VPUTI.KZ-тен ұлттың иісі аңқып тұрса...

Әлеумет
21.02.2020, 11:45
Асхат Райқұл

Нұр-Сұлтан шаһарынан кешкі сағат 19.45-те болат жолдың бойына түскен «Тұлпар-Тальго» пойызы ә дегеннен сұр дөненге қамшы басқандай, ызғыта жөнелді. Шымкент станциясына бағыт алған пойыздың бір жолаушысымыз, таң ата Тараз станциясынан түсе қалмақпыз. Жол бойы Қарағанды, Сарышаған, Шу, Луговой станцияларына аялдайды екен. Жолкіре құны біршама қымбатырақ болған соң ба, бос орындар да баршылық. Қасымдағы жігіт ағасы Қарағандыдан түсіп қалғасын, төрт орындық купеде жалғыз қалдым.

НЕГЕ JOL.KZ НЕМЕСЕ JOLDA.KZ ЕМЕС?

Не істемек керек? Терезеден тысқа көз тастап отырмын, Қарағандының шамдары сиреп барып, мүлде тастүнекке айналды. Жүрдек пойыз қараңғылықты қақ жарып жүйткіп келеді. Әдеттегідей қалтадағы смартфонға қол салып, жалтжұлт еткен экранға үңілдік. Интернет құрғырдың елдімекеннен ұзағанда итіңізді шығаратын әдеті. Ғаламтор қамту аумағынан тыс жерде. Желі белгішесінің үстінен 4G тартып тұрғаны жаңа ғана еді, енді Е-ге бір-ақ түсіпті. Купенің төріндегі «Wi-Fi арқылы сервер тегін» деген сыңайдағы жазуды көзім шалып, кіре қойдым. Vputi.kz мобильдік серверіне «сүңгітті». Одан шыға қалсаңыз, google-ңіз қараң қалады.

Сондықтан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсететін vputi.kz-тен ұзамау қажет. Бастапқыда «Неге jol. kz немесе jolda.kz емес?» деп ойлап үлгергеніміз рас. Бұл Қазақстан емес пе? Пойыздың игілігін жиі пайдаланатындар да өзіміз. Жарайды, хош делік...

«АМАНАТ» пен «ОРАЛМАН» ҒАНА БАР

Десе де, сервер өте ыңғайлы жасалған. Алғашқы беті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның ресми сайтын көрсетіп тұр. Жаңалықтар тізбесі күн сайын жаңарып отыратынын да аңғарасыз. Мәзірге енгенде латын әліпбиі негізінде жазылған «Фильмдер», «Музыка», «Баспасөз», «Аудиогид» айдарлары қарсы алады. Ал менде таңға дейін уақыт бар. Қуанып кеттім...

«Фильмдерге» кіріп, біршама кино тамашалағанды жөн көрдім. Оның өзі «Көркем фильм», «Анимация», «Сериалдар», «Деректі фильмдер», «Қазақ туризмі», «Біздің халық» айдарларына тармақталған. Өкініштісі сол, әр айдарға салынған материалдардың ішінен қазақ тілді екі-үш фильмді ғана көзіміз шалды: тарихи жанрдағы «Аманат» және «Оралман» фильмдері. Содан соң «Анимацияның» соңғы жақтарында әке мен баланың қызықты оқиғаларын баяндайтын екі бөлімді картина бар. Басқа тілдегі фильмерге таңдау баршылық. «Космос между нами», «Ветреная река», «Анон», «Закатать в асфальт», «24 часа на жизнь» деп жалғасып кете береді.

ДИМАШТЫҢ ӘНДЕРІН ТЫҢДАСАҚ...

«Музыка» айдары да осы сыңайлы. Алла Пугачевасы мен Филипп Киркоровтан бастап ұзын-сонар жалғаса береді. Қазақ эстрадасынан Роза Рымбаеваның әндері бар. Ал осында Біржан салдың, Мұхиттың, Ақан серінің әндерін айтатын дәстүрлі өнеріміздің жаршыларының орындауындағы музыкалар орын тапса ше? Әміренің де бірнеше әні таспаланған. Әрине, бұл ретте авторлық құқық бойынша өнер иелерінің рұқсатынсыз мұндай серверлерге олардың әндерін бас салып қоя беру заңға қайшы екенін де білеміз. Десек те, болашақта пойызда «Дос-Мұқасан» тобы, Роза Бағланова, Мақпал Жүнісова, Гаухар Қаспақова, қазіргі қазақ эстрадасының бел ортасында жүрген «МузАРТ» тобы, «Жігіттер» тобы сынды өнерпаздар репертуарындағы туындыларды тыңдасақ деген базынамызды жеткізгіміз келеді. Шіркін, әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайбергеннің 5-6 әнін тыңдауға мүмкіндік туса, жолаушылар қалай риза болған болар еді...

