ҚТЖ музейі құнды экспонаттармен толығып жатыр

Фоторепортаждар
06.02.2023, 12:18
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Астанадағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның музейі соңғы жылдары құнды дүниелермен толыға түсті. Музей қазақ темір жолының алғашқы жобасын жасаған инженер әрі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты тың дүниелермен және миллионыншы транзиттік контейнердің құрметіне жасалған алтын жалатылған шағын контейнер құймасымен толыққан, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Аталған музейде бір ғасырдан асқан құнды жәдігерлер көп. Олардың басым көпшілігі теміржолшылар пайдаланған құрал-жабдықтар. ҚТЖ музейінің менеджері Ақмарал Молдашева үшін мұндағы әр экспонат құнды әрі ол бұйымдардың шығу тегі мен қай өлкеден жеткізілгені туралы сағаттап айтуға дайын.

Оның айтуынша, мұражай қоры жыл сайын құнды бұйымдармен толыға түсуде. Негізінен темір жолда жұмыс істеген азаматтардың ұрпақтары ата-бабасы пайдаланған дүниелерді музейге тапсыруды жөн көреді екен. Маман сөз арасында жақын күндері теміржолшылар  әулеті аталары қолданған шамды музейге әкеліп тапсырғалы отырғанын айтты.  

«Айтуларынша аталары 1950 жылдары пайдаланған шам екен, соны біздің музейде тұрса деп шешіпті. Музейімізге келген адамдарға теміржолда қолданылған заттар болса бізге өткізіңіздер деп үнемі айтып отырамын. Көбі ойланып қалады, үйлеріне барған соң «осындай зат бар» еді деп хабарласып жатады. Қазір музейімізде 900-дей экспонат бар, олардың барлығы заттай емес, табличка, граммота, басқа да құжаттарды санағанда», – дейді А. Молдашева.  

Музейдегі кейбір бұйымдар осыдан бір ғасыр бұрын шыққан екен. Мәселен, Ресей теміржолдары облигациясы 1880 жылы шықса, Паравоз табличкасы 1915 жылғы екен, машинист көмекшісінің сөмкесіне  (шарманка) 100 жылдан асыпты, сондай-ақ музейден ең алғашқы теміржолшылардың былғары белдігін тамашалауға болады, ол 1903 жылдары шыққан. Оған қоса бір ғасыр бұрын жарық көрген газеттер мен карталар да сақтаулы.  

«Музейімізде Түркісібті салып жатқанда газетке жарияланған мақалалардың жиынтығы бар. Газеттегі темір жолға қатысты шыққан әр мақаланы қиып алып түптеп отырған ғой. Онда темір жолды салу барысындағы қиыншылық, жалпы теміржолшылардың жай-күйі жайлы мақалалар бар. Ондай құнды экспонаттар республикалық музейлердің өзінде де некен саяқ», – дейді музей жетекшісі.  

Мұхамеджан Тынышбаев бұрышы

Музейдің жұмыс істеп келе жатқанына көп болғанымен, қазақтан шыққан темір жол қатынастарының инженері, алашорда қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты деректер мен бұйымдар мұражайда бертінде ғана пайда болыпты. Ақмарал Молдашева музейге жұмысқа келісімен темір жол саласын дамытуға үлес қосқан, әсіресе қазақтан шыққан тұлғалар жайлы деректермен толықтыруға басымдық берген. Қазір музейдің бір бұрышында қоғам қайраткеріне арнап стенд қойылған және үлкен портреті тұр. 2021 жылы М. Тынышбаевтың портретін оның жиен немересі музейге өз қолымен әкеліп тапсырыпты. Өйткені бұған дейін ол кісі музейде болғанда Тынышбаевқа қатысты бірде-бір мәлімет таба алмапты.

