Елордадағы «Жастар» театрында Астана локомотив пайдалану депосының 95 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. Іс-шараға теміржолшылар, сала ардагерлері, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен «Қамқор Локомотив» ЖШС басшылығы және басқа да қонақтар қатысып, теміржол саласындағы ең көне кәсіпорынның шежірелі тарихынан сыр шертіп, сонымен қатар үздік теміржолшылар марапатталды.  

Келген қонақтарға алдымен депо тарихы туралы түсірілген шағын ролик көрсетілді. 1922 жылдың шілде айында Петропавл – Көкшетау учаскесінде пойыздар қозғалысы басталды. 1929 жылдың қараша айында Бурабайдан Ақмолаға алғашқы пойыз келді. 1931 жылғы 15 қазанда Ақмола қаласында 7 тұрағы бар, «ОВ» сериялы паровоздар тіркелген типтік паровоз депосы пайдалануға берілді. Депода 16 слесарь және 28 паровоз бригадасы болды. Сол кезеңдегі паровоздар көмір мен суды пайдаланып жұмыс істеді. Локомотив бригадасы үш адамнан тұрды: машинист, машинистің көмекшісі және от жағушы. Барлық жұмыс аптап ыстықта, қатты шу мен үздіксіз діріл жағдайында қол күшімен атқарылды.  

Сол дәуірдегі теміржолшылар нағыз еңбек ерлігін көрсетті. 1933 жылы паровоздар паркі «Э» сериялы паровоздармен алмастырылды. Осы кезеңде кадрларды даярлау жұмыстары белсенді жүргізілді. Темір жол мен Ақмола паровоз депосының пайда болуы өңірдің әлеуметтік-техникалық тұрғыдан қарқынды дамуына үлкен серпін берді. Қысқа уақыт ішінде локомотив шаруашылығының мамандары СО, СОК, ФД, СУ, ЕА, Л сериялы паровоздардың көптеген түрлерін меңгерді. Жалпы, 95 жыл ішінде локомотивтердің 15-тен астам түрі ауыстырылды. Олардың әрқайсысы жөндеу бригадалары мен локомотив бригадаларының қайта даярлануын талап етті. Көп жағдайда оқыту өндірістен қол үзбей жүргізілді, ал кәсіби білім мен тәжірибе әкеден балаға беріліп отырды. Депо өзінің еңбек әулеттерімен мақтанады. Олардың қатарында Сәуірбаевтар, Жарқымбековтер, Красноштановтар, Мырзабаевтар, Журавлевтер және Жақыповтар әулеттерін атап өтуге болады. Қазіргі уақытта депода мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 730 локомотив бригадасы бар. Депоның тіркелген локомотивтер паркі әртүрлі модификациядағы 94 локомотивпен жасақталған. Кәсіпорын ұжымы ұзындығы 380 шақырымды құрайтын теміржол учаскесіне қызмет көрсетеді.

Мерекелік іс-шара барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов айтулы мерейтоймен барша әріптестерін құттықтап, оның бүгінгі қарқынды даму барысы, локомотив паркінің жыл сайын жаңартылуы, түрлі инновациялық жобалардың енгізілуі туралы баяндады. Сонымен қатар 15 үздік теміржолшыны Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. 2009 жылы жөндеу сапасын арттыру мақсатында локомотивтерді жөндеу жұмыстары жаңадан құрылған «Қамқор Локомотив» серіктестігі қарамағына берілді. Аталған серіктестіктің Астана локомотив жөндеу депосы филиалының ұжымында 350-ден астам қызметкер еңбек етеді. Осы серіктестіктің бас директоры Алтай Жұматаев та ортаға шығып, 9 қызметкеріне алғыс хаттар табыстады.