Шабандоз теміржолшы

ҚТЖ келбеті
20.03.2025, 11:12
Ардақ Үсейінова

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалына қарасты Ақшолақ станциясының бастығы Әбілсейіт Баширов бүгінде алпыс жастың асқарына шықса да, бабын жоғалтпаған шабандоз. Әлі күнге аттан түспей, көкпар шауып жүр.

Жуалы ауданы, Билікөл ауылында туып-өскен Әбілсейіт Тұрсынбайұлының Жамбыл су шаруашылығы институтында оқып, инженер-механик мамандығын алып шыққан жылдар елдегі билік құрылымы өзгерудің алдындағы жылымық кезеңге тұспа-тұс келген еді. Әскери кафедрада оқығанының арқасында 1988 жылы дипломмен бірге, аға лейтенант шенін алып шыққан жас маман алғашқы екі жыл облыс орталығындағы автобаза жабылғанша, әртүрлі қызмет атқарыпты. Кейін Тараз қонақ үйінде мамандығы бойынша бас инженер болып жұмысқа орналасқанымен, онда да көп ұзамай, қысқартуға ілігеді. Амалсыз ауылға қайтқанымен, бірер жылда совхоз да тарайды.

– 1994 жылы қалаға қайта келдім. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі. Бірақ сол бір жұмыссыздық жайлаған қиын-қыстау шақта ұлттық спорт – көкпар десе, ішкен асы бойына сіңбейтін, ұлтжанды азаматтар көп болатын. Жаппай көкпарға шауып жүргенбіз. Содан бірнеше жігіт ортадан ақша жинап, көкпар жарысына барамыз. Командалық көкпарға қатыса бастадық. «Алаугаз» мекемесін басқарған Қайрат Шотбақов деген кісі көкпарға демеушілік жасап жүрді. Алты шабандозды сол мекемеге жұмысқа орналастырды. Кейін көкпар атын ұстайтын бір туысымыздың май құю бекетіне оператор болып ауыстым. Сол жылдары Әулиеата көкпар клубын құрдық. Барған жерден жүлдесіз қайтқан жоқпыз. Бүгінге дейін Азияда талай жүлде салған атақты Әулиеата көкпар клубының іргесін осылай қаладық. Былтыр ол команда Қазақстанның 14 дүркін чемпионы атанды. Әулиеата көкпар клубын іргесін бірге қалағанбыз.  

1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына орай көкпардан үлкен жарыс өтті. Сол додада Әулиеата командасы жеңіске жетті. Марапаттау салтанатында көкпардан ең бірінші болып бізге, жамбылдық 7 жігітке «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын берді. Осы құрамада жүріп, 4 мәрте Қазақстан чемпионы атандым. 9 жылдай көкпардан жаттықтырушы болып жұмыс істедім. «Әулиеата» көкпар клубының президенті, белгілі шабондоз Нұрдәулет Момынов менің шәкіртім, - дейді Әбілсейіт Тұрсынбайұлы.

Жұмыссыздық белең алған жылдарда көкпар шауып, отбасын асырған шабондоз әуелі бір бөлмелі, кейіннен үш бөлмелі пәтер алады. Әйтсе де, тұрақты табысы бар жұмыс керек. Ойлана келіп, теміржол саласына келуге бел буады. 2001 жылдың қазан айының аяғында Құмшағалға станция кезекшісі болып жұмысқа орналасады. Төрт айдан кейін Тараз станциясына ауысады.  

Онда 3 жарым жылдай вагон реттеуші, пойыз құрастырушы, парк кезекшісі болып жұмыс істейді. 2005 жылы станция бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, Сарышағанға ауысады. Отбасы  Таразда қалып, өзі сонда бір жыл еңбек етеді. 2006 жылы Үшбұлақ станциясын басқаруға жібереді. Одан кейінгі тоғыз жылда білікті маман Аса станция бастығының орынбасары, станция бастығы қызметтерін атқарады.

– Жамбыл бөлімшесінде техникалық бөлім бастығының орынбасары болдым. 2015 жылы Талас станциясының бастығының орынбасарлы етіп жіберді. 2019 жылдан бері Ақшолақ станциясының бастығы қызметін атқарып келемін. Бұл 4 класты станция. Мұнда жүк тиелмейді, негізінен келген жүктер түсіріліп, сұрыпталады. Бір негізгі, екі кірме жолы бар. Өзімді қосқанда алты адам еңбек етеді. Үлкен ұлым менің жолыма түсті, станция бастығының орынбасары. Екі балам басқа саланы таңдады, - деп өмір жолынан сыр шертті кейіпкеріміз.

Әбілсейіт Башировтың әкесі Тұрсынбай кезінде қазақ-қырғызға аты мәлім атақты шабандоз болған екен. Жерден іліп алған көкпарды қарсыласына оңайлықпен беріп қоймайтын, тақымы тастай, қайратты ойыншының салған салымдарын Жуалыда аңыз қып айтып жүретіндер әлі бар. Тіпті қырғыз ағайындар «пұты дуалы» деп ат қойыпты. Тұрсынбай шабандоз додаға кірген сайын жеңіліс таба берген соң, талай мәрте «көкпарды байлап алған» десіп, дау көтеріп, жапқан жаланы дәлелдей алмай, дал болған деседі. Қария 89 жасқа келсе де, әлі күнге көкпарды тамашалауға барып тұрады екен.  

– Ер жігіт көкпарға жайдан-жай келмейді. Нағыз ердің жүректілігі сыналатын көкпар қанмен келетін өнер. Қанында шабандоздың қасиеті бар адам көкпар шабады. Қазір командалық көкпарға шаппаймын, жаппай көкпарға әлі қатысып тұрамын. Анда-санда көкпарға барып тұру үшін ауылда бір жылқы ұстаймыз. «Жылқымды көріп жіберші, көкпар шауып берші», дейтіндер көп. Жұбайым «алпысқа келдің, қойсаңшы», деп жүр. Бірақ көкпарды қоя алмайсың. Ат дүбірі естілсе, елеңдеп тұрамын, - дейді шабандоз.

 

Қауіпсіздік
29.04.2026
Еңбекті қорғауда ешқандай қысымға жол жоқ
Жолаушылар тасымалы
29.04.2026
Жыл басынан бері ҚТЖ пойыздарымен 3 млн-нан астам жолаушы тасымалданды
Әлемде
29.04.2026
АҚШ өткелдердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1,1 миллиард доллардан астам қаржы бөлмек
Жаңалықтар
29.04.2026
Теміржол өткелдерінде орын алған жол-көлік оқиғалары саны азайды
Жаңалықтар
29.04.2026
Теміржолды кесіп өткен 18 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Аймақтар
28.04.2026
Көлік полицейлері вокзалда жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетті
Әлемде
28.04.2026
Индонезияда екі пойыз соқтығысып, 14 адам қаза тапты
Инфрақұрылым
28.04.2026
Басты көрсеткіш – сапа
Инфрақұрылым
28.04.2026
ТХКБ: Ортақ мүдделердің тоғысуы
Жаңалықтар
28.04.2026
Вице-министр Ж. Тайжанов Орынборда теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады
Қауіпсіздік
28.04.2026
Теміржолшыларға қолайлы жағдай жасалуда
Жүк тасымалы
28.04.2026
Транзитті дамытудың маңызды факторлары
Қауіпсіздік
28.04.2026
Жамбылдық теміржолшылардың қауіпсіздік ұстанымы
ҚТЖ келбеті
28.04.2026
Танымал тұлғаның тағлымды жолы
Аймақтар
28.04.2026
Еңбекті қорғау күні: Маңғыстауда теміржолшы Нұрболат Жасановты еске алу турнирі өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
28.04.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №32-33 28 сәуір 2026 жыл
Аймақтар
27.04.2026
«Қазақстанда жасалған» вагондарға сұраныс бар
Аймақтар
27.04.2026
Машинистер білімін арттыруда
Әлемде
27.04.2026
Ресейде теміржол өткелдеріндегі жол-көлік оқиғаларының саны 51%-ға өсті
Жаңалықтар
27.04.2026
Қонаев станциясында адам саудасына қарсы акция өтті
MyQaz.kz