«Мұхамеджан Тынышбаев қазақ темір жолының атасы десек болады. Ол кісі Түркісіб темір жолының жобасын сызған адамдардың бірі. Еліміздің темір жол саласының дамуына зор үлес қосқан адамның музеймізде бір суретінің болмауы ұят болды. Қазір музейміздің бір қабырғасына әдемілеп М. Тынышбаевқа арналған стенд қойдық. Шағын галлереяда қоғам қайраткері жайлы мағлұматтармен тасыуға болады. Одан бөлек ол кісінің отбасына қатысты фотосуреттер қойылды. Сонымен қатар Түркісіб темір жолының сызбасы бар, авторы көрсетілмегенімен көпшілік оны М. Тынышбаевтың алғаш сызған картасы екенін айтуда», – дейді музей маманы.  

Галлереядан Тынышбаевтың кенже ұлы Дәулеттің фотосын көруге болады. Ол кісі қазір тірі, АҚШ-та тұрады екен. М. Тынышбаев өте білімді азаматтардың бірі болған. Математика бағытындағы интернатты үздік бағамен бітіріпті. Кейін инженерлік мамандығы бойынша университетке қабылдауға өтініш жазады. Университетке қабылданғаны туралы да құжат сақталған, олардың көшірмесін музейден көруге болады.

«Ол кезде қазақ балаларының инженерлікке баруының өзі таңқаларлық жағдай болған. Тіптен, Дінмұхамед Қонаевтың өзі бұл кісіні пір тұтқан. Өз кітабында ол «Алғаш үлгі тұтқан адамым Тынышбаев» деп жазады. Соған қарап оның жай адам емес, білімді, көшбасшылардың өздері пір тұтқанын көреміз. М. Тынышбаев жазған көптеген еңбектері репрессияға ұшырағанда өртеніп кеткен. Ол кісі сондай-ақ мықты географ болған, Түркісібті салу жөніндегі жоспарды көргенде «бүйтіп қазақ даласында рельсті қалай салғалы жатырсыңдар» деп күліп жіберіпті. Даланы жақсы білгендіктен теміржолды қалай тарту керектігін өзі сызып көрсеткен екен. Солайша жұмсалғалы отырған қаражаттың көп бөлігін үнемдеп қалған. Өкінішке қарай еңбегінің нәтижесін өзі көре алмады. Түркісіб теміржолы Ақтоғай станциясында қосылып жатқанда ол кісі репрессияға ұшырап жатты. Кейін ол кісінің ешқандай кінәсі болмағаны анықталып, екі рет ақталған. Бізге жиені келгенде ол кісінің соңғы суретін көрсетті, ол жерде түрмеде қатты зорлық-зомбылық көргені, адам танымастай өзгергенін байқайсыз. Сондай-ақ кішкентай ұлына арнап суретін жіберген екен «Кішкентай Дәулетіме» деп өз қолымен жазған. Ол суреттің көшірмесі де біздің музейде сақтаулы», – дейді Ақмарал Молдашева.  

Мәдениет

Сондай-ақ музей 2021 жылы миллионыншы транзиттік контейнердің құрметіне жасалған алтын жалатылған шағын контейнер құймасымен толығыпты. Негізінен ол мемлекет басшысына табысталу керек болған, бірақ ҚТЖ-ның өз музейі бар екені ескеріліп, осында табысталған.

Музей жетекшісі халықты муражайға тарту, өткен ғасырдан сыр шертетін жәдігерлермен таныстырып, халықтың мәдениетін көтеру тұрғысында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Тіптен, «Музей түні» шарасын да өткізіпті.

«Карантиннен кейін ашылғанда музейге адамдар көп келетін. Ұзақ уақыт жабық тұрғаннан ба, әлде жаңа жұмысшылар келгендіктен бе адамдар үнемі музейге келіп тұратын. Былтыр Балалар жылында көп жобаларды іске асырып, оларды музейге көптеп әкелдік. Балаларға ұнады, құрмет кітабына өз әсерлерімен бөлісіп, тілектерін жазып жатты. Одан бөлек кәсіподақ атынан балаларға, студенттерге үнемі сыйлықтар табыстап, құр қол қайтармадық. Қалам, күнтізбе, картхолдер сияқты заттарды беріп отырдық, бұл тұрғыда Кәсіподақ жарады. Бастысы балалардың көңілі көтеріліп қалды әрі ол естерінде көпке дейін сақталады», – дейді маман.  