«БАСПАСӨЗ» ПЕН «АУДИОГИДТЕ» МІН ЖОҚ

«Баспасөз» айдарына қолыңыздағы «Қазақстан теміржолшысы» газетінің соңғы үш санының ПДФ нұсқалары тігілген. Саладағы оң өзгерістерді, соны жаңалықтарды, бірегей хабарларды жолаушылар осы басылымның электрондық беттерінен шоли алады.

Жалпы ақпараттық айдардың уақытылы жаңарып отыратыны өте құптарлық іс екен дедік. «Аудиогидтен» де мін таба алмадық. «Тұлпар-Тальго» пойызы қатынайтын станциялардың тарихы, географиясы, өзге де мәліметтері мұнда аудио түрінде беріліпті. Мәселен, «Нұр-Сұлтан – Шымкент» бағытындағы осы пойыз тоқтайтын әр станция туралы деректерге құлақ түрсеңіз, көп мәліметке қанығасыз.

P.S. Серверлік қосымшаны шұқылап отырып таңның атқанын аңғармай қалыппыз. Жолсерік қарындастың «Бір сағаттан соң Тараз шаһарына жетеміз. Дайындалыңыз» деген жағымды үні жоғарыдағыдай ойларымызды үзіп жіберді. Әлден уақытта «Жолаушыға әрдайым ыстық сәлемі, Жолсерік қыз, күлкіңіз қандай әдемі» деп ыңылдап түсіп бара жаттық...

Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен Өзбекстан теміржолшылары тасымалдар мен порт инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады
Жаңалықтар
22.05.2026
Қазақстан мен ЕО Транскаспий дәлізін дамыту мәселелерін талқылады
Жүк тасымалы
22.05.2026
Қытай мен Ауғанстан арасында Түрікменстан арқылы өтетін жаңа логистикалық бағыт іске қосылды
Аймақтар
22.05.2026
Семей теміржолында кешенді жұмыс қарқын алды
Аймақтар
22.05.2026
Жаз маусымына дайындық бағаланды
Аймақтар
22.05.2026
Ардагерлер кеңесі өтті
Инфрақұрылым
22.05.2026
Ақтөбе вокзалында жолаушыларға барлық жағдай жасалады
Аймақтар
22.05.2026
Ардагер Нұрғали Төлеповке ескерткіш тақта орнатылды
Жаңалықтар / Мұрағат
22.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №39 22 мамыр 2026 жыл
ҚТЖ келбеті
21.05.2026
Жол үстіндегі жиырма жыл
Әлемде
21.05.2026
Бішкектен Ыстықкөл жағалауына дейінгі пойыз маусым айында іске қосылады
Жүк тасымалы
21.05.2026
Қазақстанда контейнерлік тасымал көлемі артып келеді
Аймақтар
20.05.2026
Қызылорда облысының әкімі Шиелі вокзалының құрылысымен танысты
Әлемде
20.05.2026
Ханчжоу метросы үшін автоматтандырылған пойыз таныстырылды
Спорт
20.05.2026
Жеңімпазды сән-салтанатпен қарсы алды
Жаңалықтар
20.05.2026
Жол жүру ережесін бұзған 200-ден астам жолаушы пойыздан түсірілді
Әлемде
20.05.2026
Бішкек «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол жобасына Қытайдан 305 млн доллар алады
Жаңалықтар
19.05.2026
Түркістан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін бірегей теміржол көпірі салынуда
Әлемде
19.05.2026
Баку–Тбилиси–Баку жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды
Аймақтар
19.05.2026
Маңғыстауда Транскаспий бағыты арқылы өтетін жүк тасымалы өсті