Корпоративтік омбудсмен – Ұлттық компанияның  «алқа биі»

Сұхбат
27.02.2018, 11:33
Қазақстан теміржолшысы

Қазақстанда корпоративтік омбудсмен институты алғаш рет 2013 жылы Қазақстан темір жолында енгізілді. Бұл қызметті заң саласының білікті маманы, темір жол саласын жетік білетін, кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ аппарат жетекшісі, одан кейін Компания президентінің кеңесшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарған Бейбіт Жүсіпов абыроймен атқарып келеді. Бүгінгі біздің сұхбатымыз корпоративтік омбудсменнің бес жылда атқарып келе жатқан жұмысы туралы болмақ.    

– Бейбіт Ғазизұлы, оқырмандарымызды корпоративтік омбудсмен деген кім, оның құзырына қандай міндеттер кіреді және бұл лауазым қай тараптан бекітіледі деген мәселеден бастасақ...

– Қазақстан темір жолында корпоративтік омбудсмен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен тағайындалады. Екіншіден, омбудсмендер нақты бір салада машықтанады. Мысалы, отбасылық жағдай, бала құқығы, адам құқығы, т.т. істермен айналысатын омбудсмендер бар. Мен – корпоративтік омбудсменмін. Ал корпоративтік омбудсмен деген кім дейтін болсақ, дау-дамай, даулы мәселелерді шешу саласында корпоративтік басқарудың ең озық  тәжірибелерін Компанияға енгізуге ықпал етуші тұлға болып саналады. Сондай-ақ, ол Компания мен оның қызметкерлері, клиенттері, жеткізушілері арасында туындаған даулы мәселелерді сотқа дейін жеткізбей, бастапқы кезден-ақ, бейбіт жолмен объективті шешуге ықпал етеді. Ұлттық компанияда омбудсмен институтының құрылу мақсаты, біріншіден, корпоративтік басқару жүйесі болса, екіншіден, Компания  имиджін сақтап, әрі қарай дамытып жақсарту болып табылады. Жалпы омбудсмен  қызметі шетелде көп пайдаланылады. Мәселен, Ұлттық компанияның серіктесі «Дженерал Электрик» компаниясының бір ғана өзінде 700-ден астам омбудсмен жұмыс істейді. Соның Орталық Азия мен ТМД бойынша өкілдері Мәскеуде отыр. Мен олармен кездесіп, тәжірибе алмастым. Ондағы омбудсмендер бір сала бойынша мамандандырылған. Бұл қызметтің маңыздылығы біздің елімізде де біліне бастады. ҚТЖ-дан бөлек бүгінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» ұлттық компаниясына қарайтын компаниялар тобында да омбудсмендер лауазымы енгізіліп отыр.

– Демек, сіз олармен тығыз байланыста жұмыс істеп, тәжірибе бөлісіп отырасыз ғой?

– Әлбетте, бірақ жаңа айтып өткенімдей, көптеген компанияға корпоративтік омбудсмен лауазымы жаңадан енгізіліп жатыр. Ал ҚТЖ-да корпоративтік омбудсмен институтының жұмыс істеп жатқанына биыл бес жыл. Сондықтан бұл қызметте менің тәжірибем көптеу. Сол себепті, жақында Қор компаниялар тобының корпоративтік омбудсмендерінің өтініш-тілегі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ ғимаратында озық тәжірибе мектебін өткіздік. Осы лауазымды атқарып жатқан жылдардағы тәжірибеммен бөлісіп, ақыл-кеңесімді бердім. Меніңше, семинар-кеңес жоғары деңгейде өтті,  қатысушылар ризашылық танытты.

– Сөзіңізден аңдығаным, дау-дамай, жанжалға ұласуы мүмкін күрделі мәселелерді соттық шағымдарға жеткізбей, объективті шешу үшін корпоративтік омбудсменнің заң жағынан сауатты болуы керек сияқты. Жалпы омбудсменге қойылатын талаптар қандай?

