Талап пен тәртіпті ту еткен жан


"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Күндіз-түні қозғалыс болған соң вокзалдан Шу жол дистанциясына төтелей тартқан жолдың бойында қырбақ қар да қалмаған. Тек шойын жолдан жырақтау әріректе, күн көзі түсе бермейтін тұстарда ақ киіз төсегендей жұқалтаң қар жатыр. Жамбыл өңірінің қысы жайлы дегенмен, таңғы ауадан шыңылтыр аяз сезіледі. Күндегі әдетімен таңғы серуенге шыққан кейіпкеріміз шойын жолды жағалай жүріп келеді.
Жол-жөнекей тоқтай қалып еңкейіп, рельс бекітпелерін мұқият қарап шығады. Шпалдардың, бағыттауыш бұрмалардың қандай күйде тұрғаны да оның қырағы назарынан тыс қалмайды. Зейнетке шыққанына қанша жыл өтсе де, таңғы серуенді сылтауратып жол бойын бір шолып шықпаса, көңілі көншімейтін бұл жан – бүкіл еңбек жолын теміржолға арнаған Нұрымхан Шағылбаев. Бірер шақырым жолды жаяу артқа тастап кері оралады, шаршап-шалдыққаны байқалмайды. Тап осы сәтте оны биыл жетпістің төртеуіне шыққан зейнеткер деп айта алмайсыз.
Отыз үш жылға жуық Шу жол дистанциясының бас инженері болып еңбек еткен Нұрымхан Молдақұлұлы үшін темір жол өмір жолына айналғалы қашан. Ал теміржолшы болу – ол өзіңнің таңдаған еңбек жолыңды лайықты жүріп өту, қиындықтарды еңсеру, үлкен жауапкершілікке ие болу деген сөз. Басқа маман иелеріне қарағанда, теміржолшының өмірлік ұстанымдары қатаң талап, міндет пен жауапкершілікке негізделетіні рас. Еңбегі ауыр, өмір салты тәртіп пен ережеге тәуелді. Нұрымхан Шағылбаев тағдыр айдап келіп, темір жолды таңдағанына бір сәт те өкінген емес.
...Бұл бір екі тарихи кезең ауысқан, ғасыр алмасқан күрделі шақ еді. Кеңестік одақ жариялаған сексенінші жылдардағы қайта құру да, тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы экономикалық тоқырау да теміржол саласына әсер етпей қалмады. Талай рет жол бойында қар мен жаңбырдың, жел мен боранның өтінде жұмыс істеген жолшылармен далада қалып қойған кездер болды. Аптап ыстықта асарда жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға су жеткізетін көлік бұзылып қалып қиналған күндер ше?
Негізі Жетісу өңірі Талдықорғанда туып-өскен Нұрымхан Молдақұлұлы – Шағылбаевтар әулетіндегі алғашқы теміржолшы. Нағашы атасы теміржолшы болған екен, анасының айтқан әңгімесінен естігені болмаса, шойын жолды тек пойызға мінетін көлік деп қана білетін. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Курск шайқасында ауыр жарақат алып, дала госпиталінде емделіп, Жеңісті Берлинде қарсы алған, от пен оқты кешіп өткен Қызыл Жұлдызды майдангер. Елге келген соң Талдықорған облысы Киров ауданы Еңбекші колхозында зейнетке шыққанша есепші болып жұмыс істеді.
«1969 жылы мектепті бітіріп ауылшаруашылығы техникумына оқуға түстім. Бір жылдан соң әскерге аттанып, келген соң оқуымды жалғастырып, 1974 жылы электромеханик мамандығын алып шықтым. Әрі қарай оқып, жоғары білім алу үшін Алматыға ауылшаруашылығы институтына құжат тапсыруға бардым. Қабылдау комиссиясы құжаттарымды қабылдамады. «Техникумды оқып-бітіргеніңді растайтын анықтама әкел» десті. Емтихан екі күннен кейін. Ол кезде бүгінгідей ағылып жатқан көлік жоқ, Талдықорғанға барып-қайтып келуге үлгермеймін. Не істерімді білмей тұрғанда есіме анамның айтқан әңгімесі түсіп, теміржолшылар институтына бардым. Бірақ ондағылар да анықтама әкелуді талап етті. Амалым құрып тұрғанда есіктен бір кісі кіріп келді. Мән-жайды сұраған соң, құжаттарымды қабылдап, емтиханға жіберуді тапсырды. Кейін білдім, ол қабылдау комиссиясының төрағасы Шүкіров екен.
