Қияндарға құлаш ұрған Болашақ станциясына 10 жыл

Станция тынысы
20.04.2023, 10:49
Суреттерді түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстаудағы Болашақ станциясы арқылы Түркіменстанмен теміржол қатынасының орнағанына биыл 10 жыл. Осы уақыт ішінде екі ел арасында тартылған алтын көпір Қазақстан теміржолының көкжиегін кеңітіп, ел экономикасына серпін беріп жатыр. Перспективасы бар бұл жол тек жүк тасымалы бағытына емес, атамекенін аңсаған қаншама қандастың тарихи Отанына оралуына да қызмет етті. 

2013 жылы Болашақ-Түркіменстан арасындағы алғашқы жүк пойызы жолға шыққан еді. Содан бері тасымал қарқыны көбеймесе, кеміген емес. Жаңа жолдың ашылуы елдің батысындағы түбектің сонау бір шетіндегі құмды-шөлді жерге жан бітіріп, әп-әсем ауылдың бой көтеруіне ықпал етті. Талай  адамның екі қолына бір күрек болып, адал еңбекпен нәпақасын табатын қонысы құтты мекенге айналды. Сондықтан болашақтықтар 2013 жылдың 11 мамырын, яғни Қазақстан мен Түркіменстанның Президенттері Болашаққа келіп, қос елдің арасында пойыз жүруіне рұқсат берілген күнді ешқашан ұмытпайды. Бұл дата ауыл халқының маңызды күндердің бірі. Оны осы мамыр айында станциядағы тек теміржолшылар емес, барлық жұрт дүркірете атап өткелі отыр. Қазір бәрі жұдырықтай жұмылып, «Қияндарға құлаш ұрған Болашақ!» атты үлкен тойды өткізудің қарекетіне кіріскен. Іс-шаралар ауқымы да кең. Қаз-қатар ағаш үйлер тігіліп, ат шаптырып, түрлі жарыстарға жүлде қойылып, облыстық деңгейде ұйымдастырылмақ. Спорттық сайыстар осы сәуір айындағы «мотошеруден»  басталады.        

- Болашақ теміржолының ашылғанына биыл желтоқсанда 12 жыл толады. 2011 жылдың 9 желтоқсанында тікелей телекөпір арқылы ресми түрде тұсауы кесілген еді. Ал, біздің тойлайын деп жатқанымыз, еліміздің және көрші мемлекеттің басшылары станцияға келіп, Қазақстан-Түркіменстан ортасында пойыздың жүруіне рұқсатын берген күн. Сондықтан екі елдің арасындағы теміржол қатынасына 10 жыл деген бағытта Болашақтың бүгінгідей мүмкіндіктерге жетуіне ұйытқы болған тарихи күнді атап өткелі отырмыз. Негізгі стратегиялық жоспар бойынша бұл теміржол Қытай, Ресей және елдің ішкі өнімдерін Болашақ арқылы Түркіменстан, Иран, Ауғанстан, одан әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне шығаратын қақпа есебінде қарастырылған болатын. Сөйтіп үш ел Президентінің келісімімен 2010 жылы теміржолдың жалпы құрылысы басталып, 2011 жылдың соңында пайдалануға берілді. Жаңаөзеннен Болашаққа дейінгі жолдың ұзындығы 145 шақырым. Осы аралықта Бопай және Болашақ станциялары, Бастау, Ақбөбек, Тайғыр, Құрмаш, Бестөрткүл бекеттері салынды. Жол құрылысы біткеннен кейін, онымен құрылыс материалдары жеткізіліп, ауылдағы тұрғын үйлер, жатақханалар, мекемелердің жұмыс орындары, мектеп, балабақша, наубайхана, дәрігерлік амбулатория, әкімшілік, өрт сөндіру ғимараты сияқты нысандар да бой көтерді. Оның барлығы 2013 жылдың басында тапсырылды, - дейді Болашақ құрыла бастағанда жас болса да станцияның бас инженері міндетін атқарып, алғашқы кірпіштерін қаласқан Мақсат Нұрбеков. Ол он жылдан бері осында абыроймен еңбек етті, соңғы бірнеше жылдан бері Болашақ станциясының бастығы.  

Әрине, алғашқы түйенің жүгі қашанда ауыр демекші, шет мемлекетпен тасымалды үйлестіріп, енді ғана қалыптасқан станцияның шаруасын дөңгелетіп әкету оңай болмасы анық. Бұл жүкті еңсеріп, жұмысты жолға қоюға  Маңғыстау қосалқы бөлімінің қазіргі бас инженері Қарақат Жақанов пен ол басқарған сол кездегі қызметкерлердің еңбегі ерекше дейді станциядағылар. Ол уақытта теміржол тек жүк тасымалына ғана емес, ауылдағы қаншама құрылысқа материалдар жеткізу үшін де қолданылғандықтан бәрін орны-орнына қою, үй жоқ, өмір сүруге қажетті жағдай болмаған кезде керекті мамандарды тартып, жетіспеген штатты толықтыру сияқты мәселелер де кесе-көлденең тұрғаны жасырын емес. Сол кезде теміржолшыларға арналып 170 пәтерлі 85 үй тұрғызылған. Қазір сала қызметкерлері отбасымен бірге осы баспаналардың игілігін көруде.    

