Атырау – бірінші класты учаскелік станция. Мұнайлы өңірдің маңызын арттырған темір жол аймақты ілгері сүйреп, ондағы барлық кәсіпорындармен қоян-қолтық еңбек етуде.

  Тәуелсіздік жылдарында өңірде жедел қарқынмен дамыған мұнай өнеркәсібі станцияның да дамуын қажет етіп, осыған байланысты 6 жолдан тұратын сұрыптау паркі салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ұзындығы 1250 метр болатын қабылдап-жөнелту 9 жолы, 6 сұрыптау жолы, аз қуаттағы дөңес іске қосылды. Үш тартымдық жол бар. Соңғыларына 85-90 вагон сыйса, алдыңғы жол қысқа, тек 54 вагон ғана сыяды. Ал ол вагондарды тарату кезінде екіге бөлініп, қиындық туғызады. Оны ұзарту мәселесі көптен айтылып келе жатқанымен, шешілген жоқ.

– Станция бойынша жұмыс өнімділігі былтырғы жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда өскені байқалады. Орташа тәуліктік жүк тиеу көлемі жоспарда 0,9 вагон болса, нақты 2,5 вагон тиеліп, 108,6 пайызды құрады. Тоннамен есептегенде тәулігіне 115,2 тонна тиеліп, жоспар 108,1 пайызға орындалған. Ал, жүк түсіру тәулігіне 53,1 вагон болып, 91,1 пайызды құрап, жоспарланған жүктер келмегендіктен межеге жетпей қалды. Станция тек өндірістік немесе мемлекеттік маңыздағы тасымалмен ғана айналыспайды, жеке кәсіпкерлік субьектілерімен де жақсы қарым-қатынас орнатып, соңғы кезде жергілікті кәсіп иелерін қолдауды басты назарға алып отырмыз, ол өз кезегінде жергілікті тұтынушылар үшін де тиімді болып отыр. Мәселен, станцияға әр тараптан келетін жүктердің тұрақты тұтынушылары болып саналатын «Кеденстранссервис» ААҚ, «Бертас» ЖШС, «Батыс транс», «СВХ Мерей» ЖШС, «Қазстройсервис» АҚ, «Атыраумұнайгазгеология-бурение», «Гурьевснаб» АҚ, ЦБКО «Ембімұнайгаз», «АТК», «Атырау көлік» ЖШС секілді ірілі-ұсақты компания-фирмалармен тиімді қарым-қатынас жемісін беруде, – дейді станция бастығы Алтай Көбегенов.

Бұл күндері Атырау станциясында вагондардың жөнелтілуі 5 бағытта жұмыс жасайды. Ақсарай түйіспесіне – үш бөліктен тұратын вагондар (жоғары Басқұншақ, Астрахань, Грузия, Әзербайжан республикаларына), Мақат бағытында (Орта Азия, Маңғыстау түбегіне, Қандығашқа), Ақжайық және Теңдік станцияларына республикаға маңызы бар Атырау мұнай өңдеу зауытына бос және жүк тиелген вагондар сұрыпталып жеткізіледі. Махамбет станциясына «Ақтөбемұнайгаз», «Қазмұнайгазсауда», «Батыс Риал Сервис» компанияларының атына Оңтүстік, Батыс аймақтарынан шикі мұнай өнімдерімен келген вагондарды сұрыптап, уақытында дайындап жеткізіледі.