Шүкіров кейін институтта сабақ берді, жақсы кісі еді. Сабақты жақсы оқыдым, 5 жылда стипендия алмай қалған кезім болған жоқ, 1979 жылы теміржол инженері дипломын алып шықтым», – дейді Нұрымхан Молдақұлұлы өткенді еске алып.
Ауылда өскен, теміржолды көрмеген жігітке теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы мамандығын таңдап, оқудың қиындығын еңсеру оңайға соқпапты. Дегенмен қанға сіңген қайсарлық бәрін жеңген.
Қай кезеңде де еңбек нарығында теміржолшы мамандықтарына деген сұраныс азайған емес. Оқуды үздік аяқтаған жас маман жолдамамен Шуға келеді. Бөлімше бастығы оны Шығанаққа бөледі. Сол кездегі ПЧ бастығы Амангелді Қойшыбеков бірден жол бригадирі етіп тағайындайды, 6 айдан кейін жол шебері болады.
«Теориялық білім өз алдына, оны тәжірибеде ұштастырудың қиындығы көп. Дегенмен, өзіме артылған сенім мен жауапкершілік үдесінен табылу үшін барымды салып, демалыс дегенді білмей жұмыс істегеннің арқасында тез төселіп, кәсібімді толық меңгеріп алдым. Бір жылдан кейін аға жол шебері болып ауысып, талап тағы да күшейе түсті. Бұл кез кеңестік одақ құрамындағы республикалардың экономикасы тоқыраудың аз алдында тұрған қиын-қыстау кезең болатын. Шойын жолдардың бәрінде ағаш шпал, бағыттама бұрмаларында да ағаш арқалықтар ауыспаған. Бір пойыз жүріп өтсе, жолда ақау пайда болады. Рельс сына қалса, бағдаршамдар қызыл жанады. Жолаушылар пойызының графигі бар, одан кешіктіруге болмайды. Ауыр жүк құрамалары күндіз де, түнде де ағылып жатады. Теміржолшының бойында ерекше батылдық пен табандылық болмаса, мұндай ауыр міндетті атқаруға екінің бірі шыдай бермейді. Темір жолдың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету, әрқашан жауапкершілік сезімін жоғалтпау үшін темірдей төзім мен мықты денсаулықтан бөлек, сол саланы терең меңгеріп, кәсібіңді жақсы көріп, жұмысыңды беріліп істеуің керек, онсыз мақсатқа жете алмайсың», – деп тоқтады Нұрымхан Молдақұлұлы.
Үш жылдың ішінде өзін-өзі көрсетіп, іскерлігін дәлелдей білген жас маманды басшылық 1981 жылы Шу жол дистанциясына бас инженер етіп ауыстырады. Бас инженерге жүктелер міндеттер өте ауқымды. Барлық техникалық мәселелер соның жауапкершілігінде. Келе білек сыбанып іске кіріседі. Бұл кезде Шуда жаңадан буынсыз рельс плеттері салынып жатқан. Ұзындығы 500 метрден жоғары, шпалы темірбетонды, КБ бекіткіштері қолданылады. Осы жобаға жауапты болып бектілген бас инженер буынсыз рельс плеттерін салу жұмысын бес саусақтай меңгеріп алады. Жұмыс режимі өте ауыр. 25 метрлік рельс сияқты емес, эксплуатациялық ерекшеліктері көп. Теміржолшылар оны «температуралық рельс» деп атайды. Жазды күні ұзарып, қыста қысқарады. Сондықтан түйіспесіз жолдардың температуралық режимге дұрыс бекітілуін қадағалау керек. Рельс тізбегі мен ажыратқыш түйіспелердің жағдайын бақылауда ұстап, жол белгілері дұрыс орнатылуы қажет. Нұрымхан Молдақұлұлының жұмысты дұрыс үйлестіріп, жолшыларға талап қоя білуінің арқасында бұл құрылыс белгіленген уақытта, талапқа сай атқарылып, Шуда сәтті эксплуатацияда жүргізілген соң, республика бойынша енгізіле бастайды.
