Қазақстанның транзиттік жолдары жаңа мүмкіндіктерге жол ашты
Қазақстанның географиялық орналасуы ел экономикасы үшін әрдайым маңызды факторлардың бірі болып келді. Еуропа мен Азияны жалғайтын кең аумақта орналасқан Қазақстан халықаралық сауда жолдарының торабында тұр. Алайда географияның өзі транзиттік артықшылыққа автоматты түрде кепілдік бермейді. Ол үшін заманауи теміржол, теңіз порттары, құрғақ порттар, логистикалық орталықтар мен цифрлық сервистерден тұратын тұтас инфрақұрылым қажет, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Соңғы жиырма жылда елімізде дәл осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды.Бүгінде көлік-логистика саласы экономикалық өсудің маңызды драйверлерінің біріне айналып отыр. Оның маңызы жүк тасымалының көлемімен ғана өлшенбейді. Бұл сала өндіріс орындарының нарыққа шығуына, экспорттық бағыттардың кеңеюіне, өңірлер арасындағы экономикалық байланыстың күшеюіне және Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіндегі позициясының нығаюына тікелей әсер етеді.
Көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі жаңа теміржол желілерін салу болды.
Осы кезеңде «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі іске қосылды. Ұзындығы 293 шақырым болатын бұл бағыт Қазақстанның Қытаймен шекарадағы көлік байланысын күшейтіп, шығыс бағыттағы транзиттік тасымалдарды дамытуға жаңа мүмкіндік ашты.
«Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі де елдің оңтүстік-батыс бағытындағы көлік мүмкіндіктерін кеңейтті. Ұзындығы 146 шақырым болатын желі Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен және одан әрі Иран мен Парсы шығанағы бағыттарымен көлік байланысын дамытуға жағдай жасады.
Ал «Арқалық – Шұбаркөл» бағыты Қазақстанның орталық өңірлеріндегі теміржол желісін кеңейтіп, табиғи ресурстар мен өнеркәсіптік жүктерді тасымалдау мүмкіндіктерін арттырды.
Каспий теңізіне шығатын «Боржақты – Ерсай» теміржол желісінің де маңызы ерекше. Бұл жоба Маңғыстау өңіріндегі өндірістік және порттық инфрақұрылымды теміржол желісімен байланыстырып, Каспий бағыты арқылы жүк тасымалдаудың тиімділігін арттыруға ықпал етті.
Жаңа теміржолдардың салынуы бір ғана бағыттың өткізу қабілетін арттырумен шектелмейді. Әрбір жаңа желі елдің көлік картасындағы байланыстарды көбейтіп, жүктерді балама бағыттармен тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл логистика үшін өте маңызды фактор.
Қолданыстағы теміржол желісін жаңғырту
Жаңа теміржол салумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жүргізілді.
Теміржол желісінің негізгі учаскелерінде күрделі жаңғырту жұмыстары атқарылып, екінші жолдар салынды. Автобұғаттау және байланыс жүйелері жаңартылды. Мұның барлығы пойыздардың қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, теміржол учаскелерінің өткізу қабілетін арттыруға және тасымал қауіпсіздігін күшейтуге бағытталды.
Теміржол инфрақұрылымының сапасы транзиттік ел үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі халықаралық жүк тасымалында уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Жүк бір елдің аумағында бірнеше күн кідірсе, бүкіл логистикалық тізбектің тиімділігі төмендейді.
Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту Қазақстанның транзиттік бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттарының біріне айналды.
Каспий арқылы жаңа мүмкіндіктер
Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесінде теңіз инфрақұрылымының рөлі де жыл сайын артып келеді.
Ақтау портының кеңейтілуі және Құрық портында паром кешенінің іске қосылуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырды. Каспий жағалауындағы инфрақұрылым нысандарының дамуы Қазақстанның теңіз көлігі жүйесін халықаралық транзиттік бағыттармен байланыстыруға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде Қазақстанның теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 27 млн тонна жүкке дейін артты.
Бұл көрсеткіштің артында Қазақстан үшін әлдеқайда маңызды стратегиялық міндет тұр. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту.
Қытайдан басталған жүк Қазақстан аумағы арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропа нарықтарына шығатын бағыттың маңызы артып келеді. Қазақстан үшін бұл жаңа транзиттік маршруттарды қалыптастырумен қатар, халықаралық логистикалық тізбектердегі елдің рөлін күшейту мүмкіндігі.
Қазақстанның алдында Еуразиядағы негізгі көлік бағыттарын өзара байланыстыратын заманауи логистикалық хаб қалыптастыру міндеті тұр. Бұл үшін халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттырумен бірге, тасымал жылдамдығын, қызмет сапасын және цифрлық сервистердің деңгейін көтеру қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, көлік-логистика саласына салынған инвестициялар тек бүгінгі қажеттілікті өтеуге бағытталған жобалар емес. Олар Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы экономикалық позициясын айқындайтын ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық негіз.
Еуропа мен Азия арасындағы сауда көлемі өсіп, жаңа көлік бағыттары қалыптасқан сайын Қазақстанның географиялық артықшылығының экономикалық мәні де арта түспек. Ал осы мүмкіндікті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру үшін инфрақұрылым, технология және тиімді логистика бір-бірімен қатар дамуы қажет.