Өткен жылы өндірістік жұмыс жоспарларын жоғары нәтижемен аяқтаған шиелілік теміржолшылардың биылғы қарқыны да жаман емес. Станциядан оңтүстік пен батыс арасында жөңкіген транзиттік пойыздар легі күндіз-түні бір тынған емес.

Өткен жылдың өндірістік жұмыс көрсеткіштері 102-245 пайыз аралығында орындалып, маневрлік, пойыздық жұмыстар барысында тосын жағдайларға жол берілмеген. Станция бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров межелі жұмыстарды орындау барысында кедергі жоқ екенін білдірді. Қазіргі кезде жергілікті жүк жөнелтушілерді тарту мақсатында аймақтағы сауда мекемелері мен жеке кәсіпкерлермен келіссөздер жүріп жатыр екен.

– Жалпы алғанда вагондарға жүк тиеу, түсіру, статистикалық жүктеме, жүк айналымы құжат- тарын рәсімдеу, құжат рәсімдеу кезіндегі вагондардың бос тұруы, парк жұмысы, вагон айналымы, т.т. жұмыстар дер кезінде сапалы орындалу жағынан кемшілік жоқ. Қазіргі карантиндік шектеулер де жұмысымызды талаптар деңгейінде ықшамдауға бейімдеді. Барлық жұмыстар сақтық шараларын қатаң сақтаумен жүргізіледі. Станциялық жұмыстардың оңтайлы ұйымдастырылуы өндірістік көрсеткішіміздің жоғары болуына септігін тигізуде, – дейді станция бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров.

Шиелілік теміржолшылардың өткен жылғы табысына станцияның бүкіл ұжымы ортақ. Десек те, 20-30 жылдық тәжірибесі бар пойыз құрастырушыларының еңбегі ерен. Олар өткен жылы 510 пойыздан 20334 вагонды ағытып, 650 пойызға 23866 жүк вагонын тіркеген. Ең бастысы, жұмыста ешбір апат, бақытсыз оқиға, жарақат алу жағдайы тіркелмеген. Кәсібилік деген осы емес па?! Бұдан бөлек, станция кезекшілері, осынша пойыз бен вагонның құжаттарын рәсімдейтін кеңсе, касса жұмысшылары, жүк қабылдап-тапсырушылар жұмысы да аса жауапты. Дегенмен, айналып келгенде бәрі ортақ мақсат жолында тер төгетін станциялықтар ұстанымы – «бірлік түбі – тірлік», өйткені табыспен қатар абырой да ортақ.