Көп ұзамай бағыттама бұрмасын темірбетонды арқалықтарға ауыстыру оңтүстік аймақта Луговой станциясында басталып, жобаға жетекшілік етуге тағы да Шудың бас инженері Шағылбаев бекітіледі. Бағытта бұрмасы Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнында жиналып дайындалып, станция басында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
Нұрымхан Шағылбаевтың әріптестері оның еңбек қауіпсіздігі талаптарын орындауға келгенде өте қатал болғанын айтады. Оның ұстанымы – жұмыс, график, жоспар өз алдына, адамның қауіпсіздігі бәрінен маңызды.
Мысалы пойыз жұп жолмен келе жатса да, тақ жолда жұмыс істеп жатқан жұмысшылар 800 метр қалғанда жолдың бойына шығып сап түзеп күтіп тұруы тиіс. Бұл сәтті теміржолшылар «Пойызды қарсы алу» деп атайды. Бірақ талапқа немқұрайлы қарап, нұсқаулықтарды орындамайтындар кездеседі. Бас инженер осы мәселені реттеу үшін бір адам тәртіпті бұзса, тұтас бригаданың сыйақыларын қиюға дейін барып, нұсқаулыққа сай әрекет етуді қалыптастырды. Бастапқыда бұған қарсы шығып, наразылық танытқандар да болды. Дегенмен бас инженер шешімін өзгертпеді. Біршама уақыттан кейін жолшылардың барлығы еңбек қауіпсіздігі талаптары мен нұсқаулықтарын орындауды дағдыға айналдырып, қаперден шығармайтын болған.
Сонымен қатар Нұрымхан Молдақұлұлы техникалық сабақ өткізудің озық жүйесін қалыптастырды. Келген телеграмманы мұқият зерделеп, басқа бір учаскеде орын алған жағдайға толық сараптама жасап, тақтаға сызып тұрып, мұндай оқиғаның алдын алу үшін не істеу керек екенін нұсқаулыққа сай түсіндіруді қолға алды.
«Еңбек қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ жолдарды күтіп-баптау жұмыстарын қатаң қадағалап отырса ғана нәтиже береді. Буынсыз рельс плеттерін салғаннан кейін де, шпалдар ауыстырылғаннан кейін де оның жай-күйін бақылап отыру қажет. Пойыз жүріп өткен соң рельс орнынан қозғалмау үшін бекіткіштерді сығып, бекітеді. Кейде 100 метрдің ішінде болттар түсіп қалады. Бекіткіштер босаса, рельстер екі жаққа тебеді. Ол қауіпті. Сондықтан оларды тексеріп шығып, қалпына келтіру керек. Біз осыны Шу жол дистанциясында 6 жылдың ішінде 90 пайызға ретке келтірдік. Комиссия келгенде, мынадай күтіп-баптау еш жерде жоқ деп мойындады. Қазір екі бағдаршамнан асатын, 2 шақырымдық плеттер жоқ. Буынсыз рельстік плеттер қолданыста оншақты жыл тұрды», – дейді Нұрымхан Молдақұлұлы.
Жұмысына аса тиянақты, сауатты да бастамашыл бас инженерге көзі түсіп қызметке шақырған жерлер аз болмапты. Алматыға ауысуға ұсыныс болғанда көп ойланыпты. Еңбек жолы басталған, отбасын құрып, шаңырақ көтерген, дос-жаран тапқан, бауыр басқан құтты мекенді тастап кетуге қимапты. Оның үстіне бір жерде тұрақтап жұмыс істеп, тер төккен еңбектің жемісін көруден асқан ғанибет бар ма?! Бас инженердің мансап қумай, Шуда қалып қоюының бір себебі осы екен.
2000 жылдарда Қазақстан теміржолына Тальго вагондары келе бастады. Жаңа вагондар шақырымына 120-140 жылдамдыққа арналған. Ал оны қайда сынап көреміз дегенде, таңдау тағы Шуға түседі. Жауапты болып тағы да Нұрымхан Шағылбаев бекітіледі. Бас инженердің басшылығымен жолшылар жаңа вагондарды тәжірибеден өткізетін жолды дайындауға кіріседі.
