Арыс теміржол торабының бүгінгі келбеті

Станция тынысы
28.08.2026, 09:39
Суреттерді түсірген автор
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Теміржолшылар қаласы атанған Арыс бізді аптап ыстығымен қарсы алды. 40 градус ыстыққа қарамастан теміржолшылар қаласы қалыпты қозғалыста. Қалаға кіреберістегі алып паровоз да қаланың статусын айқындап тұрғандай. Арнайы тоқтап, паровозды айналып өтіп, тұғырда тұрған шойын отарбаның «өмір жолынан» сыр шерткен жазуға үңілдік.

«Арыстық теміржолшылардың ерен еңбегінің құрметіне! Ашық аспан астындағы ескерткіш құрылысы Арыс қаласы әкімдігінің бастамасымен және Қазақстан темір жолы басшыларының қолдауымен жүзеге асырылды. 1946 жылы шыққан бұл паровоз қазақ даласында 1961 жылға дейін пайдаланылған. Ескерткіш ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Арыс қаласының 65 жылдығына арналады. 10 қараша, 2021 жыл» деп жазылған.  

Темір тұлпар Арысқа шығыстағы Шемонаиха станциясынан жеткізіліпті. Бұл бағалы экспонатты жеткізуге көп күш жұмсалған көрінеді. Аспан асты музейін ашуға қатысты қала әкімінің ұсынысын қала тұрғындары да, теміржолшылар да қуана қолдаған. Әрине, Арыстың кіреберісінде және Теміржолшылар саябағында орналасқан қос паровозды жеткізу үшін қаншама жұмыс атқарылған. Улан-Уде қаласында 1946 жылдары шыққан Л №0091 және Л №4668 нөмірлі қос паровоз Арысқа бірнеше бөлшекке бөлініп, 11 вагонға тиеліп, бір апта ішінде жеткізіліпті. Ал оларды түсіріп, жүк көлігімен діттеген орынға жеткізу бірнеше тәулік бойы күндіз-түні жүргізілген. Тіпті ауыр салмақтағы зіл темірлерді көтеретін кран Шымкенттен арнайы шақыртылған. Ал оны қайта құрастырып, кем-кетігін бүтіндеп, бояп-сырлау жұмыстарын теміржолшылар қаланың туған күніне үлгеру үшін күндіз-түні атқарған. Міне, бүгінде арыстық теміржолшылар мен тұрғындардың мақтанышына айналған қос паровоз Арыс – теміржолшылар қаласы деген статусты айқындап, тұғырда қасқайып тұр.  

АРЫС-2 ВОКЗАЛЫНЫҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ  

Арыс – ірі теміржол торабы. «Орта Азия қақпасы» аталатын ғасырдан көп тарихы бар станция Түрксіб, Орынбор және Транскаспий теміржолдары арасындағы маңызды байланыс нүктесін құрайды. Мұнда екі станция бар – Aрыс-1 және Арыс-2. Біріншісі – 30 жолдан тұратын кластан тыс станция, онда батыс, шығыс және оңтүстік бағыттары бойынша көбінесе жүк пойыздары құрастырылады. Екіншісі негізінен транзиттік хаб ретінде қызмет етеді.  

Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты тапсырмасына орай елімізде жаңғыртылып жатқан 124 вокзалдың қатарында Арыс-2 вокзалы да шілде айының соңғы күнінде ашылып, пайдалануға беріліпті. Су жаңа, тап-таза, сыңғырлаған кең ғимаратты аралап көрдік. Стратегиялық нысанда ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар, салқындату жүйесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайлар және өзге де қажетті жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар перрон аумағында ескі асфальт жабыны жаңартылып, жаңа күту орындары мен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Арыс-2 теміржол вокзалының бастығы Мақсат Көккөзов жаңарған вокзал – жолаушыға жасалған жаңа мүмкіндік екенін айтады. Сонымен қатар вокзал қызметіндегі ұжымға да жаңаша серпін сыйлап, жұмысқа ынтасын арттырғанын жасырмады.  

– Жаңартылған вокзал ғимаратының аумағы 500 шаршы метрден асады. Тәулігіне 120- 130-дан астам жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген вокзал барлық заманауи талаптар үдесінен шығады. Жолаушыларға, қызметкерлерге және келушілерге қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлме, асхана, медициналық пункт, анықтама қызметі, вокзал бойынша кезекші бөлмесі, санитарлық тораптар мен душ бөлмелері – бәрі бар. Жолаушылар пойыздарының орташа ағымы тәулігіне 18 пойызды құрайды. Оның ішінде 2 пойыз халықаралық бағытта қатынайды. Вокзал кешенін қайта жаңғырту аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталып отыр, – дейді вокзал бастығы.  

Анықтама беру орнында дауысзорайтқыш арқылы хабарлама жасап отырған Раушан Ахметова мен вокзал кезекшісі Раушан Арыстанбаева 15 жылдан бері осында еңбек ететін тәжірибелі мамандар екен.  

– Жаңадан ашылған жап-жаңа вокзалда бәрі керемет, жұмысқа қуана келіп, тіпті асығып тұратын болдық. Арыста екінің бірі теміржолшы. Мен де теміржолшы отбасынан шықтым, әкем көп жыл вагон жөндеуші болып жұмыс істеді, інім машинист. Арыс теміржол колледжінде жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мамандығында оқыдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Регламент бойынша қазақ және орыс тілдерінде хабарлама жасап, жолаушыларға қауіпсіздік ережелерін айтып отырамын. Бұдан бөлек пойыздардың келуі, жөнелтілуі, кестесіне қатысты анықтама беремін. Жолаушылардың сұрақтарына жауап беремін, – дейді Раушан Ахметова.  

Вокзал кезекшісінің міндеті – жолаушыларға пойыздардың келу және жөнелту уақыты мен пойыздың келетін жолы, сервистік аймақтардың орналасқан жері, жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау қағидалары туралы дұрыс анықтамалық ақпарат береді. Келген пойыздарды күтіп алып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Раушан Арыстанбаева да теміржолшы әулетінің өкілі екенін мақтанышпен жеткізді.  

– Біз үшін темір жол – жай ғана жұмыс орны емес, ол отбасы дәстүрінің жалғасы, өмірімізбен біте қайнасқан сала. Ата-анам, қайынжұртым түгел теміржолшылар. Балаларымыз теміржолда жұмыс істеп жүр. Осы саланың бір бөлшегі болғанымызды мақтан етеміз, – дейді ол.  

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР КӨЗІМЕН...  

Вокзалдан перронға шыққан біз бірінші жолда тұрған Эволюшн тепловозына қарай аяңдаған бір топ адамды көрдік. Олар машинистер мен автомектеп курсанттары болып шықты. Республикалық «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Қауіпсіз өткел» акциясы аясында теміржолшылар болашақ көлік жүргізушілеріне теміржолды машинистің көзімен көруге мүмкіндік бергеніне куә болдық. Болашақ жүргізушілер локомотив кабинасына кіріп, теміржол өткеліндегі жағдайды машинистің көзімен көрді. Арыс локомотив депосының нұсқаушылары курсанттарға пойыздың салмағы мен жылдамдығы, тежеу жолының ұзақтығы және пойыз құрамын басқарудың ерекшеліктері туралы айтып берді.  

«Автокөлік жүргізушісі пойызды сырт көзбен көреді. Біз жағдайға машинистің көзімен қарауды ұсындық. Теміржол өткелдерінде пойыздарға басымдық беріледі, ал оның тоқтау жолы жүздеген метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздіктің жалғыз жолы – тыйым салынған белгі кезінде өткелге шықпау және жақындап келе жатқан пойыздың жоқ екеніне әрдайым көз жеткізу», – деп түсіндірді депоның машинист-нұсқаушысы Сабит Ахметов.  

Арыстан аттанарда қаланың да, оның халқының да күретамыр теміржол торабының тірлігімен біте қайнасып, бірге жасасып жатқанын көзімізбен көріп аттандық.  

Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл
Әлеумет
17.09.2026
Достық станциясында теміржолшыларға арналған жатақхана жаңартылды
Жаңалықтар
17.09.2026
Локомотив шаруашылығы қысқы кезеңге дайындалуда
Жаңалықтар
17.09.2026
ЕО Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізіне €12 млрд-қа дейін инвестиция тартпақ
Станция тынысы
17.09.2026
Талас станциясының бүгінгі тынысы
Аймақтар
17.09.2026
Семей станциясында қауіпті өткелдер бақылауға алынды
Әлемде
17.09.2026
Өзбекстанда Қытайдың екінші CRRC пойызы қатынай бастады
Жаңалықтар
17.09.2026
Отар – Шу учаскесіндегі оқу-жаттығуға өрт сөндіру пойызы қатысты