Қарақат Жақановтан соң станцияны, яғни 2013 жылы екі елдің арасындағы қатынасты қосу барысы кезінде Жарас Жолаев басқарады. Ол қазір Маңғыстау өңірлік қауіпсіздік және жүк шаруашылығы бойынша ревизор. Болашақтың  тарихында Ж.Жолаевтың да өзіндің қолтаңбасы бар деседі. Ілкі пойыздардың қатынасы ойдағыдай орнап, жаңа жол арқылы сенім артып жөнелтілген жүктердің діттеген  жеріне дер кезінде жетуіне өзіндік үлесі ерекше екен. Әне-міне дегенше сол сынақты күндердің де артта қалып, Болашақ теміржолының ҚТЖ компаниясындағы тиімді жобалардың біріне айналғанына міне, 10 жыл.  

– Алғашында теміржолдың өзі салынды, үйлер, не ғимарат, не жатақхана, ешқайсысы болмағандықтан теміржолшылар вагондарда жатты. Сегіз вагон қойылған-ды, біреуінде тамақтанамыз, қалғанында өмір сүрдік. Кейін контейнер орнатылды. Соның ішінде тамақтанып жұмыс істейтін болдық. Бірте-бірте ғимараттар қүрылысы аяқталып, адамдар көшіріле бастады. Баспана мәселесі шешілгесін қызметкерлер тұрақтап қала бастады. Қазір жұмыс істейтіндер үймен, жатақханамен бәрі толық қамтылған.  

Станция ашылған сәтте өткен ең бірінші жүк пойызы күні кешегідей әлі есімде. Қостанайдан тиеп жөнелтілген 45 вагоннан тұратын екі астық пойызы болатын. Оны аман-есен жібердік. Жалпы, 2013 жылдың мамырынан 2017 жылға дейін жылына орташа есеппен 500 мың тонна жүк өткізетінбіз. Кейін оны 700-800 мың тоннаға дейін жеткізуге жұмыстандық. 2018 жылдан бастап жүк көлемін миллион тоннаға көтерсек, былтыр 2,5 миллион тонна болды. Алдағы уақытта 3,5 миллион тоннаға жеткізіп, 2024 жылдарға келіп, өткізу қабілетімізді 5 миллион тоннаға дейін  арттырсақ деген жоспар бар. Яғни көрсеткіштеріміз жылда жақсара түсуде. Бұл Болашақ жобасы тиімділігінің айқын дәлелі, дейді Мақсат Нұрбеков.  

Осынша миллиондаған тонна көрсеткіштердің артында станциядағы теміржолдың түрлі саласында еңбек ететін қаншама жанның маңдай тері жатыр. Бүгінде Болашақ станцияның вагон шаруашылығында 65, байланыс және белгі беру дистанциясында 20-ға жуық, теміржол әскери күзетінде 30 шақты, жол дистанциясында 60-тай, электрмен жабдықтау мекемесінде 5 адам жұмыс істейді. Одан бөлек өрт қауіпсіздігіне жауап беретін бір өрт сөндіру пойызы, өрт сөндіру автокөлігімен, екі цистерна суы, бір класстық вагонымен мамандары бар. Аталған мекемелерді сумен, жылумен қамтитын «Теміржолсу», «Теміржолжылу». Барлығы бірлесе ортақ мүдде жолында қоян-қолтық қызмет етуде.  

Әрине, олардың алаңсыз жұмыс істеп, міндетін еркін атқаруына ауылдағы әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Бұл тұрғыда тұрғындардың мәселелері бірте-бірте шешіліп келеді екен. Халық бұрындары ауызсуды күніне үш мезгіл, бір не жарты сағаттан ғана алса, енді екі сағаттан берілетін болған. Ауыл көгалдандырылып, электр жарығымен, көгілдір отынмен, байланыс, интернет жүйесімен қамтылған.  

– Құмды жерге құрылыс бастап, станцияны салғандықтан бастапқы кезеңде жасыл желектер жоқ, құр шаңғып жатқан жер болды. Қазір салыстырсақ ауылымыздың ажары ашылған. Ағаштар, ғимараттар алдында гүлдер, жасыл желектер жайқалады. Теміржолшылар мал өсіріп, есік алдына егін егіп, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашығы да дамып келеді. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырсақ аспан мен жердей өзгеріс. Халықтың  тұрмыс тіршілігі жақсарған. Балаларымыздың 4 ойын алаңқайы бар. Оған волейбол, футбол алаңдарын қосыңыз. Енді мәдениет үйін ашу жағы қарастырылуда.  Сондай-ақ, қаракөздеріміздің спорттық, би үйірмелеріне баруы үшін қосымша секциялар ашуды көтеріп жатырмыз, – дейді станция бастығы.

 

Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр
Жаңалықтар
20.11.2024
Мәскеуде Қазақстан мен Ресей көлік министрлері кездесті
Жаңалықтар
19.11.2024
Ақмола теміржолшылары республикалық ІТ-семинардың жеңімпазы атанды
Инфрақұрылым
19.11.2024
Премьер-Министр жоспарланған теміржол желісін салуды уақытылы аяқтауды тапсырды
Жаңалықтар
19.11.2024
Пойызда ішімдік ішкен Қырғызстанның екі азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Спорт
19.11.2024
Теміржолшы пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы атанды
Спорт
19.11.2024
Бейнеу станциясында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті
Жолаушылар тасымалы
19.11.2024
Тасымал талабы қандай?
Аймақтар
19.11.2024
«Білім экспресі» – Арыста
Инфрақұрылым / Апта саны
19.11.2024
Биыл 570 шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтті
Аймақтар
19.11.2024
Үздік өрт сөндіру пойызы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №98 19 қараша 2024 жыл