«Бірлік-2, Жиделі станциялардың жолы тіке салынған жолдар. Сол жерге тальго вагондарын алып келді, лабораториясы, барлық құрылғылары бар. Адамдар орнына қапқа толтырып құм қойдық. Ішінде өзіміз де жүрдік. Эксперименттен өткізу кезінде жылдамдық 200-ден кем болмауы керек. Біз 220-ға жеткіздік. Бір-ақ рет 240 шақырым жылдамдықпен жүрдік, 180 мен бір жарым ай сынақ жүргіздік. Тәжірибе сәтті аяқталған соң Тальгоны Қазақстан темір жолында қолданысқа енгізді», – деп еске алады ардагер теміржолшы.
Нұрымхан Молдақұлұлы Шу ғана емес, оңтүстік аймақта жүргізілген бірқатар құрылыстарға да қатысты. Шығанақта екі жолақты жол салынғанда басы-қасында жүрді. Жаңартылған жолдардың жай-күйіне үздіксіз бақылау жүргізді. Жол шарлап жүрген сапарларында бірнеше рет ақау тауып, 4-5 жолаушылар пойызын тоқтатып, қауіп-қатердің алдын алды.

Нұрымхан Шағылбаев теміржолдың даму тарихында Шу станциясына электрлендіру жүйесін жүргізу үлкен жаңалық болғанын айтады. 1995 жылы іске қосылған электрлендіру жүйесінің құрылыс жұмыстары Шуда 1992 жылы басталады. ПЧ – қосалқы мердігер. Жауапты – Шу жол дистанциясының бас инженері Нұрымхан Шағылбаев.
1995 жылы 4 қаңтарда Алматы – Шу телімін электрлендіру аяқталып, Шуда үлкен салтанатты жиын өтіп, көпшілік алғашқы электровоздың келгеніне куә болған. 2025 жылы бұл датаға 30 жыл толды.Теміржолшылар үшін бұл үлкен табыс болатын. Бұрын тепловоз 50 вагонды әзер тартса, электровоз 60-ты еш кедергісіз жеткізетін болды. Пойыздардың жылдамдығы артқаны өз алдына, электрлендіру жүйесі жолшылардың жұмысын әжептеуір жеңілдетті.
Жұмыс көлемі өте ауқымды болды. Теміржолдың бойындағы барлық бағдаршамдардың орны өзгереді, жолдар қайта құрылымдаудан өтеді. Шу – ең күрделі участок. Нұрымхан Молдақұлұлы Шуда 3 ауысымда бригада ұйымдастырады.
«Жұмыс тынымсыз жүріп, графиктен 4-5 ай алға шықтық. 32 мыңнан астам бұранда салдық, буынаралықтар өзгерді. Жол, белгі беру-байланыс, электрмен қамту дистанцияларының теміржолшылары түгел құрылыс басында өз салалары бойынша жұмыстарды атқаруда. Біздің жолшылардың, жол шеберлерінің, бригадирлердің еңбегі ерекше зор болды. Жұмысты қабылдап аларда Максим Пак деген бас инженер келді. Мені шақырып алып, «сағат 3-4-ке дейін бір торапты қолданысқа берсең, ризамын», – деді. Мен сол уақытқа үш торапты бірден беретінімді айттым. Ол «бірнәрсені үлгермей қалсаң, оңайға соқпайды, себебі бүкіл станцияның жұмысы тоқтайды», – деді. Ондай кедергі болмайтынын жеткіздім. Содан сағат 12.40-та үш торап та іске қосуға дайын тұрды», – дейді Нұрымхан Молдақұлұлы.

Міне, өз мамандығын жанындай жақсы көріп, оған өмір бойы адал болған, ғасыр аунап, тарих кезеңдері ауысқан, ел экономикасы тоқырауға ұшыраған қиын да күрделі кезеңде еңбек еткен нағыз теміржолшының тәлімді де тағлымды өмір жолы осылай өрілген. Шу жол дистанциясында 32 жыл үздіксіз бас инженер болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Кезінде «Социалистік жарыстың үздігі» атанып, Жол қатынастары министрлігінің «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Түрксібтің, Мойынты – Шу теміржолының мерейтойлық медальдары да бар. Дегенмен, «аттың жалы, түйенің қомында» демекші, үйдегіден түздегісі көп шойын жолдың бойын шарлап жүрген жылдар өтеуі саланың мәртебелі марапаты «Құрметті теміржолшы» атағына лайықты болған болар еді деген ой келді...