Музей жетекшісі сөз арасынада көшпелі көрме ұйымдастырудың қиынға соғатынын, дегенмен үлкен жиындарда ҚТЖ-ы бұрышын жасаса тиімді болатынын жеткізді.

«Көрме ұйымдастыру қиындау, заттар жоғалып қалады деп рұқсат бермейді. Өткен жылы Кәсіподақтың 30 жылдығына арналған жиында бір бұрышқа шағын көрме ұйымдастырдық. Басшылықтың бұл идеясы көпшілікке ұнады. Кеңейтілген отырысқа Ресей және өзге елдің теміржолшылары келді. Сонда біз ұйымдастырған музей бұрышын барлығы келіп тамашалады. Ол жерге Түркісібке қатысты заттар, шамдар және тағы басқа құнды бұйымдар қойдық.  Үзіліс кезінде адамдардың барлығы келіп көрді. Мұндай жобаларды алдағы уақытта да жалғастыра түсу керек деп ойлаймын. Мәселен, ҚТЖ қатысатын жиналыстар, саммиттер көп, сондай кезде бір бұрышқа теміржол саласынан сыр шертетін дүниелерді қойсақ жақсы болар еді. Теміржол саласы қалай дамыды, осы күнге дейін қандай жолды жүріп өткенімізді көрсете білсек өз теміржолшыларымыз да бір марқайып, өз қызметіне деген құрметі арта түсер еді. Бұл заттарды көрген адамдардың музейде не бар екен деген қызығушылығы да ояна түседі», – дейді А. Молдашева.  

Жаңалықтар
31.01.2026
ҚТЖ дамудың адам игілігіне бағытталған үлгісіне көшуді қолдайды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ және РЖД: 2026 жылға арналған даму басымдықтары анықталды
Жаңалықтар
30.01.2026
ҚТЖ пойыздары жолаушыларына арналған ТОП-6 ыңғайлы сервис
Инфрақұрылым
30.01.2026
Жаңа порт құрылысы басталмақ
Станция тынысы
30.01.2026
Бірлігі жарасқан ұжымның биік белесі
Қауіпсіздік
30.01.2026
«Бір қателік өмірімді өзгертті»
Жаңалықтар
30.01.2026
Туризмді дамыту сөз болды
Аймақтар
30.01.2026
Оқу орындарымен меморандумға қол қойылды
Жаңалықтар / Мұрағат
30.01.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №7 30 қаңтар 2026 жыл
Жаңалықтар
29.01.2026
Қазақстан Ауғанстан арқылы Араб теңізіне шығу жолдарын қарастырып жатыр
Жаңалықтар
29.01.2026
«Нұрлы жол» вокзалында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті
Аймақтар
29.01.2026
Білімді маман – білікті маман
Жолаушылар тасымалы
29.01.2026
ҚТЖ бірқатар бағыттағы «Тальго» пойыздарына жеңілдіктер енгізді
Әлеумет
28.01.2026
Билетке жеңілдік: жоғары орындар сұраныста
Темір жол тарихы
28.01.2026
Метоллоломнан табылған жез қоңырау
Әлемде
28.01.2026
Сағатына 600 шақырым: Теміржол тарихын қайта жазған жапондық жоба
Жаңалықтар
28.01.2026
ҚТЖ-ның LED-экранында батыр-теміржолшылар туралы бейнеролик ұсынылды
Жаңалықтар
27.01.2026
Сенат депутаттары жолаушы вагондарының өндірісімен танысты
Жолаушылар тасымалы
27.01.2026
Халықаралық «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырады
Жаңалықтар
27.01.2026
Машинистер машығы жетілдірілуде