Биік шыңды бағындыру – хоббиім...

Спорт / Сұхбат
07.06.2024, 10:15
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Данияр Бимашев Алматы жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Достық станциясында еңбек етеді. Ол «ҚТЖ-100 жас есім» жобасынан шыққан корпоративті блогер. 1 маусым күні Данияр Іле Алатауы баурайындағы ең биік – 4 376 метрлік Комсомол шыңына шығып, ҚТЖ туын тікті. Бұл жетістігін ол Қазақ темір жолының 120 жылдығына арнады.

– Данияр, алдымен өзің туралы айтып өтсең... Теміржолшы әулетінің өкілісің бе, бұл кәсіпті таңдауыңа не себеп болды?  

– Мен 1991 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Қиыл ауылында көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әзірге әулетте теміржолшы кәсібін таңдаған жалғыз адаммын. Бала кезден кітап оқығанды ұнатамын. Әсіресе қазақтың біртуар тұлғалары туралы деректі дүниелерді қызыға оқимын. Менің мамандық таңдауыма әсер еткен тұлға қазақтың тұңғыш инженері Мұхамеджан Тынышпаев болды. Қазақ темір жолы тарихындағы дара тұлға М.Тынышпаевтың тағдыры, еңбек және өмір жолы маған ерекше әсер етті. Осылайша мен теміржолшы болуға таңдау жасадым.  

– Достық станциясы – еліміздегі стратегиялық маңызға ие станцияның бірі. Климаты да күрделі. Онда жерсіну қиынға соқпады ма, жұмысың қалай?  

– Қытай мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық шекаралық станция ұжымына жүктелетін міндет жоғары. Сондықтан бізге әрдайым жинақы, ұқыпты, өз қызметімізге жауапты болуымыз керек. Мен Достық станциясында 2013 жылдан бері жұмыс істеймін. Басында қарапайым қызметтен бастадым. Әртүрлі қызметтік сатылардан өттім. Қазіргі таңда Жүктерді орналастыру, бекіту мен сұлбаларды әзірлеу, қарастыру зертханасына жетекшілік етемін. Қытай елінен шыққан габариті үлкен, ауыр салмақты жүктерді қараймыз. Сол жүктерге арналған сызбаларын қарап, тексеріп, жүктердің дұрыс тиелуін, қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Станция арқылы күн сайын лек-лек құрам, жүздеген вагон импорттық, экспорттық, транзиттік жүктер өтеді.  

– Осындай жауапты қызметті атқарып жүріп, спортпен де айналысуға уақыт табасың, оның ішінде қиын да күрделі түрі – альпинизмді серік етіпсің...  

– Тауға өрмелеу – менің сүйікті хоббиімнің бірі. Одан бөлек мобилография, дронмен видеороликтер түсіремін. Жұмыстан тыс уақытта қоғамдық-әлеуметтік іс-шаралармен айналысамын, кәсіби тұрғыдан әлеуметтік желілерді жүргіземін, үнемі кәсіби мамандығымды шыңдайтын курстар мен семинарларға қатысып тұрамын. 2022 жылдың желтоқсан айында алғаш рет Іле Алатауы баурайында орналасқан Қазан (Богданович) мұздығына шықтым. Одан кейін Фурманов шыңы 3 053 м, Букреев шыңы 3 010 м, Шымбұлақ шыңы, Үлкен Алматы шыңы 3 680 м, Турист шыңы 3 954, Тұйық Су мұздықтарын бағындырдым. Ал күні кеше 4 376 метрлік Комсомол шыңына шығып, сол жерде Қазақстан темір жолының туын тіктім. Жалпы мен тауға көтерілгенде ҚТЖ туын үнемі өзіммен бірге алып жүремін. Және де бұл кішігірім жеңісімді Қазақстан темір жолының 120 жылдығына арнадым. Бұл шыңды Алматының кез келген жерінен тамашалауға болады. Алматы қаласына көрінетін ең биік шың болып табылады.  

– Жарайсың, алар асуларың, бағындырар шыңдарың көп болсын. Дегенмен, бұл күрделі спорт түрінің қауіпті екені де жасырын емес, қызығушылық неден басталды? Шыңды бағындырғанда қандай әсерлер аласың?  

– Мен негізі кеш бастадым, 2022 жылы Богданович мұздығына барған кезден қызығушылығым басталды. Бұған дейін Эверест киносын көріп, қатты әсерлендім. Кейін Анатолий Букреев, Мақсұт Жұмаевтың еңбектерін көріп, кітаптарын оқып, қызығушылығым арта түсті. Тауда жүрудің қаупі де жоғары. Қар көшкіні бар дегендей. Бірақ командада таудың ұңқыр-шұңқырын, қыр-сырын жетік меңгеріп алған мықты нұсқаушылар, гидтер бар. Ал альпинизмге келер болсақ, бұл спорт түрі үлкен дайындықты, асқан шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Бір жағынан бұл өзіңді шыңдау. Ал биік шыңды бағындырғанда қандай сезімде болатыныңды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл бір ғажап сезім...

 

Жаңалықтар
18.08.2026
Еліміздің алты өңірінде 2 мыңнан астам жүргізуші ҚТЖ-ның «Қауіпсіз өткел» акциясына қатысты
Жолаушылар тасымалы
18.08.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ пойыздарымен 7,5 млн жолаушы тасымалданды
Әлеумет
18.08.2026
ҚТЖ: отандық өндірушілерді қолдайды
Аймақтар
18.08.2026
Жүктемесі жоғары өткелдерде рейд өтті
Аймақтар
18.08.2026
Басты өлшем – қозғалыс қауіпсіздігі
Аймақтар
18.08.2026
Бурыл станциясында «Қауіпсіз өткел» акциясы өтті
Қауіпсіздік
18.08.2026
Қызылордалық теміржолшылар өткелдердегі қауіпсіздікті күшейтуде
Аймақтар
18.08.2026
Мал басу азайды
Аймақтар
18.08.2026
Еңбек заңнамасы талқыланды
ҚТЖ келбеті
18.08.2026
Коллекционер теміржолшы
Аймақтар
18.08.2026
Торқалы тоқсанға келген теміржолшы
Жаңалықтар
18.08.2026
Теміржол вокзалдарын жаңғырту Жетісу облысында жалғасуда
Жаңалықтар / Мұрағат
18.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №65 18 тамыз 2026 жыл
Жаңалықтар
17.08.2026
Балалар лагерінде темір жолдағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық іс-шара өтті
Спорт
17.08.2026
Теміржолшы пара-пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында күміс алды
Әлемде
17.08.2026
Қауыннан жасалған «пойыз»
Жүк тасымалы / Апта саны
17.08.2026
ҚТЖ желісімен 184 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Әлемде
17.08.2026
Литваға 12 жаңа Stadler Flirt пойызы жеткізілді
Жаңалықтар
17.08.2026
Алматы облысында жаңа логистикалық орталық ашылды
Жаңалықтар
15.08.2026
ҚТЖ Басқарма төрағасы Алматы өңірінің темір жол инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралады