Сала газетінің саңлағы

ҚТЖ келбеті
04.03.2025, 09:13
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Бұл есім қалам ұстаған қаламгерлерден гөрі теміржолшыларға жақсы таныс. Кезінде теміржолдың корифейі, Қазақстанның тұңғыш көлік министрі Нығметжан Есенғарин темір жол тақырыбына жазатын санаулы журналистерді «штучный товарға» теңеген екен. Міне, сол санаулының бірі де бірегейі – «Қазақстан теміржолшысы» газеті бас редакторының орынбасары Меруерт Өмірзақова.

Асқаралы алпыстың асуын бағындырып отырған кейіпкеріміз темір жол газетінің «отымен кіріп, күлімен шығып», заман ағымына сай газеттің түрленіп, өсіп-өркендеуінің, өзгеруінің куәгері болды. Отыз жыл теміржол баспасөзінде табан аудармастан тұрақтап еңбек еткен жанды салалық газеттің «энциклопедиясы» десек болғандай...  

...Меруерт Есенбекқызы темір жолдағы қызметін 1994 жылы Алматы темір жолының «Түрксіб тынысы – Новь Турксиба» газетінде тілші болып бастайды. Ол жылдары елімізде Алматы, Тың және Батыс темір жолдары жұмыс істеп, сәйкесінше оларға қарасты «Түрксіб тынысы», «Тың магистралі» және «Батысжол» газеттері шығып тұрғаны белгілі. 1997 жылы «ҚТЖ» РМК құрылған соң бұл салалық басылымдар базасында «Қазақстан теміржолшысы» газеті дүниеге келген. Міне, осы басылымның алғашқы санынан бастап Меруерт Өмірзақованың өзіндік қолтаңбасы айшықталған. Кейіпкеріміз осы газеттің арқасында кезінде еліміздің түкпір-түкпірін аралап, Қ.Көпжасаров, Н.Есенғарин сынды алыптармен сұхбат жасағанын мақтанышпен әңгімелейді.  

«Мен «Қазақстан теміржолшысы» газетіне жауапты хатшы болып келген 1997 жылы Меруертпен таныстым. Міне, содан бері қарым-қатынасымыз үзілген емес. Әріптестігіміз келе-келе үлкен достыққа ұласты. Бүгінде ұлдарымыз да бір-бірімен аралас-құралас. Менен біреу өз кәсібіне адал журналист қандай болады деп сұраса, Меруертті көрсетер едім. Ол кезде бүгінгідей технологиялық жетістік жоқ, компьютер деген бүкіл редакцияда саусақпен санарлық. Меруерттің түнімен мерекелік номер шығарып немесе таң атқанша баспаханада кезекшілікте болғанына талай куә болдым. Редакцияда қанша журналист болса да теміржолшылар, әсіресе ардагерлер «Меруерт бар ма?» деп іздеп келіп жататын. Меруерттің мен білетін, құрмет тұтатын адами қасиеті – өте бауырмал жан. Бірге туған бауырлары, олардың балалары дегенде жалғыз ұлынан бұрын солардың жайын жасауға ұмтылатыны мені таң қалдыратын. Кезінде бірге қызмет еткен сүйікті газетіміз арқылы оны мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!», – деп әдемі естелігімен бөлісті алматылық құрбысы әрі бұрынғы әріптесі Қазина Қабаққызы.  

«Меруерт Алматы теміржолының, мен Тың теміржолының газетінде жұмыс істеп жүргенде екеумізді ортақ құрбымыз Татьяна Москвичева сырттай таныстырған. «Қазақстан теміржолшысы» газеті Астанаға көшіп келгенде жүзбе-жүз көрісіп, жақын араластық. Бәріміз ҚазМҰУ түлектеріміз. Бірден тіл табысып кеттік. Ол қазақ редакциясында, мен орыс редакциясында бөлім басқардық, бір бөлмеде отырдық. Мені ерекше тәнті еткені Меруерттің қайсарлығы, төзімділігі, сабырлығы еді. Оңтүстікте туып-өсіп, Алматыда оқып жұмыс істеген ол редакция ұжымымен Ақмолаға қоныс аударған соң осында тұрақтап қалған жалғыз адам. Кезінде бірге келгендер түгел қайтып кетсе де ол өзі айтқандай «өңі түгіл түсінде көрмеген» Арқада қалып қойды. Алматыдан көп журналистер келмей де қалды ғой. Оның үстіне, газет редакциясы алғашқы кездері қалаға сыймай Қырқыншы станциясындағы жол дистанциясы ғимаратының бірінші қабатына орналасып, Алматыдан келген газет қызметкерлері екінші қабатта жатақханада тұрып өмір сүрді. Оған екінің бірі шыдамас еді. Оларды ең алдымен кәсіптеріне деген адалдық пен сүйіспеншілік құтқарды деп ойлаймын. Меруерт әрдайым өз ісіне тиянақты, ұқыпты қарайтын. Қызық тақырып тапса, қатты қуанып, кейіпкерімен әңгімелесіп, тіл табысуы ерекше еді. Ол көп теміржол саңлақтарымен сұхбат жасап, кейбірімен кейін де ұзақ жылдар бойы араласып тұрды. Газеттің нағыз патриоты дер едім. Газетте қате кетіп немесе бірдеңеден күмәнданса, кәдімгідей уайымдап, кейде жылап та алатын. Бүгінгі мерейтойында құрбыма мықты денсаулық, сәнді де мәнді ғұмыр тілеймін!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді теміржол баспасөзінде қырық жыл еңбек еткен тағы бір ардагер Гүлнар Распаева.  

Айтпақшы, бұл екі журналист те саланың ең жоғарғы марапаты «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие. Салалық газеттің тарихында бұған дейін үш адам – Мұхаметжан Нұртазин, Клара Шакирова, Иса Ғалиасқаров бұл атақты алған екен. Меруерт Есенбекқызы одан бөлек Мәдениет және баспасөз министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Түрксіб теміржолының тарихы жайлы көлемді материалдары үшін «Түрксібке – 90 жыл» медалімен, ал тұңғыш теміржолшы Мұхаметжан Тынышпаев туралы жазған сериялық мақалалары үшін Тынышпаев қорының арнайы марапатына ие болды. Меруерт Есенбекқызы ұлы Медетті елін, ұлтын, тілін сүйетін адал да білімді азамат етіп тәрбиеледі. Мамандығы – әлеуметтанушы. Бүгінде Қоғамдық саясат институтында қызмет атқарады.  

Біз «Қазақстан теміржолшысы» газетінің ұжымы бәріміздің сүйікті ұстазымыз, сала газетінің саңлағы Меруерт Есенбекқызын 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, оған ұзақ өмір, бақытты да баянды ғұмыр тілейміз.  

 

Жаңалықтар
25.05.2026
Қазақстан Калифорнияда Транскаспий дәлізінің мүмкіндіктерін таныстырды
Әлемде
25.05.2026
Пәкістанда жолаушылар пойызы жарылып, 20 адам қаза тапты
Жаңалықтар
23.05.2026
ҚТЖ орталық аппараты қызметкерлеріне жолды жаңғыртудың заманауи технологиялары көрсетілді
Инфрақұрылым
23.05.2026
«Курорт-Бурабай» вокзалы маусым айында пайдалануға беріледі
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен Өзбекстан теміржолшылары тасымалдар мен порт инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен ЕО Транскаспий дәлізін дамыту мәселелерін талқылады
Жүк тасымалы
22.05.2026
Қытай мен Ауғанстан арасында Түрікменстан арқылы өтетін жаңа логистикалық бағыт іске қосылды
Аймақтар
22.05.2026
Семей теміржолында кешенді жұмыс қарқын алды
Аймақтар
22.05.2026
Жаз маусымына дайындық бағаланды
Аймақтар
22.05.2026
Ардагерлер кеңесі өтті
Инфрақұрылым
22.05.2026
Ақтөбе вокзалында жолаушыларға барлық жағдай жасалады
Аймақтар
22.05.2026
Ардагер Нұрғали Төлеповке ескерткіш тақта орнатылды
Жаңалықтар / Мұрағат
22.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №39 22 мамыр 2026 жыл
ҚТЖ келбеті
21.05.2026
Жол үстіндегі жиырма жыл
Әлемде
21.05.2026
Бішкектен Ыстықкөл жағалауына дейінгі пойыз маусым айында іске қосылады
Жүк тасымалы
21.05.2026
Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі артып келеді
Аймақтар
20.05.2026
Қызылорда облысының әкімі Шиелі вокзалының құрылысымен танысты
Әлемде
20.05.2026
Ханчжоу метросы үшін автоматтандырылған пойыз таныстырылды
Спорт
20.05.2026
Жеңімпазды сән-салтанатпен қарсы алды
Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді