Екі мәрте «Құрметті теміржолшы»: әр кезеңнің өз қиындығы мен жетістігі болды

Сұхбат
03.08.2022, 10:37
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Екі мәрте «Құрметті теміржолшы» белгісінің иегері Бекболат Нарегеев теміржолшы қауымға жақсы таныс. Алғашқы марапатты кейіпкеріміз кеңес кезінде алса, екінші марапат – егеменді елдегі еңбегінің жемісі. Біз бүгін даңқты теміржолшымен қазақ теміржолының тарихы, «ҚТЖ» ұлттық компаниясының 25 жыл ішінде қол жеткізген жетістігі, тағы басқа мәселелер жөнінде аз-кем әңгіме-дүкен құрдық.

– Бекболат Қойжанұлы, әңгімемізді сіз білетін саладан бастасақ. Сонау Қазақ темір жолынан бастап егемен елдің теміржолына дейінгі жарты ғасырға жуық еңбек жолыңыздан сыр тарқатсаңыз...

– Мен теміржолшы әулетінің өкілімін. Сондықтан менің заманымдағы барша қатарластарым секілді бала кезден теміржолшы болатынымызды біліп өстік. Алғаш теміржолға келгенімде 16 жаста едім. Еңбек жолымды Қазақ темір жолы Гурьев бөлімшесінің 58-ші жол дистанциясында бастадым. Оқып білім алып, ең төменгі қызметтік лауазымдардан бастап түрлі еңбек сатыларынан өттім. «ҚТЖ» ұлттық компаниясы құрылғаннан кейін Атырау тасымалдау бөлімшесінің бастығы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде Көлік және жол комитеті төрағасының орынбасары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры – Бас ревизоры, Күрделі құрылысты үйлестіру орталығы басшысы сияқты жауапты қызметтерді атқардым. Қысқасы, жарты ғасырға жуық уақытым текке өткен жоқ.

– Осы уақыт ішінде саладағы барлық өзгерістердің куәгері болдыңыз. Кешегі кеңестік кезең мен бүгінгі сала тынысын салыстырып қарастырсақ, сізге қайсысы жақын?

– Темір жол тарихына қысқаша тоқталсам, 1958 жылға дейін Қазақстанда темір жол жеке құрылым болған жоқ. Батыс жақ Орынбор темір жолына, Алматы, Шымкент, Қызылорда Ташкент темір жолына, ал орталық өңір Қарағанды жолына қарады. 1958 жылы ғана біртұтас Қазақ темір жолы құрылды. Мен осы Қазақ темір жолы кезінде жұмысқа тұрдым. 1977 жылы Қазақ темір жолы Алматы, Батыс және Тың темір жол басқармаларына бөлініп, тағы 20 жыл өмір сүрді. Ал 1997 жылы үш жол қайта біріктіріліп, «ҚТЖ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылғаны белгілі. Содан бастап өз көлік министрлігімізге бағынып, өз теміржолымызды көтеру үшін жұмыс істедік. Тыңнан түрен салу қашан да оңай емес, отандық теміржол саласын нарықтық экономикаға сай реформалау барысында бастапқы жылдары көп қиындық, қарама-қайшылықтар болғаны да рас. Уақыт өте келе бәрі бірте-бірте орнына келіп, бір арнаға түсті. Маған мынау жақын, анау алыс деп айта алмаймын, кеңес кезінде де, егемендіктен кейін де төл темір жолымыздың көсегесін көгертсек деген мақсатпен жұмыс істедік. Әр кезеңнің өз қиындығы, сонымен қатар жетістігі болды.

– Дегенмен, ҚТЖ құрылған соңғы ширек ғасырдың басты жетістігі деп нені атар едіңіз?

– Жетістік аз емес, мен айтпасам да ел көріп-біліп отыр. Ең алдымен Ақсу-Дегелеңнен бастап, Шар-Өскемен, Хромтау-Алтынсарин, Өзен-Түркіменстан, беріде салынған Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл жаңа темір жол желілерінің мемлекет үшін, халық үшін маңызы зор болды. Соның арқасында Ресейді айналып өтуден құтылып, Түркіменстанға, Иранға тіке шығатын мүмкіндік алдық. Ақтау, Құрық порттарын тиімді пайдалана отырып, теңіз арқылы жүк тасымалын кеңейту, ұлғайту шаралары өз жемісін беруде. Қытайдан жүкті қабылдап үлгермей жататын Достық бекетінің жұмысын жеңілдету мақсатында Алтынкөл станциясын салдық. Елімізде тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондарын, сондай-ақ, сапалы Р-65 типті рельстер шығаратын отандық зауыттар салынып, пайдалануға берілуі де біраз мәселенің шешілуіне септігін тигізуде. Осының бәрі ҚТЖ-ның ширек ғасырда қол жеткен жетістігі емей, не?

– Сіздіңше, темір жол саласында кезегін күткен тағы қандай жоба бар?

– Осы жылдар ішінде жоғарыда аталған теміржолдар арқылы біз республика ішіндегі барлық тұйық жолдарды бір-біріне қосып, шеңбер жасадық. Мысалы, Жезқазған, Арқалық, Бейнеу станциялары негізгі магистральға қосылып, бүгінде қарқынды дамып жатыр. Қазір нарық заманы, бәсекелестік қызып тұрған кез. Сондықтан әр мемлекет жүк тасымалының, әсіресе, транзиттік тасымалды өздеріне тартуға күш салады. ҚТЖ да қарап отырған жоқ, транзиттік тасымалды дамыту бағытында ауқымды шаралар қабылдап, іске асырып жатыр. Бірнеше халықаралық дәліздер бізден өтетіні де бағымыз. Осы тұрғыда, тағы бір жоба кезегін күтіп тұр дер едім. Бүгінде Орал қаласына Илецк арқылы барамыз. Бұл кластан тыс станция Ресейге қарайды. Айтпағым, Оралға Ақтөбеге қарасты Ресеймен шекарадағы Жайсаң түйіспе станциясынан Шыңғырлау арқылы жол тартса, көрші елге кірмей, Илецк станциясында тоқтап, тексеруге уақытты жоғалтпас едік және көрші ел аумағын басып өткеніміз үшін ақша төлемес едік. 1996 жылы біз Ақтөбе-Орал бағытында Ресейге кірмей, 600 канал беретін «Сименс» компаниясымен радиожелі салдық. Міне, осы желі бойымен теміржол да салуға болады. Бұдан бөлек, Атырау жағынан да Оралға жол салуға болар еді.

– Бекболат Қойжанұлы, алда теміржолшылардың төл мерекесі, сөз соңында әріптестеріңізге деген бір ауыз лебізіңізді естісек.

– Қазақстан темір жолында еңбек етіп жатқан әріптестерімді, көп жылғы еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагерлерді ҚТЖ-ның 25 жылдығымен және кәсіби мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін. Отандық теміржол саласы өсіп-өркендей берсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті
Инфрақұрылым
19.05.2026
«Бақты-Аягөз» телімінде құрылыс қызу жүріп жатыр
Аймақтар
19.05.2026
Теміржолшылар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үздік жобаларын таныстырды
Аймақтар
19.05.2026
Ақтөбеде биыл 56 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі
Жаңалықтар
19.05.2026
Жаңа техникалар алды
Инфрақұрылым
19.05.2026
Бекеттердің жолы жаңартылып, жүк тасымалы ұлғаяды
Жаңалықтар
19.05.2026
Жауапкершілік жүгі ауыр
Аймақтар
19.05.2026
Жәдігерлер – өткен күннің белгісі
Жаңалықтар
19.05.2026
11 локомотив пайдалану депосы жаңа техникаға ие болды
Спорт
19.05.2026
Аманжол – Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
19.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №38 19 мамыр 2026 жыл
Жүк тасымалы
18.05.2026
Қазақстан астық пен ұн экспортын жаңа бағытқа бұрмақ
Әлемде
18.05.2026
Қытай – Еуропа теміржол экспресі 130 мың рейс межесіне жетті
Спорт
18.05.2026
Тараз теміржолшылары арасында тораптық спорт жарысы өтті
Әлемде
18.05.2026
Еуропа теміржолдарына бірыңғай билет жүйесі енгізілмек
Жаңалықтар
18.05.2026
Теміржол вокзалдарын жаңғыртуды үйлестіру және жеделдету жөніндегі жедел штаб құрылды
Әлеумет
17.05.2026
Ақтөбе облысында заманауи өнер мектебі салынуда
Инфрақұрылым
16.05.2026
Қазақстанның бес өңірінде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын