Бас жүлдегер – «Теміржол қалқаны»
Абай облысы бойынша меншікті тілші
Семейлік теміржолшылар алдағы келе жатқан кәсіби мереке қарсаңында өңірлік деңгейдегі футбол біріншілігін өткізді. Бұл – алдағы уақытта салалық кәсіподақ жүлдесі үшін ұйымдастырылатын аймақаралық біріншілік алдындағы іріктеу ойыны.
Бұл жолы желі бойындағы теміржол мекемелерінен келген 11 команда өзара бақ сынады. Кәсіподақ төрағасының жүлдесіне ұйымдастырылған біріншілікті ашқан «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов барша қатысушыларға жеңіс тіледі.
Ал ойын мейлінше тартысты өрбіді. Командалар осал емес, ойыншылардың барлығы да осыған дейін түрлі деңгейдегі турнирлерде өнер көрсетіп жүрген әуесқой футболшылар болатын. Сондықтан бұл жолы да жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Бір мезетте қос алаңда өткен турнирді алғашқы болып Семей электрмен жабдықтау дистанциясы мен Шардағы ТД-17 айналым депосы, сондай-ақ ТЧЭ-24 пен ПЧ-39 мекемелерінің теміржолшылары бастады.
Күн батқанша жалғасқан біріншілік нәтижесінде үшінші орынды Шар айналым депосының машинистері иеленді. Ал екінші орынды ШЧ-29 байланысшылары алса, бас жүлдеге осыған дейін де түрлі додаларда топ жарып жүрген «ӘТЖК» ЖШС Семей филиалының «Теміржол қалқаны» командасы лайық болды. Жүлдегер командалар Семей теміржолы кәсіподағы ұйымының ақшалай сыйлығына ие болды. Бас жүлдегер алдағы уақытта бірнеше облыс командалары арасында өтетін байрақты бәсекеде Абай елінің, Семей теміржолының намысын қорғайтын болады.