Ақсақал естелігі

ҚТЖ келбеті
24.10.2024, 16:53
Суретті түсірген автор
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Осыдан 60 жыл бұрын Мақат пен Ақтау арасына екі жақтан салынған теміржол бір нүктеде түйісіп, 704 шақырымдық теміржол «өмірге келген» болатын. Қарт түбекке теміржолдың алғашқы тартылуын, түбек теміржолының тарихында ерекше орын алатын осы бір датаны маңғыстаулық теміржолшылар жадында сақтаған. Жыл өткен сайын сол алпыс жыл бұрын жалғанған жол ұзарып, дамып жатса, керісінше қарияларымыз сиреп, теміржолдың ілкі кірпішін қаласқандар қатары азайып барады. Республика күні қарсаңында осынау республикалық маңызды жобаға атсалысып, өңір теміржолының алғашқы қазығын қағуға қатысқан абыз ақсақал, Құрметті теміржолшы Ази Байпақовты құттықтап, бірер ауыз әңгімелестік.  

Түбек теміржолына алтын әріптермен жазылатын алғашқы жылдардың айтулы оқиғаларын көзімен көріп, белортасында жүріп, еңбек еткендер қазір саусақпен санарлық. Ази Байпақов болса солардың бірі. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт теміржолшы денсаулығы келсе әлі күнге теміржолдағы өзгерістер мен іс-шараларды қалт жібермейді. Өзі бір кездері еңбек етіп, қаншама ұйқысыз түндер мен ыстық-суық күндерді бастан өткерген теміржолшының сала жаңалықтарына құлағы үнемі түрулі. Қарапайым жолшыдан Құрметті теміржолшыға дейінгі машақаты мол жылдарды ұрпағына әңгімелеп, жастарға еңбектің бәрін жеңетінін ұқтырудан жалықпаған.  

Айтуынша, ол әскери міндетін де теміржолда жүріп орындапты. Көрші түркімен елінде дүниеге келген жеткіншек жігіт онжылдық мектепті бітіргесін отбасымен елге қоныс аударады. 1961 жылы Маңғыстауға көшіп келіп, Мақат-Ақтау теміржол құрылысы басталып жатқанын естиді. Атажұртқа енді ғана оралған жігерлі жас, елімнің кәдесіне жарасам, мен де бір кірпіші болып қалансам деп, дереу теміржол құрылысы алаңынан табылады. Жолшы болып жұмысқа орналасады.  

– Қазіргі Шетпе станциясында тұрып, жол құрылысында өзіме тапсырылған міндетті орындап жүргенмін. 1963 жылдың соңында әскерге шақырды. Ол уақытта құрылыс батальоны болатын, соған түсіппін. Бізді Ақтау қаласына жеткізді. Ант қабылдағаннан кейін Шетпе станциясына теміржол жұмысын жалғастыруға жіберді. Сол жерде «Қосқұлақ» дейтін әскери казармада тұрдық. Үстімізде бұрынғы теміржолшы формасы емес, енді солдат киімімен бір топ әскери теміржолда еңбек еттік. 1964 жылдың 29 маусымында Мақат-Маңғышлақ теміржолы екі жақтан келіп қосылып, күміс балдағы қағылған сәттің куәсі болдық. Көріп қана қоймай, сол жұмысты атқаруға қатыстық. Сегізінші бекет пен оныншы бекет арасында 200-шақырымда төртінші пикет, екінші звенода жол қосылайын деп екі жақтан тым жақындап, таяп қалған. 29 маусымда қос тараптың да жолы қосуға дайын болды. Мақат жағынан бір құрам жолаушылар пойызын әкелді. Тепловоздың алды, жан-жағы безендірілген. Жолаушылар вагонының аржағында ұзын бір құрам цистерналы пойыз бар. Локомотивтердің екеуі де жүруге сақадай сай тұр. Бәрі жолдың қосылатын сәтін күтуде. Балдағы қағылатын кез де жетті. Бәрі тексеріліп, екі жақтан рельстер қосылды. Болттары майланып, балдағы қағылды. УП-6 пойызының аға монтері мен қасында Шетпеден 2-3 жол монтері біз де тұрмыз. Алғашқы балдақ қағылғаннан соң аға мастеріміз алдымен өзі сынап көріп, қалған күміс балдақтарды қағуды бізге жүктеді. Тапсырылған жұмысты ойдағыдай атқардық. Екі жол қосылып, одан бірінші жолаушылар пойызы өтті. Мен де сол пойызбен Шетпеге жетіп алдым, – деп өткен күндерді еске алды Ази ақсақал.

Ол осылай әскери міндетін теміржолшы болып, жол құрылысын салып жүріп өтейді. 1965 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін де теміржолға қайта келіп, дәл осы жұмысын жалғастырады. 2010 жылға дейін үздіксіз еңбек етіп, теміржол жұмысына өмірінің 48 жылын арнайды. Жолшы, станция кезекшісі, жол монтері, Ас-1А жүргізушісі, жол бригадирі, шебері, аға шебер  болады. 2006 жылы зейнетке шықса да еңбектен қол үзбей, тағы төрт жыл жұмыс істейді. Бір саладан табан аудармай осынша жыл еңбек етіп, мамандығына деген адалдығының арқасында талай марапат иесі болады.  Төрт рет социалистік жарыстың жеңімпазы, «Адал еңбегі үшін» белгісінің  иегері,  Еңбек ардагері, Құрметті теміржолшы атанады.  

Атамыз отбасында да адал жар, асқар таудай әке бола білген бақытты жан.  Өмірлік серігі – жол монтері болған алтын құрсақты ана Ақбибі Байпақова екеуі еңбекте жүріп төрт ұл, екі қызды жеткізеді. Қазір олардан жиырма шақты немере, төрт-бес шөбере сүйіп отыр. Ұлдарының бірі Сай-Өтес станциясында аға жол шебері болса, басқалары теміржолда дефектоскопист, жол шебері, байланыс саласында қызмет етеді.

Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ қызметкерлеріне арналған барлық сервис енді бір платформада
Инфрақұрылым
21.07.2026
Ақтөбе облысында вокзалдарды жаңғырту барысы тексерілді
Спорт
21.07.2026
Теміржолшы Эльбрус шыңында ҚТЖ туын көтерді
Жаңалықтар
21.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы Алматыда өрт сөндіруге қатысты
Қауіпсіздік
21.07.2026
Теміржол өткелдерінде профилактикалық рейдтер жалғасуда
Сұхбат
21.07.2026
Теміржол тарихындағы ең ірі жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
Әлеумет
21.07.2026
ҚТЖ атынан хабарласатын телефон алаяқтары көбейді
Жаңалықтар
21.07.2026
Еліміздің вокзалдарында кедергісіз орта қалыптасуда
Цифрландыру
21.07.2026
Ақтөбе теміржолы цифрландырудың жаңа деңгейіне өтуде
Инфрақұрылым
21.07.2026
ҚТЖ жыл басынан бері темір жолдың 686 шақырымын жаңартты
Жаңалықтар / Мұрағат
21.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №55 21 шілде 2026 жыл
Аймақтар
20.07.2026
ҚТЖ компаниядағы мемлекеттік тілдің үлесін 92 пайызға жеткізуді көздеп отыр
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
№81/82 «Нұрлы жол – Орал» Тальго пойызында әйелдер вагоны іске қосылады
Инфрақұрылым
20.07.2026
ҚТЖ Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысын жеделдетеді
Жолаушылар тасымалы
20.07.2026
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ISO халықаралық төрт стандарты бойынша сертификаттарға ие болды
Жаңалықтар
20.07.2026
Өзбекстан мен Қытай Қырғызстан арқылы өтетін теміржол құрылысын бірлесіп бақылайтын болды
Әлемде
20.07.2026
Швейцария рельс арасына орнатылатын күн панельдерін сынақтан өткізді
Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады