Жолшылар дистанциясының бесінші ұрпағы

ҚТЖ келбеті
29.09.2019, 10:52
Жансая Сыдықбай

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі

Ақтолқын Жоланова – теміржолшылар әулетінің бесінші өкілі. Династия болғанда да кілең жолшылардан құралған. Кейіпкеріміздің айтуынша, ата-бабасы, әкесі, ағайынтуыстары теміржол саласының ішінде тек жолшы мамандығын таңдаған.

Арыс қаласында осындай теміржолшылар әулетінде дүниеге келген Ақтолқын Асырауқызы Қазақ көлік коммуникациялар академиясының жол және жол шаруашылығы мамандығы бойынша оқып жоғары білім алған соң жолдамамен Көкшетау жол дистанциясына жұмысқа барады. Ол жақта үш жарым жылдай жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинаған соң Астана жол дистанциясына ауысады. Төрт жыл бұрын туған жеріне жақындап, Шымкент жол дистанциясына ауысты, бүгінде техникалық бөлімнің жетекші инженері болып қызмет атқарады. Еңбек өтіліне биыл шілде айында он жыл толады.

Инженердің жұмысы, әрине, оңай шаруа емес. Оның үстіне, бұл жауапты жұмысты әйел баласы атқарып отыр. Ақтолқын ер азаматтардан кем түспей, Шымкент жол дистанциясында құжаттарды талдап, саралап, жол және жол шаруашылығына бір кісідей үлесін қосып отырғанын, осылай өз әулетінің даңқты жолын жалғастырып отырғанын мақтан тұтады.

«Біздің әулет үлкен бабамыз Отаубай Жоланнан басталады. Ол кісі Түрксіб теміржолының құрылысы енді басталған кезде атарбамен тас тасып, құм тасып, жол салып қызмет еткен екен. Ол кісінің еңбек өтілі – 25 жыл. Одан кейінгі атам Ізбан Жолановтың еңбек өтілі – 30 жыл, ол да жолшы. Ізбанның баласы өз атам Полаттың еңбек өтілі – 44 жыл. Ол кісі де жолшы, жол бригадирі болып қызмет атқарған. Ал әкем Асырау Полатұлы қазіргі таңда Арыс жол дистанциясында жол шебері, еңбек өтілі 43 жылды құрайды. Құлахмет Темірбеков деген ардагер аймақтағы теміржолшылар энциклопедиясын құрастырған. Сол шежіре кітапқа ата-бабаларымыздың аты-жөні түгел енгізілген», – дейді мақтанышпен Ақтолқын Асырауқызы.

Оның айтуынша, әкесі Асыраудың екі інісі де осы жол шаруашылығында жұмыс істейді. Қайрат Жоланов Шымкент жол дистанциясында жол шебері қызметін 35 жылдан бері атқарып келе жатса, Бауыржан Жолановтың еңбек өтілі 30 жылды құрайды.

Асырау Полатұлының 5 қыз, 1 ұлы бар. Әке жолын перзенттерінің ішінен тек осы төртінші қызы Ақтолқын ғана жалғастырыпты.

«Әкемнің жолын қуған мен ғана. Інім дәрігерлікті таңдады. Жалпы, теміржолшы мамандығын таңдауыма ең бірінші ықпал жасаған әкем. Теміржолшылар отбасында дүниеге келдік, ата-бабамыз теміржолшылар болған соң солардың жолын жалғау перзентінің біріне парыз деп ойлаймын. Жалпы, Арыс теміржолшылар ордасы деуге болады, екінің бірі осы кәсіпті меңгерген. Бала күнімде әкемнің жұмыс орнында мерекелік кеш-тер жиі ұйымдастырылатын. Әкем сол жаңажылдық ертеңгілік, наурыз тойларына бізді қаздай тізіп, жетектеп апаратын.

«Теміржол - тұрақты сала, жалақыны уақытылы береді, медициналық көмек те жақсы болды кезінде, үй де беретін, өзінің мектеп, балабақшасы, ауруханасы болды, соның арқасында, құдайға шүкір, отбасы, балашағаны асырап жеткіздік» деп әкем жиі айтып отырады. Ол рас, анамыз өмір бойы жұмыс істемеген, үй шаруасын реттеп, бала-шағаның жағдайын жасады, әкеміздің бір жалақысымен бәріміз оқыдық, жоғары білім алдық», – дейді Ақтолқын.

Алайда, оны теміржолшылардың ішінде ең төменгі жалақыны жолшылар алатыны қынжылтады екен. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде теміржолшыларға бұрынғыдай көңіл бөлінбейді. Әсіресе жолшылардың, жол монтерларының ауыр жұмысына орай неге жалақысын көтермеске? Ақтолқынның атқаратын қызметі – ақауларды қайталанбас үшін талдау жасап, келесіде қандай жұмыс жасалу керек екенін жол шеберлеріне жеткізіп отыру. Жас маман Шымкент бөлімшесіндегі жолдың жай-күйіне «4» деген баға беруге болатынын айтады. Жол дистанциясы бойынша мұнда қазіргі басты проблема – бөгде адамдар мен төрт түлік малдың жолға шығып кетуі. Соның салдарынан шұғыл тежеу қолдану көбейген.

«Әкімшіліктерге қаншама түсініктеме хат жазғанымызбен, полиция қызметкерлерімен бірге жұмыстар жүргізілгенімен нәтиже жоқ. Шымкент жол дистанциясы бойынша шұғыл тежеу қолдану былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл айтарлықтай көбейген. Кейбір азаматтар малын пойыз басып кеткен жағдайда айыппұл төлемес үшін малының құлағын кесіп алып кететін де жағдайлар кездеседі», – дейді Ақтолқын Жоланова.

Ақтолқынның әулетінде жақсы бір үрдіс бар екен. Олар жыл сайын теміржолшылар мерекесі күні ең бірінші болып, әкелерін кәсіби мерекесімен құттықтайды. Жан-жаққа тарыдай шашылған әулеттің бір шаңырақта бас қосуы қиын. Бірақ телефон шалып, құттықтау жолдау қағидаға айналған. 

Аймақтар
11.09.2026
Семейде күзгі тасымал күрт өсті
ҚТЖ келбеті
11.09.2026
Таспа талдау – қауіпсіздік кепілі
Қауіпсіздік
11.09.2026
Оқушыларға теміржолдағы қауіпсіздік ережелері ескертілді
Аймақтар
11.09.2026
Жаңаөзен вокзалында ардагерлер бұрышы ашылды
Аймақтар
11.09.2026
Арыс станциясында Алаш көсемінің мұрасы дәріптелді
Жаңалықтар
11.09.2026
Үздік вагон депосы
Жаңалықтар
11.09.2026
Қозғалыстағы пойызға жармасқан азаматтар машинисті шұғыл тежеуге мәжбүр етті
Жаңалықтар / Мұрағат
11.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №72 11 қыркүйек 2026 жыл
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ темір жол инфрақұрылымын қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындауда
Қауіпсіздік
10.09.2026
Мұнай қоймасынан өрт шықты
10.09.2026
ҚТЖ электр энергиясын беру тарифін өзгертеді
Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды
Жаңалықтар
09.09.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22%-ға өсті
Жүк тасымалы
09.09.2026
АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
Инфрақұрылым / Инфографика
09.09.2026
ҚТЖ 5,5 мың шақырым темір жолды жаңартты