Жетіген – Құрөзек: екі учаске жаңғыртылды

Инфрақұрылым
21.08.2026, 09:40
Оқуға 3 мин
Суретті түсірген автор
Ирина Бектиярова

Алматы магистральдық желі бөлімшесінде стратегиялық маңызы зор «Алтынкөл – Жетіген теміржол учаскесін жаңғырту» жобасы аясында Жетіген мен Құрөзек аралығындағы 17,7 шақырымдық екі жол учаскесін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп, отандық МПЦ-QZ микропроцессорлық орталықтандыру басқару жүйесі енгізілді.

Жоба аясында жүзеге асқан жұмыстармен танысқан Құрметті теміржолшы ардагер Қалтай Сәмбетовтің айтуынша, жалпы ұзындығы 293 шақырымды қамтитын Алтынкөл – Жетіген желісін жаңғырту бұл – Еуразия логистикалық тізбегіндегі стратегиялық жоба.  

– Бұл желі Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды буыны болып табылады. Жоба инфрақұрылымды ұзақ мерзімді жаңарту стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – тәулігіне 33 жұп пойыз өткізуге мүмкіндік беретін өткізу қабілетін арттыру, жүк ағындарын жеделдету, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту және халықаралық дәліздер үшін тұрақты көлік инфрақұрылымын қалыптастыру, – деді ол.  

Жоба шеңберінде қазірдің өзінде 12 бөлек пункт пайдалануға берілді. Оның бесеуі жаңадан салынса, тағы жетеуі – Екпінді, Жарсу, Жіңішкесу, Нұрлы, Тасқарасу, Керімағаш және Иінтал станциялары толық қайта жаңғыртылып, сондай-ақ Жетіген – Құрөзек және Алтынкөл – Иінтал аралықтарында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын екінші жолдар төселді. 6-7 тамыз күндері өткен 14 сағаттық технологиялық «толаскез» барысында Жетіген – Құрөзек аралығында ауқымды кешенді жұмыстар орындалды.  

– Құрылысшылар темір жолды қайта төсеу, қозғалыс бағытын өзгерту, сигнализация, орталықтандыру, блоктау және байланыс құрылғыларын ауыстыру, сондай-ақ электрмен жабдықтау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Жетіген – Құрөзек аралығындағы қос жолды учаске толық аяқталды. Бұл – бүкіл жаңғырту жобасының шешуші кезеңі, – деп атап өтті «Теміржол жөндеу» ЖШС күрделі жөндеу және құрылыс жөніндегі директоры Азамат Молдахметов.

Жұмыс барысында ұзындығы 1025 метр болатын қолданыстағы жұп жол бөлшектеліп, 885 метр жаңа рельс-шпал торкөздері төселді. Тақ жолда 775 метр жаңа рельс орнатылған. Арнайы жол техникасының көмегімен жұп жолда әрлеу жұмыстары жүргізіліп, Жетіген станциясындағы екі бағыттамалы бұрма алынып тасталды. Сонымен қатар жолды түзету, көтеру, торкөздерді реттеу, қиыршықтас балластын толықтыру және тарату секілді техникалық жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстарға «Бірлік» жол машиналары станциясының 90-нан астам қызметкері мен қажетті жол салу техникасы жұмылдырылды.  

Жол жұмыстарымен қатар станциялар мен жол аралығында заманауи цифрлық технологиялар да енгізілді. Жетіген – Құрөзек аралығын бақылауға арналған ось санағыш құрылғыларының 11 жиынтығы МПЦ-QZ жүйесіне қосылды. Жетіген және Құрөзек станцияларында 8 бағыттамалы электржетек, 13 маневрлік бағдаршам, 7 рельстік тізбек орталықтандырылған басқаруға енгізіліп, шамамен 8 шақырым СОБ кабелі төселді.  

Микропроцессорлық орталықтандырудың «миы» саналатын басқарушы есептеу кешенінде Жетіген станциясы мен Жетіген – Шелек учаскесінде бағдарламалық қамтамасыз ету жаңартылды. Жетіген – Алтынкөл желісінің барлығы бірінші деңгейлі пойыз қозғалысын интервалдық реттеу жүйесімен (СИРДП-1) жабдықталған. Бұл жүйе МПО ЭО сигналдары арқылы аралықта бір пойыздың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда СИРДП-3 деңгейлі жүйесін сынақтан өткізу басталды. Ол болашақта бір ғана емес, бір мезетте бірнеше пойызды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.  

– Бұл құрылғыларды іске қосу Жетіген – Құрөзек – Алтынкөл учаскесі мен Жетіген тораптық станциясының өткізу қабілетін едәуір арттырып, пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының теміржол автоматикасы және телемеханикасы бойынша функционалдық бағыт менеджері Бақыт Тойбаев.  

Желіде сонымен қатар екі автомобильдік жол өткелі пайдалануға берілді. Бұрынғы күзетілмейтін өткелдер жабылып, бұл автокөліктер үшін де қозғалыс қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттырмақ.  

«Алтынкөл – Жетіген» жобасы бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Алдағы ірі кезеңдердің бірі – Иінтал – Алтынкөл қос жолды аралығын іске қосу, автоматика және байланыс құрылғыларын ауыстыру, сондай-ақ Алтынкөл станциясын дамыту. Бұл міндеттерді барынша қысқа мерзімде аяқтау тапсырылған. Жобаланған жұмыстардың жедел әрі сапалы орындалуы Алтынкөл – Жетіген желісін жаңғырту жобасының табысына тікелей әсер етпек.  

Станция тынысы
07.10.2026
Ғасырдан асқан Шиелі вокзалы: кеше және бүгін
Әлемде
07.10.2026
Түркияда сағатына 250 км жүретін жаңа пойыздардың өндірісі басталды
Жаңалықтар
07.10.2026
ҚТЖ ALT университетінің студенттері үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті
Жүк тасымалы
07.10.2026
Қазақстан астық тасымалдауда рекорд жаңартты
Әлемде
07.10.2026
Швейцарияда тісті теміржолға арналған гибридті локомотивтер жасалады
Жаңалықтар
07.10.2026
ҚТЖ-да «Самұрықнама» аясында Қауіпсіздік мектебі іске қосылды
Инфрақұрылым
06.10.2026
Биыл елімізде 1 056 шақырым теміржол жол жаңартылды
Жаңалықтар
06.10.2026
ҚТЖ локомотив паркі 18 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
06.10.2026
Алматы-1 вокзалы жаңа келбетпен ашылмақ
Жаңалықтар
06.10.2026
«Нұр Жолы – Қорғас» бағытында жүк күту уақыты 10 есеге қысқарды
Жаңалықтар
06.10.2026
Жаңа мамандықтарға сұраныс бар
Цифрландыру
06.10.2026
«Цифрлық станция» мен «Автоматты диспетчер»: үздік жобалар анықталды
Трансформация
06.10.2026
Теміржолшы құрметіне зертхана ашылды
Цифрландыру
06.10.2026
Вайбкодинг: болашақ мамандарға жаңа мүмкіндік
Аймақтар
06.10.2026
Жас теміржолшылар Ертіс жағалауын абаттандырды
Аймақтар
06.10.2026
Өндірістегі он күн: болашақ теміржолшылар тәжірибе жинады
Аймақтар
06.10.2026
Теміржолдың төл тарихын жасағандар
Аймақтар
06.10.2026
Қарттарым – қазынам: теміржол ардагерлері бас қосты
Аймақтар
06.10.2026
Үлкенге құрмет – ұрпаққа міндет
Аймақтар
06.10.2026
Теміржолшы еңбегі елеусіз қалмайды