15 шақырым қашықтықтағы қалаға қатынаймын. Үй тірлігіне де көп қолданамын. Сондықтан көлігім қазір жөндеуді көп қажет етеді. Бұзылып, жолда қалып қойған сәттер де болды. Кезінде 6-7 жылдан ауыстырып береді деген еді. Енді ол шарт өзгеріп, он жыл болыпты, – деген кейіпкеріміз теміржол, мамандығы, ортасы өзіне ұнайтын болғасын жұмыстан қалғанға көпке дейін үйренісе алмаған. Көлік алғасын бұрын өзі жүгіріп жүріп жұмыс істеген теміржолға келіп, сағаттап тұрып кетеді. Сырттан болса да қарап, өткен күндерді сағынып еске алады. «Тіпті әлі күнге кейде түсімде сап-сау, теміржолда пойыздарды құрастырып жүремін» дейді. Бірақ, өткенмен өмір сүруге болмайтынын түсініп, теміржолшы болам деген арманы осымен біткенін салқын санаға жеңдірген жігіт көңілін аударатын басқа ермек іздейді. Бірдеңемен айналыспаса сарыуайымға салынып кететінін түсінеді. Қазір ол танымал спортшы. Ендігі ең үлкен мақсаты да спортпен байланысты. Теміржолда пойыз құрастырушы болып басталған жолды спорттағы жеңістермен жалғастыру – арманы. Бүгінде үстел теннисінен спорт шеберіне үміткер. Алғаш жеңіл атлетикамен айналысып, үлкен жарысқа 2017 жылы қатысады. Атырау қаласында өткен спартакиадада үстел теннисіне қызығушылық оянып, 2018 жылы спорттағы бағытын өзгертеді. Аз ғана дайындықтан соң Петропавл қаласында өткен Қазақстан чемпионатында үстел теннисінен бесінші орын алады. Бұл жетістік оны қанаттандырып, одан әрі өзін шыңдай түседі. 2019 жылы Ақтөбе қаласына бесінші параолимпиадада үшінші орынға көтеріледі. Спорт шеберлігіне үміткер атанып, Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылданады. − Бұрын мүгедектер спорты барын білмеймін де, үстел теннисінің ракеткасын ұстап та көрмеген екенмін. Протез салғызуға барып жүргенде сол жақта өзім тағдырлас біреу «Спортпен неге айналыспайсың?» дегенде «Ондай да бар ма?» деппін. Ақтауға келіп іздестірдім. Онымен таппай, тұрмыс билеп ұмытып кеткенмін. Бір күні сыртымнан көріп жүрген тоғызқұмалақшы тағдырласым іздеп келді. Сонымен спортқа кірісіп кеттім. Барлық күш-жігерімді солай қарай бұрдым. Алдағы мақсатым – параолимпиадада жетістіктерге жету. Ұлдарым «Мейірбектің баласымын» деп мақ- танышпен айтатындай деңгейге жету, – деген 31 жастағы Мейірбек бүгінде келіншегі Маямен төрт ұл тәрбиелеп отыр. Перзенттерінің анасы балабақшада тәрбиеші. − Мейірбек Өтеповке қолдау шарасы ұжымдық шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Жазатайым оқиға болған кезде оған бес жылдық еңбекақысының көлемінде бір жолғы төлем тағайындалды. Қазір бізде мұндай санатта, яғни өндірістік жарақат алған жиырма адам есепте. Сол жиырма жағдайдың үшеуінде қайтыс болған теміржолшы үшін көмекті олардың отбасы мүшелері алады. Кәсіподақтың жәрдемі одан бөлек. Ұжымдық шартқа сәйкес Мейірбекке берілген автокөлікке күрделі жөндеуге ақша берудің де өз тәртібі бар. Осы шарттың он үшінші қосымшасында мүгедек арнайы көлік құралын алғаннан кейін оған он жылдан кем емес пайдалану мерзімі ішінде күрделі жөндеу үшін бір рет 450 АЕК-тен аспаған көлемде көмек көрсетіледі. Сонымен қатар ай сайын АИ-92 бензинінің жетпіс бес литр мөлшерінде жанармайға қаражат бөлінеді. Ал протездеуге келсек, қызметтік міндетін орындау барысында денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге құқығы бар қызметкердің протездеуге шығыстарын төлеу үшін осы шартқа он екінші қосымшада белгіленген нысан бойынша келісім жасалады. Қазір қолымда бар дерек бойынша, Мейірбекке соңғы жылдары мынадай қаржы бөлініпті: 2019 жылы протездеуге – 1711705 теңге, көлігін күрделі жөндеуге – 1134000 теңге, жанармай үшін 14531.25 теңге. Жанармайға 2020 жылы – 127950, биыл 173662 теңге бөлінген. Оған қоса теміржолшының сақтандыру келісімшарты бойынша «Казинтранс» сақтандыру компаниясы арқылы ай сайынғы зиянды өтеу төлемақысы төленеді. Мекеме тарапынан курортта демалуға, жарақаты бойынша емделетін болса, ол қаражаты да өтеледі, – дейді бұл туралы Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің еңбекті қорғау және экология секторының бастығы Тлектес Қондыбаева. Ал теміржолшылар кәсіподағы орталық кеңесінің Маңғыстау аймағы бойынша өкілі Әзірбай Тұрмағанбетовтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі теміржолшылар, соның ішінде Мейірбектің жағдайы кәсіподақтың назарында. Тиісті қолдаудың уақытында тағайындалуы, басқа да мәселелерін ұйым әркез бақылауда ұстап отыр. Бірнеше жыл бұрын баспанасына жөндеу жүргізіп беріпті. Ұжымдық шартқа сәйкес тиесілі көмекті, төлемдерді алуын қадағалап отырады.

Темір жол тарихы
21.07.2024
«Алатау» жүрдек пойызы қалай пайда болды?
Жаңалықтар
19.07.2024
Жаңа – Есіл локомотив депосының паркі жаңартылды
Жаңалықтар
19.07.2024
Мемлекеттік тілді дамыту бойынша өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды
Станция тынысы
19.07.2024
Шағыр станциясында жүк тиеп жөнелту артып келеді
Аймақтар
19.07.2024
«Жасыл істер марафонында» Жамбыл бөлімшесі бірінші орынды жеңіп алды
Жүк тасымалы
19.07.2024
Биыл Қытайға 2 млн тоннадан астам астық экспортталмақ
Сұхбат
19.07.2024
Барлық сын-тегеурінге төтеп бердік
Инфрақұрылым
19.07.2024
11 мың шақырым теміржол жөндеуден өтеді
Жаңалықтар / Мұрағат
19.07.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №59 19 шілде 2024 жыл
Қауіпсіздік
18.07.2024
Темір жолдағы химиялық апаттарды жою бойынша оқу-жаттығу өтті
Әлеумет
18.07.2024
50 бала лагерьге аттанды
Қауіпсіздік
18.07.2024
Жанып келе жатқан жолаушылар пойызы сөндірілді
ҚТЖ келбеті
18.07.2024
Велосаяхатшы сапарға шықты
Жүк тасымалы
18.07.2024
Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі артты
Жаңалықтар
18.07.2024
Биыл темір жол арқылы 757 мың тонна астық жөнелтілді
Инфрақұрылым
18.07.2024
Елімізде 2030 жылға дейін 180-нен астам теміржол станциясы жаңғыртылады
ҚТЖ келбеті
17.07.2024
Жаңақорғаннан – Түркісібке дейін...
Жүк тасымалы
17.07.2024
ТХКБ арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымал көлемі 12,8%-ға өсті
Жаңалықтар
17.07.2024
Үкімет Wabtec компаниясымен «жасыл» локомотивтер шығару жоспарын талқылады
Жолаушылар тасымалы
17.07.2024
Вокзалдарда «Күту парағы» қызметі бойынша кеңестер өткізіледі