– Әлбетте, омбудсмен қызметіне тағайындалушы үміткерге қойылатын өзіндік талаптар бар. Айталық, Қазақстан Республикасының азаматтығы, мүмкіндігінше заң саласында жоғары білімі, корпоративтік басқару және басшылық қызметте үш жылдық тәжірибесі, Компания қызметінің спецификасын білуі, мемлекеттік және орыс тілдерін еркін, мүмкіндігінше ағылшын тілін білуі де талап етіледі. Омбудсмен Компанияның ішкі құрылымдарына тәуелсіз, ол тікелей Компанияның  Директорлар кеңесіне бағынып, Компанияда басқа қызмет істей алмайды. Ал қызметіміз даулы мәселелерді әділ әрі бейбіт жолмен шешуге бағытталғандықтан, Қазақстан Республикасының заңдарын, Ұлттық компания ережелерін жетік біліп, дұрыс зерттеп, ақ пен қараның аражігін ажырата білуіміз қажет. Омбудсмен мен Компания арасында құпиялылық туралы келісім бар. Бүгінде біз жұмысымызды екі бағытта жүргізудеміз. Біріншісі – ішкі саясат, яғни компания қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерінің корпоративтік этика ережелері мен нормалары шеңберінде сақталуы. Екінші бағыт Компанияның сыртқы құрылымдармен жұмыс істеуіне бағытталған. Қазақстан темір жолы еліміздегі ірі ұлттық компания болғандықтан, оның клиенттері де сан түрлі. Жабдықтаушылары, жеткізушілері көп. Олармен жұмыс барысында түрлі жағдайлар орын алып жатады. Соның объективті шешімін табуға тырысамыз. Яғни, корпоративтік омбудсмен жұмысында нақты принциптерге жүгінеді, соның ең бастысы – құпиялылық, әділеттілік. Бір сөзбен айтқанда, «тура биде туған жоқ» қағидасын берік ұстану.

– Корпоративтік омбудсмен қызметіне  жүгінушілер көбінесе қандай шағым-арызбен шығады және оларды шешу дәрежесі қай деңгейде?

– Корпоративтік омбудсмен жоғарыда айтып өткенімдей, Компанияның еңбек ұжымдары арасында тұрақтылық, қолайлы ахуалды сақтауға, Компанияның имиджіне нұқсан келмеуі үшін дау-жанжалдардың алдын алу үшін қызмет етеді. Корпоративтік омбудсмен лауазымын атқарып отырған менің көмекшім бар. Біз аймақтарға іссапарларға шығып, сала еңбеккерлерімен, зейнеткерлермен, жұмыста өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалған адамдармен кездесіп тұрамыз. Әрине, олардың арасында өз мұңын, шағымын айтатындар табылып жатады. Кейбір проблемалық мәселе жазбаша хат күйінде келіп жатады. Соның ақ-қарасын анықтауға да іссапарға шығатын кезіміз болады. Көбінесе, зейнеткерлер санаторийлерге жолдама ала алмаймыз деп шағымданады. Бірде оң жақ қолы мен аяғынан айырылған кемтар жан 26 жыл бойы бірде-бір жолдама ала алмағанына шағымданды, бұл мәселені сол жерде кәсіподақ ұйымы төрағасын шақыртып, лезде шешіп бердік. Тағы бір іссапарымызда 48 жастағы локомотив машинисі шағымданды. 2015 жылы Денсаулықты сақтау министрлігімен ерекше жағдайда жұмыс істейтін адамдарды белгілі бір сырқаттарға байланысты жұмысқа жіберуді реттейтін шешім қабылданыпты. Соның бірі гипертонияға байланысты шектеу екен. Ол бойынша, 1-ші және 2-ші дәрежелі гипертониямен  ауыратын машинистер дерті асқынбаған болса да, жұмысқа жіберілмейді екен. Яғни оларды жұмыстан шеттету талап етілген. Жаңағы машинистің шағымы осыған қатысты болды, ол айтады: «жасымыз елуге таянғада біз қайда барамыз, кім бізді жұмысқа алады, бала-шағамыз бар және өмір бойы жасап келе жатқан жұмысымнан айырылғым жоқ» дейді. Ал енді қараңыз, 2015 жылға дейін тәртіп басқаша болатын. Бұл тәртіп Ресейде де болатын. Онда І, ІІ дәрежелі гипертонияға шалдыққандар, егер сырқаттары асқынбаған болса, жұмысалды медбақылаудан өту арқылы жұмысқа жіберіле берілетін. Біз осы мәселеге қатысты бір жыл жұмыс істедік. Өйткені, осы сырқатқа қатысты тізім бойынша 2 мыңға жуық машинист пен машинист көмекшісі жұмыстан босатылу алдында тұрды. Жеңіл жұмысқа ауыстыратындай, ондай бос қызмет орындары жоқ. Содан біз осы мәселеге қатысты өз ұсынымызбен министрлікке шығып, оң нәтижеге қол жеткіздік. Қазір сырқаты асқынбаған 1-ші және 2-ші дәрежелі жоғары қан қысымы бар локомотив бригадалары мүшелері жұмыстарын жалғастыра беретін болды. Тағы бір оқиға туралы айтпасқа болмас, ол осыдан бес жыл бұрын болған. Локомотив жөндеу депосының қызметкері құлап, өндірістік жарақат алып, І топ мүгедегі деп танылған. Бірақ, оған жалпы сырқаттар негізінде мүгедектік беріп, ертеректе талма ауруымен ауырды дегендей қорытынды шығарған. Шын мәнінде олай емес,  жұмыс барысында құлап, жарақаттанған. Бүгінде үйінде жатыр, қозғала алмайды. Сол кісінің әйелі келіп, әділ шешімнің болмағанына шағымданды. Біз еңбек инспекторына жолығып, бұл шешімді өзгертуді талап еттік, әлбетте, ол келіспеді. Содан біз шағымданушы әйелге сотқа шағым жазуға көмектестік, өткен жылдың 30 қарашасында соттың әділ шешімі шығып, І топ мүгедектігіне әкелген жарақатты өндірістік деп таныды. Енді олар сақтандыру өтемақысын алып, сондай-ақ, бұрынғы жалақысын толық көлемде алып отыратын болды. Ал келесі бір жағдайда, бір азаматты мекеме басшылығы заңсыз жұмыстан шығарып жіберген, біз ол басшылыққа шығып, мұның заңсыз екенін, қайта жұмысқа алу керектігін талап еттік. Бірақ, сөзімізге құлақ аспаған соң сотқа шағымдануға тура келді. Заңсыздыққа жол берілгені әшкере болып, жұмыстан қудаланған азамат қайта қызметіне оралды. Жалпы біз көбінесе, «ауруды емдегенше, алдын ал» деген сияқты, заңсыз әрекеттерге жол бермеу амалдарын қарастырамыз. Көп жағдайда біз өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалған бұрынғы теміржолшылардың құқықтары мен мүдделері қалай қорғалып жатыр, соған көп араласып, көп көңіл бөлеміз. Бізде мұндай 600-ден астам адам бар. Олар ел темір жолының барлық аймағында кездеседі. Олардың шағымы да әртүрлі. Мысалы, 1996 жылы жұмыста өндірістік жарақат салдарынан екі аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған темір жол жұмыскеріне сол кездегі Батыс темір жол  басқармасы Ресейге көшіп бара жатқан адамдардың қызметтік пәтерінің бірін беріпті. Кейін біздің компания 2008 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, бұрын теміржол қызметкерлеріне берілген қызметтік пәтерлерді сол кісілердің жекеменшігіне беру туралы шешім қабылдады. Алайда, бізге шағымданған мүгедек жанға сол жердің темір жол басшылығы жиырма жыл тұрып жатқан қызметтік пәтерін жекеге өткізбепті. Содан біз Компания шығарған бұйрықты негізге ала отырып, ол кісіге пәтерін жекешелендіруге көмектестік. Міне, осы сияқты айта берсек, мысалдар көп. Құпиялылықты сақтауға тиісті болғандықтан, біз кәсіпорындар атауын да, шағымданушылар аты-жөнін де  айта алмаймыз.

– Компанияға немесе оның еншілес ұйымдарына, филиалдарына шағымданушы тарапынан туындап отырған даулы мәселені толыққанды зерттеп, анықтау үшін Сізге корпоративтік омбудсмен ретінде тиісті мекемелер мен тиісті адамдардан ақпарат алу керек қой. Бұл жағынан проблема туындамай ма?

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дағы корпоративтік омбудсмен туралы ережеде омбудсменге жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажеттілік негізін алға тарта отырып, керекті материалдар мен мәліметтерді алу үшін Компанияның құрылымдық бөлімшелеріне шығуына құқығы бар. Бұл жерде ескерте кететін жайт, мен компанияның корпоративтік омбудсмені ретінде бізге келіп түскен даулы мәселені тиісті кәсіпорынға беріп, оны зерттеп, шешім қабылдауға тапсырыс беріп, сырттай бақылап отырамын. Тек қабылдаған шешімге шәк келтіргенде ғана араласып, әділдігін тексеремін. Әйтпесе, біздің орган шағым бюросы емес. Корпоративтік омбудсмен Компания басшылығына даулы мәселелердің алдын алуға және оң шешім қабылдауға ұсыныс жасай алады. Сондықтан қажетті мәліметті алуда проблема туындамауы тиіс. ҚТЖ-дағы корпоративтік омбудсмен компанияға қарсы емес, керісінше, даулы мәселелерді сот отырысына жеткізбей, әділ де бейбіт жолмен объективті шешуге, яғни Ұлттық компания имиджін сақтауға қызмет ететінін тағы қайталап айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет, жемісті еңбек тілейміз!

Сұлугүл БАКЕСОВА

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр